Allur-да алғашқы роботтандыру орталығы ашылды

Allur-да алғашқы роботтандыру орталығы ашылды

Қостанайдағы Allur кәсіпорнының өнеркәсіп саласы технологиялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Яғни, өзінің ғылыми әлеуеті мен инженерлік мүмкіндіктерін кеңітіп, қабілетін танытып жатыр. Айтпағымыз, Allur автомобиль зауыты елімізде алғашқы болып роботтандыру, өндірісті автоматтандыру және жасанды интеллект технологиялары орталығын ашты.
Бұл дегеніміз нақты ғылым. Жоғары білім және өндірісті бір арнаға тоғыстыратын, отандық инженерлік шешімдердің идеядан бастап конвейерге дейінгі толық жолын қамтамасыз ететін бірегей алаң. Орталықтың ашылуы Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарын роботтандыру және өнеркәсіптік автоматтандыру мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар аясында өтті. Кәсіпорындағы жаңа алаңда автомобиль өндірісіне арналған бес отандық робототехникалық кешен таныстырылды.

Айтулы іс-шараға мемлекеттік органдардың, өнеркәсіп кәсіпорындарының, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан, Италия және Қытай елдерінің сарапшылары қатысты. Ұйымдастырушылар – Allur кәсіпорны, академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты және «Тұран» университеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының қолдауымен.

Стратегиялық сессия аясында қатысушылар кәсіпорындарға роботтандырылған жүйелерді енгізу, инженерлік кадрларды даярлау және өнеркәсіптік автоматтандырудың отандық технологияларын дамыту мәселелерін талқылады. Италия мен Қытайдан келген сарапшылар автомобиль өндірісінде робототехниканы қолданудың халықаралық тәжірибесін ұсынды.

«Allur үшін ғылымды, білімді және өндірісті біріктіру – нақты міндеттерді шешудің практикалық құралы. Жаңа орталық өндірістің тиімділігін, сапасын және жергіліктендіру деңгейін арттыруға ықпал етуі тиіс. Біздің міндетіміз – идеядан нақты өнеркәсіптік шешімдерге көшу», – деп атап өтті Allur кәсіпорнының атқарушы директоры Арғұлан Майконов.

Бағдарламаны іске асыру нәтижелері мен Қазақстан автомобиль өнеркәсібін роботтандыру перспективалары туралы оның жетекшісі Амандық Төлешов баяндады. Халықаралық күн тәртібін Римдегі Тор Вергата университетінің профессоры Марко Чекарелли мен Шэньян автоматтандыру және робототехника институтының профессоры Чанг Юн жалғастырып, Италия мен Қытай тәжірибесін таныстырды. Ал «Тұран» университетінің проректоры Дина Разақова Қазақстанда өнеркәсіптік роботтандыру саласында өзіндік ғылыми-өндірістік экожүйе қалыптастыру тәсілдерін айтып өтті.

Стратегиялық сессия аяқталғаннан кейін қатысушылар Allur кәсіпорнының өндірістік алаңына барып, Роботтандыру, өндірісті автоматтандыру және жасанды интеллект технологиялары орталығының салтанатты ашылуына қатысты.

Жаңа орталықта қонақтарға оқыту, сынақтан өткізу және өндірістік шешімдерді пысықтау үшін пайдаланылатын бес отандық робототехникалық кешен көрсетілді. Әзірлемелер бөлшектерді таңбалауға, кузов элементтерін нүктелік дәнекерлеуге, бұйымдарды тасымалдауға, цехішілік логистикаға және қойма операцияларын автоматтандыруға арналған.

Орталық құрамына инженерлік кадрларды даярлауға арналған мамандандырылған зертхана мен оқу-білім беру алаңы да кіреді. Сондай-ақ салтанатты рәсім аясында бірлескен ғылыми-өндірістік жобаларды іске асыруды, мамандар даярлауды және отандық әзірлемелерді өнеркәсіпке енгізуді көздейтін үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Орталықтың ашылуы тек Allur кәсіпорны үшін ғана емес, Қазақстанның бүкіл өнеркәсіп саласының одан әрі дамуы үшін де маңызды.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Құрылған алаң ғылыми әзірлемелерді, инженерлік құзыреттерді және нақты өндіріс мүмкіндіктерін біріктіріп, отандық технологиялардың идея мен сынақтан бастап, ел кәсіпорындарында практикалық енгізуге дейінгі толық жолдан өтуіне жағдай жасайды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – Allur кәсіпорнының баспасөз қызметі