САРҒАЙҒАН СУРЕТ – САҚТАЛҒАН ТАРИХ

САРҒАЙҒАН СУРЕТ – САҚТАЛҒАН ТАРИХ

Аяулы ұстаздарымның бірі – қазақтың Халық ақыны, жыр додасының майталманы Әсия Әйіпқызы Беркенова.
Қостанай облысында дәстүрлі түрде өтетін «Жас тұлпар» оқушылар айтысына 2000-2003 жылдары жыл сайын қатысушы едім. Жүлдесіз қайтпайтын нағыз «жас тұлпардың» өзі болдым десем, «мақтаншақ Қожа» дерсіздер… Қазылар алқасында отыратын Әсия апайдың өз шәкірттеріне жаны ашып:

– Торғайдан келген сары домалақ баладан сақтаныңдар! – деген сөзі әлі күнге дейін есімде.
Содан көпке дейін «сары домалақ» атанып жүрдім.
Кейін мектепті бітіріп, Қостанайға оқуға келдім. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қабылдандым. Университет жанынан құрылған Әсия апай жетекшілік ететін «Өнер» студиясына келіп, қазақтың сөз өнеріне ғашық талай жас дарынның ортасына қосылдым. Сол жерде өлең жазудың, суырыпсалма өнердің қыр-сырын Халық ақынының өз аузынан тыңдап, талай тағылымды дәрісін алдым. Бірақ негізгі айтайын дегенім – бұл емес. Айтпағым – бір суреттің сыры.
… Ол суретті «Өнер» студиясының қабырғасында ілулі тұрған күйінде талай рет көрген екенмін. Бірақ соған бір әдейі көңіл бөліп, қызығушылық танытып, мән беріп қарамаппын.

Біздің Әсия апай да сондай қарапайым адам ғой, өзінің жасағанын, көргенін, атақты адамдармен араласқанын айтып мақтануды білмейді. Әйтпесе, қазақтың ұлы композиторы, халқымыздың маңдайына біткен біртуар дарынды перзенті Шәмші Қалдаяқовпен бірге түскен суреті жайлы бір айтып қойса, бәлкім, есімізде қалар ма еді? Өзімізден де бар, ауылдан келген аңқау баламыз. Көп дүниенің қадір-қасиетіне жете бермеппіз. Жә, игілікті істің ерте-кеші болмас.

Жақында күллі қазақ әнін сүйіп тыңдайтын Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай (15 тамыз), әлеуметтік желіде ол жайлы естеліктер жарияланып, суреттері мен таспадағы бейнесі әдеттегідей қайта жаңғырды. Ел-жұрт Шәмші әндерін айтып, бір-біріне жолдап, түрлі челлендждер жасап жатты. Сол кезде жадымда көмескіленіп, жастықпен мән бермеген әлгі көне сурет есіме түскен…
Ұстазыма хабарласып:

– Әсия апай, сол тарихи сурет сізде бар ма? Болса, жіберіңізші, – деп сұрадым.

– Өзімде жоқ, жұмыста (сол ғимарат қабырғасында) бар ғой. Оны қайтейін деп едің?
Кібіртіктеп барып:

– Керек еді… Сол сурет жайлы жазсам ба деп… Аздап тарихын да айтып бересіз бе? – дедім.
Ертесіне WhatsApp арқылы сарғайған сурет келіп жетті.

Қабырғадағы әйнектің үстінен қалай болса, солай түсірілген, сапасы бүгінгі өлшеммен қарағанда сын көтере қоймайтын сурет.

Бірақ оның маңызы мен тарихи құнына баға жетпейді.

Суретпен бірге Әсия апай оның қашан, қайда, қалай түсірілгенін де аздап баяндап жіберіпті.
Қош! Қолыма құнды дүние түсті. Ескі суретті ЖИ көмегімен ретке келтіріп алдым. Енді суреттің сырын жеткізіп көрейін.

1991 жылдың мамыр айы. Бұрынғы Шымкент облысына қарасты Темірлан елді мекенінде қазақтың алып балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 120 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Айтыстың қазылар алқасында белгілі композитор Шәмші Қалдаяқов та болған. Жыр додасы екі күнге созылады.

Әдетте, айтысқа келген ақындарды сол өңірдің тарихымен, елдің киелі орындарымен таныстырып, музейлерге апарады. Бұл жолы да сапар Қажымұқан атамыздың музейіне барудан басталған.

Экскурсия аяқталған соң музей алдында ақындар жаппай суретке түседі.
Сол сәтте Шәмші аға Әсия апайға:

– Әсия, айналайын, екеуміз бір суретке жеке түсіп алайықшы, – деп өзі ұсыныс білдірген екен.

Әсия апай да қуана келісіп, қасына жақындай бергенде Шымкент облысының журналисі осы бір орайлы сәтті пайдаланып, екеуінің әңгімелесіп тұрған мезетін фотоға түсіріп алыпты.

Суретті кейін Әсия апайға арнайы жіберген. Бүгінде сол тарихи суреттің түпнұсқасы елорда төріндегі Ұлттық музейде сақтаулы тұр.

Бір қарағанда, қарапайым ғана екі адамның тосыннан бірге түскен суреті. Ал уақыт өте келе тұтас бір дәуірдің куәсіне айналған жәдігер.

Айтыссүйер қауымның есінде болса, сол жыр додасының суперфиналында Әсия Беркенова мен Аманжол Әлтаев ана мен баланың айтысының тарихта қаларлық тамаша үлгісін көрсетіпті. Екі ақынның сөз сайысынан көрерменнің көңілі көтеріліп, ерекше әсер алған. Бұл – көптің есінен кетпейтін тарихи айтыстардың бірі.

Олай дейтінім, айтыстың өзі бір бөлек тарих болса, Бас жүлдеге алғаш рет автокөлік тігілгені осы кез болатын. Көлік болғанда да, кәдімгідей дайын тұрған, кілтін ұстата салатын тегін көлік емес.
Ол кезде көлік сатып алудың өзі – машақаты мол жұмыс. Кезекке тұру керек. Зауыттан машина шығып үлгермейді. Ал айтыстың бас бәйгесіне қойылған «Москвич» Облыстық атқару комитетінің кезектен тыс сатып алуға шығарған шешімінің нәтижесі. Сол бас бәйге Әсия апайға бұйырады.
Өз сыйлығыңды өзің сатып алатын сондай кезең өткен. Жә, айтыстың «жыры» осымен тәмам. Енді суреттегі сәтке қайта оралайық.

Ақындар үш-төрт күн бойы Шәмші атамен бірге жүреді. Әрине, оның әңгімесін тыңдауға бәрі құмар. Оңтүстіктегі ағайындар айтыстың қазылар алқасын қонақ етіп, дастарқанға шақырып отырған. Арасында Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов сынды ірі ақындардан төрт-бес адам бар. Шәмші Қалдаяқов дастарқанға жайғасарда Әсия қарындасын үнемі жанына отырғызады екен.
Осылайша, Әсия апай «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші ағасының көпшілік біле бермейтін әңгімелерін өз аузынан тыңдайды. Бұл кісінің ұлылығы – өз басынан өткізген қателіктерін өзгелерге сабақ болсын деген ниетпен ашық айтып отыратынында болса керек. Ол уақта дастарқан үстінде шөлмектер самсап тұратын. Елдің бәрі әлі стақан соғыстырып, «алып қойға» басатын тұс. Шәмші атамыз болса, ащысуды ауызға алмайды, ішімдіктен әлдеқашан бас тартқан кезі. Шындығында, ұлы композитор ащысуды сонау 1977 жылы қойған.

Ақан серінің қабірінің басына барған сапарында.
Ән әлеміне ерекше леп әкелген аяулы тұлғаның Ақан серінің жолын жалғастыра аламын ба деген ішкі қорқынышы, өнер алдындағы жауапкершілігі жанын қысып, Шәмші бейітті құшақтап, еңіреп жылаған деседі. Шын жылаған.

Сол сәтте оған Ақан серінің рухы сұлба болып көрініп, тілдескені, сырласқаны, жігер бергені туралы Оразбек Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов: Хикаяттар» атты шағын кітабында баяндалған.
Содан кейін Шәмші ата ішімдікке біржола жоламаған көрінеді.

Бірақ дастарқан басында отырған жұрт оның бұдан хабарсыз. Алдындағы стақанды ешкім бос қалдырмайды. «Тентексудан» толтыра құяды. Шәмші ата не десін, үндемейді. Үстел басындағылар «ал, көтерейік» дегенде ол да рөмкесін көтеріп, жұртпен бірге соғыстырады. Бірақ бәрі ішіп болған соң Шәмші ата рөмкесін орнына қоя салады. Ішпейді.
Оған дейін композиторды басқа қырынан естіп жүргендер мұнысын түсінбей:

– Аға, неге ішпейсіз? Алыңыз! – деп шуласа жөнеледі.

Сонда Шәмші ата жанында отырған Әсия апайға қарап:

– Ой, Алла-ай! Нанбастай қылып тұрып ішкен екем ғой. Ішпеймін десем, ешкім нанбайды. Қарашы, Әсия! – депті.

Жұрт ду күлген.

Шәмші ағаның басынан өткен талай хикая, осылайша, әңгімеге арқау болыпты. Бір кезде ол:

– Сөзін де, әнін де өзім жазған едім, – деп сол үйдегі фортепьяноға отырып, өз әндерінің бірін орындап берген екен.

Ән… Мен де әнді жаныма серік етіп келемін. Әсия апайдың үш өлеңіне ән жазыппын. Оның бағасын тыңдаушым бере жатар.

Ал осы тарихи сурет жайлы жазудың реті дәл қазір келгені тегін емес сияқты.
Таяуда ғана ұлы композитор Шәмші атамыздың дүниеге келген күні аталып өтті. Одан кейін «Шәмші Қалдаяқов» медалінің мемлекеттік наградалар тізіміне енгені туралы жаңалық жетті.

Бірі – Шәмшінің туған күні.

Бірі – оның есімін ұлықтаған мемлекеттік деңгейдегі медаль. (Қызық, ә? Көзі тірісінде атаққа жарытпаған адамның есімі өлгеннен кейін мемлекет наградаға арқау болып отыр). Ал осының арасында менің қолыма жылдар бойы сырын ішіне бүккен бір суреттің қайта оралуы… Бәрі бекер емес шығар. Мен мұны жақсылыққа жорыдым.

Марғұлан Оспанов,

Алтынсарин музейінің директоры