Қарт басылымның төл жобасы – жазба айтыс жалғасып жатыр. Жыр-жарыстың екінші айналымының келесі жұбы – Қамысты ауданының намысын қорғайтын Нағашыбай Ақылжан мен Қостанай қаласы атынан топқа түскен Бақытжан Әлкебаев. Бұл жолғы айтыс ұзаққа созылмай, ақындар өзара ымыраласып, өлеңді қысқа қайырыпты. Қостанайлық Бақытжан қарсыласы Нағашыбайға жолын беріп отыр. Дей тұрғанмен қысқа да болса тәтті жырға тұшынып, қос дарынның өнеріне қошемет білдіре отырыңыз, оқырман!
Нағашыбай:
Шабыт берер әлеумет тұрса дайын,
Кеудемнен айқара аштым жыр сарайын.
Армысың, үш жүзі бар алты алашым,
Әрбір қазақ баласын дүр санайын.
Екінші рет мүмкіндік берілсе егер,
Уақытымды ауаға жұмсамайын.
Тұлпарымды ерттеп тағы келдім,
Қиқу салып назарын бұрса ағайын,
Арасынан аларсың керегіңді,
Арқамды кеңге салып бір шабайын.
Түскенін көрдіңіздер көзір кімге,
Сыналар сәті осы ма төзімнің де?
Ассалаумағалейкүм, Бақытжаным,
Біздермен шабатұғын кезің бірге.
Бірінші айтысыңды оқып едім,
Көңіліме жақпады сөзің мүлде.
Бағиладай апама мұң шағыпсың,
Сорасы аға жаздап көзіңнің де.
Арқалықта қызмет істеп жүріп,
Жаңбыр жауған батпақтай езілдің бе?
Жақында Қостанайға көшіпсің ғой,
Арқалықта сол түні көз ілдің де.
Арқалыққа шыдамас оңай жандар,
Осалдығың байқалды өзіңнің де.
Көшкеніңнің себебін өзің айтшы,
Бойыңда қалмаған ба төзім мүлде.
Бақытжан бақыт іздеп кетіп еді,
Арқалықтан бір жола безіндің бе?
Талай жан тыныштығын тапқан жерде,
Өзіңді бақытсыз жан сезіндің бе?
Алдымда бағындырар асқар бар деп,
Байқадым, алға қойған жоспарлар көп.
Өзің жайлы ақпарат іздеп едім,
Бір сәтке парақшаңды ашқан жан боп.
“Сұраш” деген шоу ашып алыпсыңдар,
Жарайсыңдар, ел-жұрттан жасқанбау жоқ.
“Өмірді өзгертеміз” депсіңдер ғой,
Ертеңді гүлдендірер жастар бар деп.
Сол сөзің маған қызық болып отыр,
Өмірді өзгертуден жақсы арман жоқ.
Басында бастайын деп отырсың ба,
«Бастысы, аспаңдар деп, саспаңдар» деп,
Жақсы адам болғыларың келсе егер де,
Ешқашан жаман жерді баспаңдар деп,
Жұмыс орның ұнамай бара жатса,
Ойланбай ондай жерді тастаңдар деп,
Өзіңді өсіруді қаласаңдар,
Өзгеруді көшуден бастаңдар деп?
Бақытжан:
Жұмыста отқам, тағы да шақырды өлең,
Айтыс деп Нағашыбай батырменен.
Теп-тегіс жұмыр келген айналасы
Өлеңді сендей жазсын ақын деген.
Ақиқатын айтайын, мысың басып,
Қаймыққаннан дірілдеп жатыр денем.
Десе де бір-екі ауыз қайырайын,
Құдіретті өлеңнің хақын берем.
Ақылды жан, алапат ақынсың ғой,
Әлдеқайда озып кеткен атың менен.
Нағашымды мен қалай жақсы көрсем,
Дәл солай өзіңді де жақын көрем!
Бауырымның батырған тісін көрдім,
Мақтап жатсам, қорқады деп күшіңнен мың.
Осал деп, жылауық деп сынадың ғой,
Сөзіңнен кәдімгідей қысым көрдім.
Алла да берекесін байлап қояр,
Басқаның абыройын түсіргеннің.
«Арқалыққа шыдамадың» деген сөзбен
Кейпін де танытпапсың түсінгеннің.
Қызметімде ұмтылдым адалдыққа,
Демеймін кеудеме нан пісіргенмін.
Ел ақымақ емес, қарғам, айтады ғой
Табылып жатса егер ісімнен мін.
Қостанайға Арқалықты қимай кеттім,
Оны ойласам, мүжіп барады ішімнен мұң.
Көшкенімнің шын себебін мен айтайын,
Әкені дәл әкедей түсінген кім?!
Жанымның тыныштығын құрбан етіп,
Баламның денсаулығы үшін келдім.
Мен жайлы екен сенің мол дерегің,
Жыл сайын тола берсін сол дерегің.
Өз басым өмірімді өзгертсем деп,
Іздеуді, ізденуді жөн көремін.
Өзіме пайдалы бір ақпар алсам,
Кетсем де зерттеп мейлі жер бедерін.
Бір күнім бір күніме ұқсамаса,
Жеткен бір жетістігім сол дер едім.
Осы жолмен не болса да жүре берем,
Ешкімге де жетпейтін ол бөлек үн.
Миллион, мың адамды баурай қоймас,
Өзім ғана түсінетін сорлы өлеңім!
Ол жағынан сенде мүлде проблемі жоқ,
Айтыста менен гөрі зор беделің!
Сондықтан финалға сен лайықтысың,
Адал ниет, шын көңілмен жол беремін!
Қоштастым, жүрегімде қалып ызғар,
Қатысушы болған біздің бағымыз бар.
Айтыста жолым болмай жүрген жанмын,
Десек те, “бұл да ақын” деп таныңыздар.
Бұйырса, мен бір күні бас жүлде алам,
Оған дейін жеңіп-жеңіп алыңыздар!
Нағашыбай:
Жыр жазып күнімен де, түнімен де,
Жолым болмай қалды деп күңіренбе!
Адал ниет көңілмен жолын беріп,
Ізеттігін көрсетті інілерге.
Болмай жүрген жолыңды бізге беріп,
Ниетің адал ме еді шынымен де?
Әрбір сөзін айтатын жақұт қылып,
Әр өлеңін төгетін ақық қылып.
Әзілдеп айтқаным ғой ниетіңді,
Шынайы мейіріміңе батып тұрып.
Өзіңнің де ақ жолың ашық болсын,
Еңбекқорсың ізденген жатып, тұрып.
Бір күні батпандай бақ қона салар,
Сабырмен келетін сол уақытты күт.
Таңдайыңа бұйырған өнеріңді,
Маңдайыңа жазсыншы бақыт қылып.
Жолығып Бақытжандай бір кісімен,
Өмірдің ақ-қарасын шын түсінем.
Білемін, балаң үшін қимай кеттің,
Қаланың шошымадың түр-түсінен.
Ұрпағың дені сау боп өсе берсін,
Өзіңдей айналысып ұлт ісімен.
Жаныңның да табылсын тыныштығы,
Балаңның жадыраған күлкісінен!
