Қостанай облысының Кәсіподақтар орталығы 85 мыңнан астам адамды, салалық кәсіподақтардың 11 аумақтық құрылымын және 850-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді. Алып бірлестік кәсіби мерекесін салтанатты түрде атап өтті. Жиында үздік кәсіподақ ұйымдары мен олардың белсенді мүшелері әртүрлі медальдармен, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
Кәсіпорындар 100% ұжымдық шарттармен қамтылған
Облыстағы кәсіподақ қозғалысы жұмысшылардың құқығы үшін күресетін күшті әрі тәуелсіз ұйымға айналды. Оның қызметі еңбек дауларынан бастап қауіпсіздіктің сақталуына дейінгі мәселелерді қамтиды. Ал оның жетекшілері мен мүшелері – күш-жігерін еңбек адамының құқығынсақталуға жұмсап жүрген қайраткерлер. Осылайша жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға ықпал етуде.
Маңызды қызметтің құрметіне орай жыл сайын 10 қазанда елімізде Кәсіподақтар күнін атап өтеді. Мереке қарсаңында Қостанай қаласында салтанатты іс-шара өтті. Жиында облыстағы кәсіподақтардың жұмыстары қорытындыланып, еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің негізгі басымдықтары айқындалады.
«Кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі – жұмыскерлердің құқықтарын қорғау. Соңғы бес жылда кәсіподақтардың қатысуымен қаралған 63 сот ісінің 47-сі оң шешіммен аяқталды. Сонымен қатар 26 медиациялық келісім бар. Қостанайда облыстық және қалалық соттармен еңбек құқықтарын қорғау және еңбек дауларын шешудің баламалы тетіктерін қолдануды көздейтін өзара іс-қимыл туралы меморандумдар жасалды. Аймақтағы кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар ұжымдық шарттармен 100% қамтылған.Ұжымдық шарт – іс жүзінде әлеуметтік әріптестіктің негізі»,-деп атады«Қостанай облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ирина Аронова.
Қабылданған ұжымдық шарттардың арқасында аймақтағы ветеринариялық станциялардың қызметкерлері үшін жыл сайынғы еңбек демалысына шыққанда төленетін, екі базалық жалақы мөлшеріндегі төлемді алуға қол жетті. Зиянды жағдайларда жұмыс істейтін қызметкерлерге қосымша ақылы демалыс беруді көздейтін норма қабылданды. Басқа салалардағы ұжымдық шарттар да әлеуметтік жеңілдіктердің ауқымды топтамасын қарастырады. Олардың қатарына медициналық тексерулерге ақы төлеу, тамақтануға арналған төлемдер, жас мамандарға көмек көрсету, бала тууына байланысты төлемдер, көпбалалы отбасыларды қолдау, қызметкерлердің балаларына жазғы демалысты ұйымдастыру сияқты жеңілдіктер кіреді.Сондай-ақеңбекті қорғау мәселесіне ерекше мән береді. Қазіргі таңда облыстың кәсіподақ ұйымдарында 308 өндірістік кеңес және 460 техникалық еңбек инспекторы жұмыс істейді. 2025 жылы олар 2381 тексеру мен зерделеу жүргізіп, анықталған бұзушылықтардың 99,6%-ның жойылуына ықпал етті. Бұл – Қостанайдағы кәсіподақ қозғалысының жасаған жұмысының нәтижесі.
Қауіпсіз еңбек – бұлжымас қағида
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков кәсіподақтар ұйымдарының ел дамуына қосып жатқан үлесі жоғары екенін айтты.
«Қостанай облысының Кәсіподақтар орталығында 85 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі,850-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Әр санның артында адам тағдыры, еңбек қатынастары және тұтас қоғам тұр. Сондықтан кәсіподақтар қызметінің маңыздылығы жоғары. Мемлекеттік әлеуметтік әріптестік шеңберінде жұмыс беруші мен кәсіподақтар арасында ашық диалог орнады. Бүгінде Қостанай облысында ынтымақтастық туралы 100-ден аса меморандум жасалған. Мұндай қарым-қатынас еңбек дауларының алдын алуға, түйткілдерді тиімді шешуге, жұмыс орындарын сақтап қалуға, еңбек ұжымдарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді ол.
Аймақтың Кәсіподақтар орталығы еңбек қауіпсіздігін сақтауға баса мән береді. Өйткені қауіпсіздік адам өмірінің басты кепілі. Өкінішке қарай, республика бойынша жылына 1300-ден астам өндірістік жарақат тіркеледі. Оның 200-ге жуығы қайғылы оқиғалармен аяқталуда. Қостанай облысындағы ахуал да күрделі.
«Жыл басынан бері облыс аумағында өндіріске қатысты 77 жазатайым жағдай тіркелді. Оқиғалардың басым бөлігі, 60%-дан астамы кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындарда орын алған»,-деді Ирина Аронова.
Еңбек адамына құрмет
Салтанатты жиында кәсіподақ белсенділері мен ардагерлері, еңбек ұжымдарының өкілдері, әлеуметтік әріптестермарапатталды. Кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі, жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы белсенді қызметі, сондай-ақ қоғамдық және кәсіби қызметтегі жетістіктері үшін бірқатар азаматқа Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медальдары, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар, салалық төсбелгілер табысталды. Сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы, Қостанай облысы әкімінің және «Әділет» партиясының Құрмет грамоталары берілді.





«Кәсіподақ – еңбек адамының жанынан табылатын, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға үлес қосатын маңызды қоғамдық институт. Еңбек – ел дамуының негізгі тірегі. Адал еңбек етіп жүрген әр азамат еліміздің экономикалық қуатын арттыруға өз үлесін қосуда. Сондықтан, еңбек адамына көмек көрсету, оның еңбегін бағалау, құқығын қорғау Әділетті қоғамның басты қағидасы»,-деді «Әділет» партиясы ҚОФ төрағасының орынбасары Алмат Досмұхамедов.
Бұл мереке еңбек адамына деген құрмет белгісінің жарқын үлгісі. Марапат алған әр азамат өз ортасында құрметке ие, абыройлы жандар. Кәсіподақ қызметі – құжаттар мен кеңсе жұмысымен шектелмейді. Еңбек ұжымындағы қызу тірліктің басы-қасынан табылу – негізгі міндеті. Осынау бағытта ширақтықтанытқан Қостанай қаласының №1 емхана ұжымы «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» атанды. Ұйымының күнделікті жұмысын әлеуметтік желіге жазуда белсенділік танытқан Қостанай облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің «Қорғау» кәсіподағы«Кәсіподақ контентінің көшбасшысы» арнайы наградасына ие болды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
