Ағайындылардың жеңісі

Ағайындылардың жеңісі

Қарасу ауданындағы Ермағамбетовтер жанұясы өңірдің спорт саласына өзіндік өрнегін салып келе жатыр. Отағасы Амангелді Жәнібекұлы салауатты өмір салтын берік ұстанумен қатар үлгілі іске балаларын да баулып келеді. Үкілеп өсіріп отырған ұлы мен қызы жуырда облыстың кіл мықты мергендері жиналған жарыста қара үзіп алға шықты.

Жуырда Қостанай қаласында облыстық XXXIX жазғы спартакиада бағдарламасы аясында нысана көздеуден жарыс ұйымдастырылған болатын. Сол сайыста ағайынды Ермағамбетовтер, Батырхан мен Амели ең жоғары ұпай жинап, абсолютті чемпион атанды. Сөйтіп облыстық 39-шы жазғы спартакиаданың бір жүлдесін Қарасу ауданның қоржынына салды. Екеуі тапсырманы мінсіз орындап, командалық есепте 1228 ұпай жинақтады. Жарыста сынға түскен Амели Ермағамбетова жалпы есепте I орын және жеке есепте I орын алды. Батырхан Ермағамбетов жалпы есепте I орын, жеке есепте II орын иеленді.

blank blank

Туған жерінің намысын зор мақтанышпен қорғаған Батырхан Ермағамбетовты сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, жарыс жоғары деңгейде өтіпті. Биыл сайыста халықаралық стандарттарға сай келетін, швейцариялық SIUS өндірушісінің электронды-цифрлық нысаналары қолданылды. Жаңашылдық аймақтың оқ ату спортының жаңа белеске көтерілгенін білдірсе керек.

-Біртіндеп қағаз нысаналардан бас тартып жатырмыз. Соны бетбұрыс көздеп ату спортының айтарлықтай дамығанының, танымалдығы артқанының айқын белгісі. Әрі өте қуантарлық жайт. Жарысқа дайындық барысында ауқымды жұмыс жасалды. Осы жетістікке жетуге үлес қосқан барша жанға алғыс айтқым келеді. Алда маңызды кезеңдер күтіп тұр және оларға әзірлік қазірден басталып кетті»,-деді ол.

Ағайындылардың нысанаға оқ ату спортымен шұғылдана бастағанына көп болған жоқ. Бір жылдың шамасы. Аталмыш бағыт олимпиадалық спорт түріне жатады. Батырханның ендігі міндеті олимпиада ойындарының іріктеуіне қатысу. Спортшының асқақ арманы мен үздіксіз дайындығы биік белесті оңай еңсеруге жол ашады деген сенімдеміз.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Қарасу ауданы