Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин өңірдегі түйткілді мәселелермен танысып, тұрғындармен кездесті. Ауылдарда жайылым жер мәселесі күйіп тұр. Сондай-ақ, жалдамалы пәтер құнының қымбаттауы, “Отбасы банкіндегі” “7-20-25” бағдарламасы бойынша ипотека алушылар тізімінің шектелуі және өзге де мәселелер бойынша жергілікті халық базынасын жеткізді.
Өңірдің оннан аса елді мекенін аралап көрген «Ауыл» партиясы фракциясының, экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Аян Зейнуллин ұялы байланыс арқылы уәкілетті органдарға тікелей хабарласып, бірқатар мәселені шешуге атсалысты. Өзге азаматтарға кеңес беріп, тағы бірнеше адамның шағымын Мәжіліс қабырғасында көтеретінін жеткізді.
Меңдіқара ауданы Теңіз ауылының тұрғындарымен кездескен Аян Зейнуллин мектепте бала санының азаюына алаңдаушылық білдірді. Қазіргі кезде небары 39 оқушы қалған. Ал мектепалды даярлық тобында екі-ақ бала. Бала санының қысқаруына ауыл халқының қала жаққа үдере көшуі себеп.
– Жастардың ауылдан үдере көшуі тек Қостанай өңіріне тән мәселе емес. Әр облыстың ауылдарында бұл сұрақ бар. Жастарды, жалпы адамдарды ауылға тарту үшін инвестиция қажет. Яғни жақсы инфрақұрылым, баспана, сапалы білім мен медициналық қызмет керек. Сол кезде ғана халық тұрақтайды. Осы мақсатта «Ауыл» партиясы «Агробанк туралы» Заң жобасын ұсынып отыр. Екіншіден «Ауылдағы жұмыспен қамту туралы» заң ұсынылуда. Өздеріңіз білетіндей «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Алдағы уақытта 17 000 жасты жұмыспен қамту жоспары бар. Біз әрине, бұл бағдарламаның жүзеге асуын, халыққа тиімділігін қадағалаймыз. Дегенмен біз, яғни «Ауыл» партиясы әр ауылға арнайы жоспар қажет деген пікірдеміз, – деді халық қалаулысы Аян Зейнуллин.
Ауылдық жерде жайылым мәселесі әлі шешімін таппай тұр. Жергілікті халық қолдарындағы малдарын жаятын ұлтарақтай жерге зар. Депутат осы ретте “Жайылымдық жерлер туралы” Заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойғанынан хабардар етті.
– Бұл заң малдары бар ауыл тұрғындарының құқығын қорғайды. Ешбір акционерлік қоғам, шаруа қожалықтары ауыл тұрғындарының келісімінсіз ол жерге қол сұқпайды, – деді Аян Талғатұлы.
Архипов ауылында да ауыз су мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Мұнда тіршілік нәрі 42 шақырым жердегі Боровскойдан жеткізіледі. Елді мекенде 650 тұрғын бар. Ауылға “Заря” АҚ басшысы Александр Климко қарайласып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, үш жыл бұрын мемлекеттік тапсырыс бойынша өткізілуге тиіс ауыз су құбырына екі мердігер ұйымның келіспеушілігі мен сот ісінің тым созылып кетуі кедергі болған. Кәсіпкер тағы бір мәселенің шетін шығарды. Ол – ауылдық жерде маманның тапшылығы. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтіндердің дені зейнет жасындағылар, жастардың келгісі жоқ.
– Қазіргі кезде кадрлар жеткілікті. Алайда олар зейнет жасына таяп отыр. Алдағы 2-3 жылда бұл мәселені шешпесек, онда әрі қарай қиын болады. Өзі ауылда төрт өзекті мәселе бар: ауыз су, жол, көшелерді жарықтандыру, сондай-ақ, мамандарға салынып жатқан үйлерді субсидиялауда туындайтын сұрақтар. Тұрғын санын көбейту, ауылды көркейту үшін жағдай жасау керек, – деді Александр Климко.
Аян Зейнуллин барлық өтініш пен шағым бойынша тиісті жұмыстар атқарып, ұсыныстар аяқсыз қалмайтынын жеткізді.
“Ауыл” партиясының Қостанай облыстық филиалы қабырғасында Мәжіліс депутаты, партия фракциясының мүшесі Аян Зейнулиннің қатысуымен жиын өтті. Оған филиал аппаратының қызметкерлері, түрлі деңгейдегі депутаттар қатысты. Сөз басында филиал төрайымы Ғайния Есеева Аян Талғатұлының аудандар мен ауылдарда өткізген кездесуі мен жұмыс нәтижесіне тоқталды.
– Облыстың он шақты елді мекенінде кездесулер ұйымдастырдық. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездестік. Мәселе жоқ емес, бар. Аян Талғатұлы бәрін тиянақты жазып алды. Алдағы уақытта осы мәселелерді шешуге күш жұмсайтын болады. Тұрғындарға бос уәде беріп, орындамай қою деген болмайды. Сол себепті бәріміз жұмылып халықтың талап-тілегін орындауымыз керек, – деді Ғайния Есеева.
Өз кезегінде Аян Зейнуллин “Ауыл” партиясының Мәжіліс қабырғасында жүргізіп жатқан жұмыстары мен ұсынылып отырған жобалары жайлы әңгімелеп берді.
– Халықты алдауға болмайды. Қолымыздан келетін іс болса орындауға әзірміз. Алайда, бос уәдені беріп алып, кейін орындай алмасақ, партия атына кір келетіні сөзсіз. Осы іссапардан кейін демалмайтын шығармын. Өңірде қордаланып қалған мәселе көп. Сол себепті тиісті органдарға шығып, жеделдетіп тұрғындардың мәселесін шешумен айналысамын, – деді депутат.
Жиын соңында мәжілсмен филиал жұмыскерлері мен партия мүшелеріне әр істе белсенділік танытып, халыққа жақын жұмыс істеуге, елдің сенімі мен үмітін ақтауға кеңес берді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған филиал қызметкері