Қостанай ауданындағы экопарк жаңа тыныс алады

Қостанай ауданындағы экопарк жаңа тыныс алады

Бүгін ол жақта ауқымды сенбілік өтті. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау және жасыл желекті сақтау – баршаға ортақ міндет.

Елімізде жүзеге асып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Қостанай облысында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, орман шаруашылығы мамандары, еріктілер, жастар, белсенділер және жергілікті тұрғындар экопарк аумағында өткен сенбілікке қатысты.

Табиғат жанашырлары экопарк аумағын тазалап, қураған бұталар мен ағаштардың төменгі бөлігіндегі қалың өскіндерді ретке келтірді.

blank
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов экологиялық бастамалардың өңірде кең көлемде жүзеге асып жатқанын атап өтті.

blank

«Таза Қазақстан» бағдарламасы Қостанай облысында өте белсенді жүзеге асырылуда. Екі жыл ішінде 400-ге жуық қоғамдық кеңістік абаттандырылды. 277 мың ағаш отырғызылды. 600-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс орны тазартылды. 1250 апатты үй мен нысан сүрілді. 250-ден астам балалар және спорт алаңдары орнатылды», – деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қостанай қаласында жаңа саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер ашылып, қолданыстағы саябақтарды кеңейту жоспарлануда. Атап айтқанда, Береке және Юбилейный шағын аудандарында жаңа үлкен саябақтар бой көтермек.

blank blank blank blank blank blank blank

Бүгінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жастар мен еріктілердің де белсенділігі артып келеді. Сенбілік барысында олардың бір тобы арнайы қолғап, құрал-саймандарын алып, орман аумағын тазалауға атсалысты. Тұрғындардың да табиғатқа жанашырлық танытып, ортақ іске белсенді араласуы – қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетеді.

blank

Қостанай ауданындағы экопарк – табиғат пен демалысты ұштастыратын маңызды нысандардың бірі.

Мұнда алдағы уақытта тұрғындар мен қонақтардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау көзделіп отыр. Экопарк аумағында қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру жүйесі қарастырылған.

blankblank blank blank blank blank blank blank blank blank

 

Облыс әкімі экопарктердің маңыздылығына тоқталып, табиғи аумақтарды халық игілігіне жарату жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді.

«Табиғат мүмкіндік беретін жерлердің бәрінде осындай саябақтар мен скверлер болғаны дұрыс. Ең алдымен, ауылдардың ішінде, әрбір аудан орталығында абаттандырылған орындар болуы керек. Бұл – қала мен аудан әкімдерінің тікелей міндеті», – деді Құмар Ақсақалов.

Қостанай орманшылығының басшысы Тихон Титов жүргізіліп жатқан жұмыстардың ерекшелігін түсіндірді.

«Бұл – жыңғыл емес, ырғай. Ол кезінде кішкентай қарағайлар отырғызылған уақытта егілген. Бұл өскіндер басында қар тоқтату арқылы топырақтағы ылғалды сақтау үшін егілген. Қазір орманның жасы 40 жылдан асты. Соған байланысты кейбір бұталар қурап, өрт қаупін арттыра бастады. Сондықтан біз ағаштардың төменгі бөлігіндегі қалың өскіндерді тазалап, құрғаған бұталарды алып жатырмыз», – деді Тихон Титов.

Маманның айтуынша, құрғақ бұталар мен төменгі қабаттағы қалың өскіндер өрт болған жағдайда жалынның ағаштардың жоғарғы бөлігіне таралуына себеп болуы мүмкін. Ал өрттің жер бетінде қалғаны оны ауыздықтауға мүмкіндік береді.

«Егер от жоғарыға көтеріліп, ағаштардың төбесіне тараса, бұл өте қауіпті. Мұндай жағдайда орманға да, ондағы тіршілік иелеріне де үлкен зиян келеді. Ал жер бетіндегі өртті тоқтату әлдеқайда жеңіл», – дейді орман шаруашылығының басшысы.

Қазіргі таңда экопарктің жалпы аумағы шамамен 43 гектар. Мұндай ауқымды аумақты бір күнде толық тазалап шығу мүмкін емес. Сондықтан жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілмек.
Орман шаруашылығы мамандарының айтуынша, арнайы жоспарға сәйкес жыл сайын орман аумағындағы шамамен 10 гектар жерді тазарту жұмыстары қарастырылған.

Қалың өскен және өрт қаупі жоғары учаскелер бірінші кезекте ретке келтіріледі.

Бұл жолғы сенбілікке қатысушылар да осындай қауіпті аумақтарды тазалауға үлес қосты. Қолына күрек, тырма, ара секілді құралдарын ұстаған еріктілер мен белсенділер бірлесіп жұмыс істеді.

blank

Тұрғындар да шет қалмай, аумақты тазарту жұмыстарына белсенді араласты.

Жастардың белсенділігі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Еріктілер табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларға тұрақты түрде қатысып келеді.

blank blank

Олар үшін сенбілік – жай ғана тазалық шарасы емес, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті нақты іспен көрсету мүмкіндігі.
Облыс әкімі де жастар мен еріктілердің еңбегіне алғысын білдірді.

«Бүгін біз жастармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Белсенділеріміз табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосуда. Президенттің «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында бұл бағыттың маңызы зор», – деді Құмар Ақсақалов.
Қостанай ауданындағы экопаркта жүргізіліп жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Айта кетейік, экопарктің салтанатты түрде ашылуы қыркүйек айының соңына жоспарланып отыр.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ