Адалдық пен парасаттылықты дәріптеді

Адалдық пен парасаттылықты дәріптеді

Қостанай педагогикалық колледжінде Қостанай облысының мемлекеттік қызметшілері, құқық қорғау және сот органдары өкілдері арасында «Ыстық ерік, жарқын ақыл, мейірімді жүрек» тақырыбында дебат турнирі өтті.

Басқосудың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық, әділдік, жауапкершілік және парасаттылық құндылықтарын дәріптеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Дебатқа Қостанай облысының мемлекеттік қызметшілері, құқық қорғау және сот органдарының өкілдері қатысты. Жиынның ашылуында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мэлс Абдрахманов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының директоры Бауыржан Бағлай, Қостанай облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Қайрат Сүйіндіков құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Турнирдің ережесі мен өткізілу тәртібін «Ахмет ұрпақтары» дебат клубының президенті Сабина Атепилева таныстырды.

Дебат бағдарламасына сәйкес, пікірсайыс үш іріктеу кезеңінде ұйымдастырылды. Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, оның алдын алу, қоғамдағы адалдық мәдениеті, мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік пен кәсіби әдепке қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Пікірталаста қатысушылар өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен негіздеп, қарсы тараптың пікірлеріне жауап берді. Дебат олардың сыни ойлау, шешендік өнер, талдау және өз ойын дәлелді жеткізу қабілеттерін танытуға мүмкіндік берді.

Бағдарламаға сәйкес, іріктеу кезеңдерінен кейін ұпайларды есептеу және семинар-сессия өткізілді. Оның қорытындысы бойынша финалға шыққан қатысушылар анықталды.

Тартысты әрі мазмұнды өткен пікірсайыс нәтижесінде жүлделі орындар анықталды.

І орын – Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының субсидиялау бөлімінің бас маманы Диана Искакова және Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Дарын Каипбаев.

ІІ орын – «Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Қостанай облысы бойынша департаменті» РММ қызметкерлері Римма Магажанова және Гүлсімхан Сәрсенбаева.

ІІІ орын – Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының әкімшілік және кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы Азамат Айтмағамбет пен Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің бас маманы Гүлнар Қалдыбаева.

Сонымен қатар, дебат турнирінің «Үздік спикері» номинациясы Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының субсидиялау бөлімінің бас маманы Диана Искаковаға берілді.

Іс-шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, белсенді қатысушыларға алғыс білдірілді.

blank

Дебат турнирі қатысушылардың өзара пікір алмасып, кәсіби және азаматтық ұстанымдарын білдіруіне мүмкіндік берген тағылымды алаңға айналды. Пікірсайыс барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, адал қызмет ету, заң талаптарын сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салды.

«Ыстық ерік, жарқын ақыл, меірімді жүрек» қағидатын арқау еткен бұл іс-шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына және қоғамда адалдық құндылықтарын орнықтыруға бағытталған маңызды бастама болды.

Айжан АСҚАРБЕК