Жазғы каникул – оқушылар мен студенттер үшін тек демалып қана қоймай, жаңа тәжірибе жинап, еңбекке араласуға мүмкіндік беретін кезең. Биыл Қазақстанда «Менің жазғы каникулым» жобасы аясында 12,6 мыңнан астам оқушы мен студент жұмысқа орналасты.
Жоба екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Оның басты мақсаты – жастарға жазғы демалыс кезінде заңды әрі қауіпсіз еңбек етуге мүмкіндік беру.
Жасөспірімдерге жұмыс іздеуді жеңілдететін негізгі құралдардың бірі – Enbek.kz Электрондық еңбек биржасындағы «Менің жазғы каникулым» арнайы бөлімі. Мұнда олар өздеріне қолайлы бос жұмыс орындарын қарап, түйіндемесін орналастырып, уақытша жұмысты өз бетінше таңдай алады.
Жасөспірімдердің еңбекке араласуына заңмен де мүмкіндік берілген. Әдетте еңбек шарты 16 жастан бастап жасалады. Ал заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда 14 жастан бастап оқушылар да жұмыс істей алады. Бұл ретте жұмыс оқу уақытынан тыс орындалып, баланың денсаулығына зиян келтірмеуі және оқуына кедергі келтірмеуі тиіс. Кәмелетке толмағандар үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет.
Биыл жоба аясында жастар арасында курьер, промоутер, кеңсе көмекшісі, call-орталық операторы, әкімші және сатушы көмекшісі сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары болған. Кейбір жасөспірімдер архивтерде, әкімшілік бағыттағы жеңіл жұмыстарда, сондай-ақ мәдениет пен шығармашылық саласында еңбек еткен.
«Менің жазғы каникулым» – жасөспірімдер үшін алғашқы еңбек тәжірибесін алуға ғана емес, жұмыс берушінің талаптарын түсінуге, жаңа дағдыларды меңгеруге және заманауи жұмыс іздеу құралдарын пайдалануға жол ашатын жоба.
Бір жаз – бір тәжірибе. Ал алғашқы жұмыс тәжірибесі жасөспірімнің болашақ мамандығын таңдауға да ықпал етуі мүмкін.
