Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойында кезінде негізін мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібек қалаған «Шертер» ұлттық этнографиялық ансамблі сүйікті сахнасына қайта оралды.
Араға көп жылдар салып аға буынның ізін қайта жаңғыртқан жас ұжымның өнерін көрермен қауым жылы қабылдап, қадамдарына сәттілік тілеуде.
Ең алғаш «Торғай әуендері» аймақтық фестивалінде қанат қаққан бұл ансамбль кезінде даңқы дәуірлеп, атағы алыс – жақын шетелге дейін мәлім болған еді. Соның арқасында Қыпшақ Қойғарин, Айтжан Настаева, Сайлау Ордабаев, Отаркүл Мұқатова, Ғалымжан Құрманов, Тойған Ізімова, Тұрсынбек Әлмағамбетов, Әбжан Сәрсенбаев сынды өнер майталмандары елге кеңінен танылғпн еді.
Бүгінде олардың ізбасарлары да қоламта шоғын қайта үрлеп, алау қылып маздатты.
Қала күні мен облыстық жазғы спартакиада аясында өтіп жатқан шоқтығы биік іс-шаралардың біріне айналды. Оған дәлел жас ұжымның жеке концертін беріп, өнердегі тұсауын кесулері.

Тойға жиналған қауым «Шертердің» сағындырған үнін жиі тыңдап, қалалық мәдениет сарайының сахнасында да, орталық «Наурыз» алаңындағы дала сахнасында да құлақ құрышын қандырды.
Әділ Ақан,
«Шертер» ансамблінің жетекшісі:
«Қаламыздың туған күніне орай облыс, қала әкімдерінің қолдауымен «Шертер» ансамблі қайта жаңғырып жатыр. Бұл ел үшін расымен үлкен той, үлкен қуаныш. Арқалықтың 70 жылдығында «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі қайта түлеп, өзінің жеке концертін беруде. Халықтың ыстық ықыласына молынан кенеліп, өнердің өрісінің кеңдігіне тәнті болудамыз. Репертуарымызда халық күйлері, ұлы күйшілердің туындылары және белгілі композиторлардың еңбектері көптеп кездеседі. Алдағы уақытта да жақсы-жақсы шығармалармен халықты қуанта береміз деген ойдамыз».
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
