Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев бірқатар журналистерге кәсіби мереке қарсаңында велосипед сыйға тартты.
Қала билігі журналистер күнін елеусіз қалдырған емес. Жыл сайын ерекше форматта басқосу ұйымдастырып, креативті идеяларымен таңқалдырады. Биылғы мереке қарсаңында бір топ БАҚ өкілдерін Триатлон саябағына жинады.

Бұл саябақтың құрылысы бес жылдан бері жалғасуда. Осы уақыт ішінде Тобыл өзенінің жағасы жаңарып, жасыл желекке оранып, сейіл құрар әдемі демалыс аймағына айналды. Басты артықшылығы – бұл жер спорттық бағыттағы саябақ.
Сол себепті шынығуға арналған құрал-жабдықтар орнатылып, велосипед жолы салынды. Балалардың ойын алаңдары да ескерілген.
«Триатлон саябағы жобасының негізгі жұмыстарын биыл аяқтаймыз. Кейін жыл сайын гүл егіп, ағаш отырғызып күтімін жасаймыз. Биыл қала бойынша 1 миллионнан астам біржылдық гүл отырғызылды. Көгалдандыру жұмысымен жергілікті компания «ЦентрСад» ЖШС айналысуда. Көктемде қызғалдақ алқабы көпшілікті тәнті етті», – деген қала әкімі атқарылып жатқан шаруаның бір парасын таныстырды.
Одан кейін өңірдегі газет, телевидение тілшілерін құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Қала басшысы осымен бесінші жыл қатарынан баспасөз қызметкерлерін марапаттап отыр.
«Журналистердің жазған мақалалары, дайындаған репортаждары, әлеуметтік желілердегі жазбалары халық арасына кеңінен тарап, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал етеді. Бұл өте жауапты қызмет. Сіздер жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүрсіздер. Әсіресе, сыни мақалаларыңызға алғыс айтқым келеді. «Сын түзелмей – мін түзелмейді» деген бар. Мәселені байқауға, шешу жолын іздеуге сіздер жазған мақалалар бағыт береді», – деді Марат Жүндібаев.
Бейресми кездесу соңында журналистерге бір-бір велосипед мінгізді.

Марапат алған әріптестер арасында «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Қымбат Досжанова да болды.
Суретті түсірген – Абиль ДОЩАНОВ.
