Түркияның Стамбул қаласында басталған VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумының ашылу салтанатында Қазақстандағы Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямерген құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның шымылдығын ашты.
Қор президенті бұл медиафорумды қатардағы кәсіби форум емес, түбі бір түркі халықтарының ортақ құндылықтарын дәріптейтін, журналистер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын және жаңа бастамаларға жол ашатын маңызды алаңға балады.
«Бүгін біз түркі дүниесінің рухани астаналарының бірі – Еуропа мен Азияны жалғаған Стамбұл төрінде бас қосып отырмыз. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – «Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігі: цифрлық интеграция мен жаңа мүмкіндіктер». Қазіргі ақпараттық дәуірде медианың жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түсті. Журналистер қоғамға тек ақпарат жеткізуші ғана емес, халықтар арасындағы сенім мен түсіністікті қалыптастыратын, елдерді жақындастыратын маңызды күшке айналды. Біздің ортақ тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз бен рухани құндылықтарымыз түркі мемлекеттерінің медиа саласындағы ынтымақтастығына берік негіз бола алады. Алайда ортақ ақпараттық кеңістік өздігінен қалыптаспайды. Ол үшін журналистердің тұрақты байланысы, бірлескен жобалар, өзара контент алмасу, жаңа медиа технологияларын игеру және жас мамандарды қолдау қажет», – деді Нәзия Жоямерген.
Ол осы форумда ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық интеграция, жасанды интеллект, дәстүрлі медианың трансформациясы, өңірлік медианың экономикалық тұрақтылығы, түркі брендтерін қалыптастыру және шығармашылық индустрияларды дамыту секілді өзекті мәселелер талқыланатынынан қатысушыларды хабардар ете өтті.
«Бұл тақырыптардың әрқайсысы түркі әлемінің болашағына тікелей қатысты. Біз түркі мемлекеттерінде болып жатқан маңызды оқиғаларды бір-бірімізден емес, көбіне шетелдік ақпарат көздерінен біліп жатамыз. Сондықтан өзара жедел ақпарат алмасатын, кәсіби журналистерді біріктіретін және сапалы ортақ контент өндіретін медиа желілерді дамытуымыз қажет. Біздің мақсатымыз – бір ғана ақпараттық платформа құру емес. Ең бастысы – бір-бірімізді тыңдайтын, қолдайтын және ортақ мүдделерді халықаралық аудиторияға бірге таныстыратын кәсіби қауымдастық қалыптастыру. Журналистиканың басты құндылықтары – шындық, әділдік және жауапкершілік. Біз цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дамыған кезеңде де осы қағидаттардан айнымауымыз керек. Жалған ақпаратқа, манипуляцияға және қоғамды бөлетін контентке қарсы тұру – баршамызға ортақ міндет», – деді Қор президенті.
Нәзия ханым Қазақстандағы Түркітілдес журналистер қоры мен Қазақстан Әйел журналистер клубы көп жыл бойы түркі елдерінің журналистері арасындағы кәсіби байланысты дамытуға күш салып келе жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде халықаралық медиафорумдар, баспасөз турлары, семинарлар, шеберлік сабақтары мен тәжірибе алмасу бағдарламалары дүркін-дүркін ұйымдастырылған. Ал бүгінгі Стамбұл кездесуі – сол жұмыстың маңызды жалғасы.
«Біз осы форум нәтижесінде жаңа идеялар мен нақты жобалар өмірге келеді деп сенеміз. Бірлескен телебағдарламалар, деректі фильмдер, ақпараттық платформалар, журналистік зерттеулер, медиафорумдар мен білім беру бағдарламалары жүзеге ассын! Жас журналистерге тәжірибе алмасуға, кәсіби білімін жетілдіруге және халықаралық деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ортақ медиа мектебін қалыптастыру да маңызды міндеттердің бірі деп санаймын. Біздің күшіміз – бірлікте. Біздің ортақ мұрамыз – тарихымыз бен тілімізде. Ал болашағымыз – өзара сенім мен ынтымақтастықта. Баршаңызға нәтижелі жұмыс, мазмұнды пікірталас, шығармашылық табыс және жаңа кәсіби байланыстар тілеймін!» – деді ол баяндамасында.
Қордың әрі Қазақстан делегациясының басшысы форумды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен серіктестерге, Стамбұлдағы Kültürel Mirası Koruma ve Yaşatma Derneği ұйымына, Фатих муниципалитетіне, барлық спикерге, модераторларға және арнайы келген қонақтарға шынайы ризашылығын білдірді. VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы жаңа идеялардың, берік серіктестіктің және тарихи бастамалардың алаңына айналуын тілеп, маңызды мәжілісті ашық деп жариялады.
