Халықаралық ат марафонының жеңімпазы Қостанайдағы Allur зауытында құрастырылған Chevrolet Cobalt автокөлігін жеңіп алды.
Республика күні қарсаңында Қостанай облысы Allur Endurance CUP қашықтыққа ат жүгіртуден халықаралық жарыстардың алаңына айналды.

Жарысқа Қазақстан, Венгрия, Сирия, Малайзия және Ұлыбританиядан 36 спортшы қатысты.

Шабандоздар Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) ережелеріне сәйкес CEI 1* санатында 100 шақырым қашықтықты еңсерді. Жарыстың бас серіктесі әрі демеушісі — Allur автомобиль зауыты.

Турнир отандық жылқы шаруашылығын дамытуға, ұлттық жылқы тұқымдарын сақтауға және халықаралық спорттық байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Әсіресе, қостанай және адай жылқы тұқымдарын дамытуға ерекше назар аударылды. Әр кезеңнен кейін жылқылар ветеринарлық бақылаудан өтіп, мамандар олардың жағдайы мен келесі кезеңге дайындығын бағалады.
«Біз бұл жарысты ең алдымен отандық жылқы шаруашылығын, атап айтқанда адай және қостанай жылқы тұқымдарын дамыту мен сақтап қалу мақсатында өткізіп отырмыз. Мұндай халықаралық ат марафондары спортшыларға қажетті біліктіліктен өтіп, алдағы уақытта шетелдегі халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсетуге мүмкіндік береді», — деді Qostanai Argymagy қостанай жылқы тұқымын сақтау жөніндегі корпоративтік қорының директоры Алтай Бимен.
Жарыс қорытындысы бойынша барлық жүлделі орындарды қазақстандық шабандоздар иеленді. Бас жүлдені Маңғыстау облысының спортшысы жеңіп алды.

Оған Қостанайдағы Allur зауытында құрастырылған Chevrolet Cobalt автокөлігі табысталды. Автокөліктің кілтін зауыттың атқарушы директоры Арғұлан Майқонов тапсырды.

«Allur үшін ат спортына қолдау көрсету — бір реттік бастама емес, отандық жылқы тұқымдарының әлеуетін арттыруға, спортшыларды қолдауға және өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Қазақстан әлемге тек бай жылқы шаруашылығы дәстүрімен ғана емес, сонымен қатар ат спортының заманауи әрі мықты мектебімен де танылуы керек. Allur Endurance CUP осы бағыттағы маңызды қадам болады деп сенемін», — деп атап өтті Арғұлан Майқонов.
Марапаттау рәсіміне Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев және EIEV атқарушы директоры Лара Савая қатысты. Үздік жеті қатысушыға ақшалай сыйлықтарды қоса алғанда, жүлделер табысталды.

Allur Endurance CUP 2026 турнирін өткізу Қазақстанда ат спортын дамытуға, ұлттық жылқы тұқымдарын дәріптеуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосты.
Суреттерді ұсынған – Allur зауытының баспасөз қызметі
