Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхметтің «Ақылды ара», «Көңілдегі көрікті сөздер» және «Құлып туралы ақиқат» атты кітабы таныстырылды.
Ақынның айтуынша, «Ақылды ара» кітабы балаларға арналған. Қазақ тілінде бүлдіршіндерге бағытталған мазмұнды кітаптардың әлі де аз екенін ескерген автор жас оқырманға қызықты әрі тәрбиелік мәні бар шығарма ұсынуды көздеген.
Адамға пайдасы мол, тынымсыз еңбек ететін араның тіршілігі кітаптың атауына арқау болған.
Ал «Көңілдегі көрікті сөздер» жинағына ақынның жүрек сүзгісінен өткен қанатты сөздері, тағылымды ойлары мен өмірлік пайымдары енген. Қысқа да нұсқа нақылдар оқырманды ойлантып, жақсы сөздің қадірін сезіндіреді.
«Құлып туралы ақиқат» кітабында заман өзгерісі мен адам болмысына қатысты философиялық ой қозғалады. Бұрын адамдар үйлерін құлыптамай-ақ жауып, бір-біріне сеніммен жүрсе, бүгінде қауіпсіздік үшін есікке бірнеше құлып салуға мәжбүр. Автор осы қарапайым көрініс арқылы қоғамдағы сенімнің азайып, адамдар арасындағы мейірімнің сирегенін астарлап жеткізеді.
Іс-шара барысында Ақылбек Шаяхмет өзінің бұған дейінгі еңбектері туралы да айтып өтті.
«14 томдық шығармалар жинағымды «Фолиант» баспасы арқылы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен шығардым. «Издательский дом» баспасына да алғысымды айтқым келеді», – деді қаламгер.
Кітаптардың тұсауын «Қарлығаш» баспа үйінің директоры Әбутәліп Әмір, Қостанай облысының «Бірлік» әзербайжан қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі әрі төрағасы Рафаил Сададдинұлы және Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана басшысы Сәния Безаубек кесті.
Әбутәліп Әмір ақынмен ұзақ жылдар бойы бірлесе жұмыс істеп келе жатқанын айтып, оның адамдық болмысына да, шығармашылық ізденісіне де жоғары баға берді.
«Ақылбек аға – жауапкершілігі өте жоғары азамат. Қандай да бір көмек сұрасаң, тез арада орындап береді. Мұны біздің баспадан ағамыздың тоғызға жуық кітабы жарық көрген кездердегі жұмыс барысында байқадым. Келешекте де ағаның оқырмандарына берері мол деп ойлаймын», – деді ол.
Жаңа кітаптардың тұсаукесері – қаламгердің шығармашылығына құрмет қана емес, ұлттық әдебиеттің, ана тіліндегі балалар әдебиетінің және тағылымды сөздің қадірін арттыратын тағылымды басқосу болды. Ақылбек Шаяхметтің әр туындысынан адамды ізгілікке, ойлануға, жақсы сөз бен жақсы іске ұмтылуға үндейтін жүрек лүпілі сезіледі.

Жақсы сөз – жүректен шығып, жүрекке жетеді. Ақынның жаңа кітаптары да оқырман көңілінен өз орнын табары анық.
Бота Манет
