Маман тапшы: аға буынды кім алмастырады?

Маман тапшы: аға буынды кім алмастырады?

Қабдол Абдрахманов – сарыкөлдік тәжірибелі механизатор. 1986 жылдан бері комбайн тізгінінде. Кеңес дәуірінен бері туған ауданының бірнеше ұжымшарында үзіліссіз жұмыс істеп, егін озаты атанған.

Қажырлы еңбегі үшін көптеген марапат-сыйға кенеліпті. Тимирязев ауылының байырғы тұрғыны. 1971 жылдан бері түтін түтетіп отыр. Бүгінде сол елді мекендегі «Утемисов» шаруа қожалығының тәжірибелі, үздік маманы. Биыл тұрақты жұмыскер ретінде орақ науқанына соңғы рет шықпақ. Зейнет жасына келді. Бірақ оны алмастыратын жастар болмағандықтан, шаруашылыққа жәрдемдесе тұруына тура келуі мүмкін.

 «Өмір бойы осы ауданда қызмет еттім. Жаңа жылдан кейін зейнеткерлер қатарына қосыламын. Алайда ауылымызда механизаторлар тапшы ғой. Жастардың жолағысы келмейді. Бәрі қалада. Демек, зейнетке шыққаныма қарамай, мені көмекке шақыратыны анық. Толық жұмыс істемесем де егін ору маусымына ғана қатысып отырармын. Жас келді, бұрынғыдай күш-қуат жоқ», – дейді Қабдол ағамыз.

Шаруашылықтың тартуымен Тимирязев ауылына сырттан келіп жатқан бірді-екілі механизатор   да жоқ емес. Бірақ олардың өзі орта жастағы мамандар. Ұжымдағы механизаторлардың ең жасы қырықтан, елуден асқан. Зейнеткерлікке жақындап келеді. Алдағы уақытта аға буынды алмастыратын толқын бола ма, болмай қала ма деп алаңдап қояды Қабдол аға.blank

«Таяу арада бұл ахуалдың қалай болатынын болжау қиын. Жастардан үміт үзе бастағандаймыз.  Қаладағы жайлы өмірді қалай ма, ауылда қалып қоямын деп қорқа ма, жай ғана жалқаулық па, әлде ата-ана тәрбиесі сондай ма – оның себебі өздеріне аян. Рас, қожалық басшылығы аудандық колледжден студенттер шақырды. Бір ғана жас бала тәжірибеден өтіп жүр. Жан-жақтан білгенімізді үйретіп жатырмыз. Бірақ осында жұмыс істеуге қалатынына кепіл бар ма? Баланың диплом алғаннан кейінгі шешіміне байланысты ғой», – дейді ол.

blankТәжірибе мерзімінде студентке жалақы да төленеді. Жалпы, шаруашылық еңбекақыны жақсы төлейді  екен. Оның үстіне отын-су мен жем-шөпті тегін түсіріп береді. Ол жағынан еш алаң жоқ. Табыс ауылдағы тұрмысқа жетіп-артылады. Мәселен, Қабдол ағамыз осы жолғы егін егу жұмысында 2,2 млн теңге ақша тауыпты. Жиын-терім кезінде бұл сомадан екі есе жалақы аламыз деп отыр. Техника жөндеу сияқты күнделікті жұмыстарға төленетін жалақы 200 мың теңгенің айналасында.blank

            «Қыс бойы, жұмыс істемесек те, 40-50 мыңнан аванс беріп отырады. Ақша жағынан аса қысылып жатқан жоқпыз. Қандай да бір тұрмыстық қиыншылық туындап жатса, жиын-той бола қалса, қарыз береді. Ол банкке кредитке кіргеннен жақсы. Сосын егістік табысы қолға түскен соң есептесесің», – деп те қоса кетті еңбеккер.

Қазір шаруа қожалығында елу шақты адам жұмыс істейді. Оның 17-сі – механизатор. Қатарымызға жастар қосылса деген тілек бәріне ортақ. Түлектер ауылға таңдау жасаса, жұмыс беруші тарапынан жасалар жағдай, көрсетілер жәрдем де олқы емес. Бір ғана кемдік бар: ауылда дәл қазіргі уақытта бос тұрған үй жоқ. Бұл – ат төбеліндей жалғыз Тимирязевке емес, көптеген елді мекенге ортақ түйткіл. Бәлкім, алдағы уақытта жұмысшы мамандарға арналып баспаналар салынып жатса, келуге ниеті оянатын жастар табылар ма еді. Қабдол ағамыз мәселені шешудің ықпалды жолының бірі осы-ау деп есептейді.blank

Толығырақ – газеттің алдағы санында.

Ж.Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Василий Васильев

Сарыкөл ауданы