Маңызды медиафорум: түркітілдес журналистер Стамбулда бас қосты

Маңызды медиафорум: түркітілдес журналистер Стамбулда бас қосты

Бүгін Түркияның Стамбул қаласында VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы басталды. 

Форумға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Алмания, Солтүстік Кипр Түрік республикасы, Бельгия, Голландия елдерінің делегациялары қатысып жатыр. Бұл басқосу түркітілдес елдер кеңістігіндегі медианың қазіргі ахуалы мен болашақта дамыту жоспарлары, уақыт үдерісіне бейімдеу мәселелері талқыға түсті.blank

Цифрлық трансформация – уақыт талабы

Брюссельдегі «Inter Media Bruxelles» негізін қалаушы, журналист Юсуф Джинал дәстүрлі медианың цифрлық трансформациясы туралы баяндамасында қазіргі ақпарат кеңістігіндегі өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде ақпарат көлемі артқанымен, оған деген сенім азайып барады. Әлеуметтік желілердегі жаңалықтардың таралуы алгоритмдерге тәуелді болып, медиа ұйымдарының платформаларға тәуелділігі күшейіп отыр.

«Бүгінде контент көп, бірақ сенім аз. Сондықтан медианың басты капиталы – оқырманның сенімі. Біз технологияға бейімделе отырып, журналистиканың негізгі құндылықтарын жоғалтпауымыз керек. Журналист дәстүрлі медианың болашағын гибридті модельмен байланыстырады. Газет, веб-сайт, әлеуметтік желі, WhatsApp, видео, подкаст және іс-шаралар бір-біріне балама емес, керісінше біртұтас медиа экожүйесінің бөліктері болуға тиіс», – деді Юсуф Джинал.

blankОл жергілікті журналистиканың да маңызы жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті медиа – тек жаңалық таратушы емес, қоғамның тарихи жадын сақтайтын, тұрғындардың мәселесін көтеретін және билік пен қоғам арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды институт.

«Жергілікті журналистика адамдардың күнделікті мәселесін айтуы керек. Ауданның тарихы, мәдениеті, тұрғындардың үні – мұның бәрі журналистиканың назарында болуы шарт», – деді ол.

blankБаяндамада медианың қаржылық тұрақтылығы да маңызды мәселе ретінде көтерілді. Джинал бір ғана жарнамаға немесе грантқа тәуелді болудың қауіпті екенін айтып, мүшелік жүйесі, демеушілік, іс-шаралар, білім беру жобалары, цифрлық мұрағат және басқа да табыс көздерін қатар дамыту қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге журналист жасанды интеллектінің медиа саласындағы мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның пікірінше, жаңа технология мәтін өңдеу, субтитр жасау, архивтеу сияқты жұмыстарды жеңілдетіп, редакция шығынын азайта алады. Алайда ақпаратты тексеру мен этикалық шешім қабылдау адам жауапкершілігінде қалуға тиіс.blankЮсуф Джинал түркі әлемі журналистері арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңызы зор екенін айтады.

«Ортақ ақпараттық кеңістік құру, контент алмасу және бірлескен цифрлық жобалар түркітілдес халықтардың ақпараттық ықпалын арттыра алады. Технология жылдамдықты арттырады, ал сенім бізге бедел береді. Сондықтан болашақ медианың негізі – цифрлық мүмкіндіктерді дәстүрлі журналистік құндылықтармен ұштастыру», – деді Юсуф Джинал.

Еуропадағы түрік тіліндегі басылымдары: кеше, бүгін, ертең

Ал Германиядағы «Öztürk» газетінің бас директоры Аднан Өзтүрк еуропа еліндегі түрік баспасөзінің өткені мен бүгіні туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, Германиядағы түрік баспасөзінің тарихы 1961 жылғы 30 қазанда Түркия мен Германия арасында жасалған еңбек күші туралы келісімнен кейін басталған түрік көші-қонымен тікелей байланысты. Бүгінде онда шамамен 3 миллионға жуық түрік текті тұрғын бар. Түрік қауымының Германиядағы қалыптасуымен бірге ана тіліндегі ақпаратқа деген қажеттілік те артқан.blank

«Түріктер Германияға жұмыс істеуге келе бастаған алғашқы жылдардан-ақ өз тіліндегі ақпаратқа мұқтаж болды. Осы қажеттіліктің нәтижесінде Түркияда шығатын газеттер Германиядағы оқырмандарына арнайы басылымдар ұсына бастады. Германиядағы түрік баспасөзінің алғашқы маңызды қадамдарының бірі «Akşam» газетінің 1969 жылғы Германиядағы басылымымен байланысты. Сол жылы «Hürriyet» те Германия нарығына шықты. Кейін оның ізін «Tercüman», «Milliyet», «Cumhuriyet», «Sabah», «Zaman», «Türkiye», «Milli Gazete», «Yeni Şafak» және басқа да көптеген түрік газеттері жалғастырды», – деп мәлімет берді Аднан Өзтүрк.

blankОлардың ішінде Hürriyet пен Tercüman ең ықпалды әрі көп таралған басылымдардың қатарында болды. 1980 жылдары Hürriyet-тің Германиядағы күнделікті таралымы 170 мың данаға, ал Tercümannікі 120 мың данаға дейін жеткені айтылады. Бұл газеттердің бірқатары Германияда өз баспаханаларын ашып, редакцияларын Франкфурт және оның айналасындағы қалаларға орналастырды. Басылымдардың негізгі мазмұны Түркия жаңалықтарына арналса, қалған бөлігі Германия мен Еуропадағы оқиғаларды қамтыды. Аднан Өзтүрк өзі де осы кезеңде Tercüman газетінің Германиядағы тілшілерінің бірі болған.

«Алғашқы кезде редакция қызметкерлерінің көбі Түркиядан келетін. Ал Германиядағы тілшілер түріктер тығыз қоныстанған қалалардан жаңалық жинады. Мен де сол кезеңде Tercüman газетінің тілшісі болып жұмыс істедім. Уақыт өте келе Германияда түрік тіліндегі жергілікті газеттер де пайда болды. 1970 жылдардың ортасынан бастап түріктер көп шоғырланған қалаларда жергілікті басылымдар жарық көре бастады. Олардың бір бөлігі қысқа уақыттан кейін жабылса, кейбірі ондаған жыл бойы оқырманымен бірге өмір сүрді. Солардың бірі – Öztürk газеті», – деді ол.

blankБүгінде дәстүрлі баспасөздің таралымы төмендеп, оқырманның ақпарат тұтыну әдеті өзгергенімен, түрік тіліндегі медианың маңызы жойылған жоқ. Керісінше, ол цифрлық кеңістікке бейімделіп, жаңа форматтар арқылы өмір сүруде. Бүгінде Германияда түрік тілінде 15 газет, жеті журнал жарық көреді. Бірақ мұның сыртында 18 басылым жұмысын тоқтатқан. Кейбірі сайт-портал ретінде жұмыс істеп келеді екен. blank

Германияда 40 жыл бойы ана тілінде газет шығарған Аднан Өзтүркке Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямерген арнаулы мүсіншесін, естелік сыйлығын тарту етті. Осы іс-шараға қатысып жатқан әріптесіміз, «Қостанай таңы» газеті редакторының орынбасары Аслан Қанғожиннің ақпараты бойынша, дәл қазір медиафорумның екінші бөлімі жалғасып жатыр.

Суреттерді Аслан Қанғожин жолдады