Өнер – жас ұрпақтың жан дүниесін байытып, отансүйгіштік пен туған жерге деген сүйіспеншілікті оятатын құдіретті күш.
Жақында Қостанай қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінің көрме залында Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасының қолдауымен, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде жұмыс істеп жүрген көркемсурет студиялары шәкірттерінің қатысуымен ерекше шара – «Қиял әлемінің сиқырлы бояулары!» атты көрме салтанатты түрде ашылды.

Бұл іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың шығармашылық туындыларымен жұртшылықты таныстыру, жас таланттардың көрермендермен пікір алмасып, өз еңбектерін өзгелерге көрсете білу тәжірибесін жинақтау, сондай-ақ өзін-өзі бағалау қабілетін қалыптастыру. Шараның өтуіне Мәдениет басқармасы, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі және мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы өнім берушілер ұйтқы болды.
Салтанатты шараның ашылу рәсімінде Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Кенжеғали Бимағанбетов сөз сөйлеп, жас таланттарға сәттілік тіледі және өңірдегі балалар шығармашылығын қолдау шараларының маңызына тоқталды.
Сондай-ақ шара барысында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінің көрме залы меңгерушісі С. Калинова, өнер үйірмесінің жетекшісі Айгүл Абайқызы және ата-аналар қауымы атынан А. Оралбаева сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін білдіріп, жас суретшілердің шығармашылығына сәттілік тіледі.

Мерекелік шараның көрігін қыздырып, көрмеге жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлау мақсатында «Жұлдыз» студиясының шәкірті Наталья Эртель және домбырашылар тобы әсем музыкалық композицияларын орындады.

Мемлекеттік бағдарлама аясында кескіндеме және сурет салумен айналысатын 4 пен 17 жас аралығындағы балалардың басын қосқан бұл көрмеде әртүрлі жанр мен техникада орындалған 200-ге жуық туынды қойылды.
Музейдің көрме залы нақты шығармашылық алаңға айналып, онда әрбір қатысушы өз туындылары арқылы туған жеріне деген ыстық ықыласын, қазақстандық кеңістік пен асқар таулардың сұлулығын паш етті. Сонымен қатар, экспозиция төрінен Қостанай облысының 90 жылдығына арналған ерекше суреттер де орын алып, туған өңірдің тарихы мен жетістіктерін жас ұрпақтың көзімен көрсетті. Әсіресе, ұлттық ою-өрнектер мен қазақтың ұлттық киімдеріне де ерекше назар аударылып, бұл мәдени мұраны сақтауға баса мән беретінін айқын көрсетті.
Көрменің мақтанышына айналған ерекше жұмыстар да бар.

Атап айтқанда, жас суретші Айша Оралбаеваның «Барс пен қыз» атты туындысы және «Мольберт» студиясының жетекшісі Айгүл Темірбекованың «Тағдыр жібі» атты картинасы көрермендердің назарын ерекше аударды.

Айта кетейік, бұл картиналар 2026 жылдың маусым айында Лондон қаласында өткен беделді халықаралық «Golden Time Talent» байқауына қатысып, жоғары баға алған болатын.
«Қиял әлемінің сиқырлы бояулары!» көрмесі – әр түрлі жастағы балалардың, олардың ата-аналары мен ұстаздарының өнер арқылы тоғысқан достығы мен бірлігінің жарқын көрінісі. Балалардың көзімен бейнеленген Тәуелсіз Қазақстанның келбеті әрбір жасөспірімге өзін нағыз суретші сезініп, отансүйгіштік пен елге деген мақтаныш сезімін тудыратын шынайы шабыт сыйлайды.
Көрмеге қатысқан әрбір жас автор үшін бұл – өз еңбегінің қоғам тарапынан мойындалғанын көрудің, үлкен әрі маңызды ортақ іске қатыстылығын терең сезінудің таптырмас мүмкіндігі. Шара барысында балалар көрермендермен пікір алмасып, өнерді қабылдау мен бағалауға үйренеді, бұл оларда рефлексия және өзін-өзі бағалау қабілетінің дамуына жол ашады.
Бұл игі шараға Қостанай, Рудный қалалары мен Әулиекөл ауданында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында жұмыс істейтін көркемсурет студияларының шәкірттері қатысты.
Айта кетейік, рухани байлық пен эстетикалық тәрбиені ұштастырған бұл көрме 4 қазанға дейін жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары орталыққа келіп, жас талапкерлердің туындыларын тамашалай алады.
