Қостанайда жас ұрпақ арасында адалдық, әділдік және жауапкершілік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған ашық кездесулер жалғасып жатыр.
Сырбай Мәуленов атындағы гимназияда оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әділдік пен жауапкершіліктің маңызы түсіндірілді. «Адалдық – басты қағида» тақырыбындағы ашық кездесуде жасөспірімдер адамгершілік құндылықтардың қоғам өміріндегі орны туралы ой бөлісті.
Еркін пікір алмасу барысында оқушылар адалдық, әділдік, жауапкершілік және парасаттылық ұғымдарына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Сонымен қатар қоғамдағы әділдік, азаматтық ұстаным және күнделікті өмірдегі адал әрекет жайында пікір алмасты.
– Адалдық – адамның күнделікті таңдауы мен әрекетінен көрінетін қасиет. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті бала кезден қалыптастыру маңызды. Өскелең ұрпақтың бойына адалдық пен парасаттылық құндылықтарын сіңіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру – қай қоғамның болмасын басты борышы, – деді кездесуге қатысқан облыстық Мелекеттік қызмет істері департаменті басшысының міндетін атқарушы Мэлс Абдрахманов.
Оның айтуынша, бұл іс-шара Департаменттің бастамасымен білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған.
Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, актер, жүргізуші, жайдарманшы Байболат Сегізбаев жасөспірімдермен ашық әңгімелесіп, адалдықтың адам өміріндегі маңызы жөніндегі ойларын ортаға салды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек мемлекеттік органдардың немесе жекелеген ұйымдардың міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін айтты.
«Оқушылар үшін мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор. Өйткені адалдық үлкен ұғымдардан емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Өзгенің еңбегін бағалау, уәдеде тұру, әділ шешім қабылдау және өз ісіне жауапкершілікпен қарау – парасатты азамат қалыптастырудың негізі», – дейді Байболат Сегізбаев.
Қостанайдағы білім беру ұйымдарында өтіп жатқан осындай кездесулердің негізгі мақсаты да осы екені сөзсіз.
