Облысымызда алғаш жетіген аспабын насихаттап, бүгінге дейін жас өнерпаздарды тәрбиелеп жүрген өнер иесі Әсем Искакованың еңбегі ерен. Қазіргі таңда оның шәкірттері халықаралық деңгейде жүлделі орындарды иеленіп келеді. Сондай талантты оқушыларының бірі – Тоғжан Бейсенбек.
Тоғжан небәрі 12 жаста. Ол мемлекеттік тілде оқытатын Заречный жалпы білім беретін мектептің алтыншы сыныбын тәмәмдады. “Жетіген” үйірмесіне қатысқанына екі жыл уақыт өтсе де, біраз жетістікке жетіп үлгерген. Оның ойынша, Жетіген жасалу жолы мен ойналуы қиын аспаптың бірі. Соған қарамастан бұл аспапты өте нәзік деп есептейді.
– Менің бұл аспапқа деген қызығушылығымды Гүлмира есімді апам ашқан болатын. Алғаш үйірмеге сіңілім Мерей екеуімізді сол кісі апарды. Бірінші күннен бастап аспапқа деген қызығушылығым артты. Қазір сіңілім екеуіміз дуэт болып көптеген байқауларға қатысып жүрміз. Соның ішінде Ақтау қаласында өткен республикалық “Дарындар әлемі” конкурс фестивалінде 1-ші орынды иеленіп, халықаралық байқауға жолдама алдық. Аталмыш конкурс Түркия елінің Стамбул қаласында өтті. Сол жарыстан гран-при иелендік. Ата-аналарымыз бен ұстазым Әсем Құрманғазықызының арқасында осындай жетістіктерді еңсеріп отырмыз. Ұстазымызға алғысым шексіз, – дейді Тоғжан Бейбітқызы.
Дарынды жас бүлдіршіндер Тоғжан мен Мерей жақында Алматы қаласында өткен халықаралық “Бозторғай” байқауында да өздерін жақсы қырыннан көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды.
Гүлжан БӨЛЕГЕН