Д.БИДАШЕВ: «Торғайдың өрісі кең»

Д.БИДАШЕВ: «Торғайдың өрісі кең»

Президент тапсырмасынан кейін Торғай танабында оң өзгерістердің белең алып келе жатқаны баршаға мәлім. Шалғайдағы елді мекеннің тыныс-тіршілігі жанданып, тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімі арта түсті.

Бүгінде ауданда қандай игі бастамалар жүзеге асып жатыр? Экономика, құрылыс, кәсіпкерлік, инфрақұрылым және әлеуметтік саладағы жұмыстардың барысы қандай? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Серікұлы Бидашевпен сұхбаттасқан едік.

Дінмұханбет Серікұлы, жүз жылға жуық тарихы бар Жангелдин ауданының негізгі тірегі мал шаруашылығы екені белгілі. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының дамуына ерекше басымдық беріп келеді. Осы бағытта ауданның бүгінгі ахуалы қандай?

– Ауыл шаруашылығы саласы аудан экономикасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді. Биылғы есепті кезеңде аудан бойынша 53 749 бас ірі қара өсірілуде. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,7 пайызға артты. Оның ішінде сиыр саны 30 302 басқа жетіп, 3,7 пайыз өсім көрсетті. Жылқы саны 21 464 басқа жетіп, 4,8 пайызға көбейді. Сонымен қатар ауданда қой-ешкі шаруашылығы да қарқынды дамып келеді, ал түйе шаруашылығы да өз деңгейінде сақталуда. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағытта аналық ірі қараны тұқымдық түрлендіруге тарту көлемі ұлғайып, селекциялық жұмыстардың тиімділігі артып отыр. Соның нәтижесінде асыл тұқымды мал үлесін көбейтуге және мал шаруашылығының өнімділігін арттыруға мүмкіндік жасалуда. Шаруа қожалықтары да ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл бағытта мемлекеттік «Жеңілдікті лизинг» және «Қазақстанда жасалған» бағдарламалары тиімді нәтиже беріп отыр. Жыл басынан бері осы бағдарламалар арқылы бір фронталды жүктегіш пен сегіз доңғалақты трактор сатып алынды. Жаңадан алынған техникалардың жалпы құны 131 млн теңгені құрайды. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы саласында 7 млрд 373,7 млн теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану бағытында жұмыстар жалғасуда. 2026 жылғы 15 маусымда жалпы көлемі 19 мың гектар жерге жеті лот бойынша конкурс өткізілді. Нәтижесінде жеті жеңімпаз анықталып, бір шаруа қожалығына қосымша 3 мың гектар, ал алты азаматқа жалпы көлемі 16 мың гектар жер телімі берілді.

 – Құрылыс – тіршіліктің қайнар көзі. Халықтың әл-ауқатының артуының шынайы көрінісі. Кейінгі жылдары ел дамуымен бірге шағын қалалар мен аудандардың да қанатын кеңге жайып келе жатқаны айқын. Елді мекендердің еңселі көрінуі ел Президентінің ұдайы басты назарында. Осы бағытта ауданда қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Алдағы жоспарлар қандай?

– Қазіргі уақытта аудан көлемінде бірнеше маңызды құрылыс жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сарысу ауылында биіктігі 24 метр болатын байланыс мұнарасы салынуда. Нысан тамыз айында пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін ауылда Beeline байланыс желісі іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жаркөл ауылдық округіне қарасты Тәуіш ауылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен құрастырмалы модульді ангар үлгісіндегі спорт залының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысанды қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Тұрғын үй құрылысына да басымдық берілуде. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үйлер салынуда. Осы жылы 24 пәтер, келесі жылы да 20 пәтер салу жоспарымызда бар, сонымен қатар  жеке тұрғындар тарапынан да тұрғын үйлер салуды жалғастырамыз. Ағымдағы жылы республикалық бюджет есебінен Тәуіш, Саға, Сужарған, Аралбай, Көкалат, Аққөл, А.Байтұрсынұлы, Ақшығанақ, Шилі  ауылдарына ветеринарлық пункттер орнатылады. Қазіргі таңда мердігерлері анықталып, жұмыстар басталды.

 

Елде «Әркімнің туған жері өзіне Мысыр шаһар» деген жақсы тәмсіл бар. Ауылдардың ахуалы қалай? Мектептерде бала саны жеткілікті ме? Тірек ауылдардың тынысы ашылып жатыр ма? Туған жеріне қарайласып жатқан азаматтар баршылық па?

– Ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары тұрақты жұмыс істеп тұр. Елді мекендерді абаттандыру, жол жөндеу, көше жарығын орнату, ауыз су және байланыс инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, Жангелдин ауданы тұрақты дамып келеді. Алдағы уақытта да ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және жастардың ауылда тұрақтауына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Қазіргі таңда аудан мектептерінде 2 195 оқушы білім алуда. Оның ішінде 174 бала мектепалды даярлық сыныптарында тәрбиеленсе, 724 оқушы бастауыш сыныптарда, 1 297 оқушы негізгі және жоғары сыныптарда білім алуда. Бұл көрсеткіштер аудан мектептерінің тұрақты жұмыс істеп тұрғанын және балалардың сапалы білім алуына қажетті жағдайлардың жасалып жатқанын көрсетеді. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқу сапасын арттыру және ауыл мектептерін қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Сонымен қатар, тірек мектептердің әлеуетін арттыру және оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бойынша тиісті шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Жангелдин ауданы мектептерін жаңа оқу жылына сапалы дайындау мақсатында бірнеше білім беретін ғимараттарды жөндеуге 88 млн теңге қаражат бөлінді. Атап айтқанда – Ы.Алтынсарин, Ғ.Қайырбеков, Ш.Уалиханов, Н.Г.Иванов, Қ.Топаев, Қаратүбек мектептерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оқушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін 55 млн. теңгеге қаражат жұмсалды. Атап айтсақ, барлық мектептерге аудан полициясына қосылған 240 камера цифрлық бейнебақылау, «дабыл түймесі», «Дауыстық хабарлама» орнатылды. Аудан орталығында 3 жалпы білім беретін және 1 өнер мектебіне «жеке меншік күзет» орналастырылды.

Жангелдин ауданында туған жерінің дамуына үлес қосып жүрген жанашыр азаматтар аз емес. Көптеген кәсіпкерлер мен ауданнан шыққан азаматтардың жеке бастамаларымен әлеуметтік маңызы бар жобаларға қолдау көрсетіп келеді. Олар білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау нысандарына демеушілік жасап, ауылдарды абаттандыруға, қоғамдық іс-шараларды өткізуге және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетуге атсалысуда. Осындай азаматтардың қолдауы мен елге деген жанашырлығы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етіп, туған жердің көркеюіне өзіндік үлесін қосып келеді. Алдағы уақытта да жерлестердің осындай игі бастамалары жалғасын табады деп сенеміз.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Орталық – Батыс» автожолының құрылысы Торғай өңіріне үлкен мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл жоба жөнінде айтып өтсеңіз.

– Биыл Торғай өңірінің дамуына серпін беретін ең ірі жобалардың бірі басталды. Президент тапсырмасына сәйкес «Орталық – Батыс» жаңа автомобиль жолының құрылысы қолға алынды. Бұл өңір тұрғындары көптен күткен тарихи жоба. Жол Арқалық арқылы Астанамен және Торғай арқылы Ырғыз ауданымен байланыс орнатады. Жолдың жалпы ұзындығы — 889 шақырым. Ол еліміздің орталығы мен батысын жалғап, Астана мен Батыс Қазақстан арасындағы жолды 560 шақырымға қысқартады. Қазіргі уақытта Торғай ауылынан Шеген ауылына дейінгі 20 шақырым жол учаскесіне 790 мың текше метр топырақ төгіліп, құрылысқа 50 арнайы техника жұмылдырылған.

Жол салынған жерде даму, бизнес пен жаңа жұмыс орындары құрылады. Халықтын тұрақтануына  зор әсер тигізеді. Бұл – ауданымыз үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер мен сауда мен логистиканы артыратын, туризмді дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын алға жасалған үлкен қадам.

Шағын және орта бизнесті дамыту – заман талабы. Еңбек еткен жанға кәсіптің түрі көп. Мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар бар. Ауданда қандай кәсіп көзі қарқын алуда? Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр ма?

– Бүгінде ауданда 605 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның ішінде 31 заңды тұлға, 251 жеке кәсіпкер және 323 шаруа қожалығы бар. Бұл кәсіпорындарда жалпы 735 адам еңбек етеді. Биыл мамыр айында Торғай ауылында мерекелік сыйлықтар дүкені ашылды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында әлеуметтік осал топтарға жататын 13 азаматқа жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін грант беру жоспарланған. Қазіргі таңда сегіз өтінім қолдау тапты. Соның нәтижесінде техникалық қызмет көрсету орталығы, наубайхана, дәнекерлеу цехы және автокөлік дөңгелегін ауыстыру қызметтері іске қосылады.

 – Интернет және байланыс мәселесі қалай шешіліп жатыр?

–Байланыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Сарысу ауылында жаңа байланыс мұнарасы салынып жатыр. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындары Beeline желісі мен 4G мобильді интернетке қол жеткізеді. Сонымен қатар биыл Шилі, Милісай және Көлқамыс ауылдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылуда.

 –«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы басталғалы бері ортақ іске жұмылушылар көп. Ел игілігін көріп жатыр. Қордаланған қоқыстар жойылды, тазалық күн тәртібіне қойылды. Өңірде осы өміршең іс шешімін тауып отыр ма?

–Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан көлемінде кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бағдарлама шеңберінде 1 250 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Сенбіліктер мен тазалық жұмыстарына үш мыңнан астам адам қатысты. 1 300 аула тазартылып, 44 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы ретке келтірілді. Барлық білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің аумақтары тазартылды. Саябақтар мен қоғамдық орындарда көгалдандыру, ағаш отырғызу, орындықтарды жөндеу, жарықтандыру жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты өткізілуде. Сенбіліктерге еріктілер, мемлекеттік қызметкерлер және тұрғындар белсенді қатысып келеді. «Таза Қазақстан» Telegram-боты арқылы түскен 26 өтінімнің барлығы толық орындалды. Жалпы аудан тұрғындарының санитарлық тазалыққа деген жауапкершілігі артып келеді. Бұл – экологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсететін жақсы үрдіс.

Жалпы, ауданымыздың өсіп-өркендеуі — баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан әр тұрғын туған жерінің тазалығына жанашырлықпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтап, бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосса деймін. «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді қатысып, туған өлкеміздің көркеюіне әркім өз үлесін қосуы қажет. Сонымен бірге жастардың сапалы білім алып, адал еңбек етуіне қолдау көрсету — бәріміздің ортақ парызымыз. Халық пен биліктің өзара сенімі мен ынтымақтастығы ғана ауданның тұрақты дамуына негіз болады.

2028 жылы Жангелдин ауданының құрылғанына 100 жыл толады. Осы мерейтой қарсаңында Торғай өңірінің барлық тумаларын, елжанды азаматтарды, әсіресе сыртта жүріп кәсіппен айналысып жүрген жерлестерімізді туған жердің дамуына белсенді атсалысуға шақырамын. Бірлігіміз бекем, еңбегіміз жемісті болсын!

– Әңгімеңізге рақмет! Ел үшін жасап жатқан еңбектеріңіз табысты болсын. Ұлыларды дүниеге келтірген киелі мекен көркейіп, гүлдене берсін.

      Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ          

Жангелдин ауданы