Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Данияр Дәндібаев өңірде есірткі қылмысына қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың аралық қорытындысын жариялады.
Республикада жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидасы мен «Қарасора-2026» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Полковник атап өткендей, мамыр-маусым айларында өңірде есірткіге қарсы айлық өтіп, 16 мыңнан астам адамды қамтитын 85 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Ал 1 маусым мен 31 қазан аралығында өтіп жатқан «Қарасора-2026» операциясының екі айында Қостанай облысында 53 қылмыстық есірткі құқық бұзушылығы тіркелді. Оның ішінде 11 факт есірткі өткізудің 11, аса ірі мөлшерде сақтаудың 7, есірткі контрабандасының 3 фактісінің жолы кесілді. Құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 4 дерегі, есірткі құралдарын заңсыз жарнамалаудың 3 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан бес келіден астам есірткі, оның ішінде 1,5 келіге жуық синтетикалық зат тәркіленіп, 52 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Брифинг барысында Данияр Дәндібаев өңірдегі есірткі тасымалына қатысты нақты деректерді атап өтті.
19 шілдеде Қостанай қаласында интернет-дүкеннің 26 жастағы өңіраралық курьері қолға түсті. Одан 1 келіден астам «меткатинон» синтетикасы мен 500 грамм марихуана тәркіленіп, қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Сондай-ақ, Рудный қалалық полициясы Telegram мессенджері арқылы жастарды «қоюшы» ретінде жұмысқа тарту схемасын әшкереледі. Бұл есірткі бизнесін ұйымдастырушылардың әлеуметтік желілерді белсенді түрде пайдаланып жатқанын көрсетеді.
«Есірткі тарату, наркограффити және өзге де заңсыз әрекеттер туралы ақпарат байқасаңыздар, бей-жай қарамай, дереу полицияға хабарласыңыз. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана жастарды есірткі бизнесінен қорғап, өңіріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», – деді Данияр Дәндібаев.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
