Іс-шара аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын жағдайдағы отбасыларды анықтау және оларға жан-жақты қолдау көрсету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Үй – әр адам өзін қауіпсіз сезінетін, мейірім мен махаббатқа толы мекен болуы тиіс. Егер шаңырақта қорқыныш пен зорлық болса, бұл бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Бүгінде мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, заңнаманы жетілдіруде, дағдарыс орталықтары мен қолдау қызметтерінің жұмысын дамытуда. Бірақ ешбір заң адамдардың бір-біріне деген құрметі мен жанашуын, отбасы құндылықтарын алмастыра алмайды», – делінген ресми мәлімдемеде.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі еліміздің бірнеше қалаларында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген. Іс-шараға білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласының мамандары және қоғам өкілдері қатысқан.
«ЖПІШ барысында қиын жағдайға тап болған 20 отбасы анықталып, олармен уәкілетті мемлекеттік органдар жұмыс жүргізіп жатыр. Зорлық-зомбылыққа ешқашан ақтау жоқ. Әрбір әйел қорғануға, әрбір бала бақытты балалық шақта өмір сүруге құқылы. Ең қауіптісі – үнсіз қалу. Сондықтан бейжай қарамайық. Бір ауыз қолдау, дер кезінде көрсетілген көмек бір адамның тағдырын өзгерте алады. Өйткені қауіпсіз отбасы – берекелі қоғамның негізі», – деп ескертеді министрлік өкілдері.
