Жаңа Конституция: Орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі

Жаңа Конституция: Орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі

Ел өміріндегі тарихи белес – бүгін, 1 шілдеден бастап жаңа Ата заң күшіне енді. Осыған байланысты конституцияның маңыздылығына арналған ауқымды ғылыми-практикалық конференция болды. Елордада өткен алқалы жиынға отандық жетекші заңгерлер мен ғалымдар, халықаралық сарапшылар және қоғам қайраткерлері қатысып, мемлекеттің жаңа саяси-құқықтық келбетін талқылады. Елдің барлық өңірлерін қамтыған басқосуға онлайн режимде Қостанай облысынан да өкілдер қатысты.

Жиынға ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзимова модераторлық етті. Жиналғандар жаңа Конституция аясындағы саяси реформаларды, заң үстемдігін нығайту мен адам құқықтарын қорғаудың тың тетіктерін саралады.  Конференция шымылдығы халықаралық деңгейдегі беделді меймандардың құттықтау сөзімен ашылды. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) Бас хатшысы Қайрат Сарыбай еліміздегі конституциялық реформалардың аймақтық тұрақтылыққа тигізер оң әсерін атап өтсе, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, ТҮРКПА Бас хатшысы Гасан Рамиль Сагиб оглы және Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Феруза Эшматова бейнетүсірілім арқылы ізгі тілектерін жолдап, реформалардың халықаралық стандарттарға сай екендігін жоғары бағалады.

«Қазақстан халқының ерік-жігерінің нәтижесінде еліміздің конституциялық дамуы жаңа кезеңге қадам басты. Жаңартылған Конституция құқықтық жүйені, мемлекеттік басқаруды, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағыттарын айқындады. Жаңа Конституцияның күшіне енуімен Конституциялық Сот Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, жаңартылған конституциялық құндылықтарды қорғауды одан әрі күшейте түсетін болады. Жаңа Конституцияны әзірлеу, оны қоғамдық талқылау және республикалық референдум өткізу үдерісі халықаралық қауымдастық пен серіктес мемлекеттердің ерекше қызығушылығын тудырды», – деді жиын модераторы, ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның құқықтық және демократиялық дамуының маңызды кезеңі екенін атап өтті.

«Жалпыұлттық референдумда қолдау тапқан жаңа Конституция – ауқымды қоғамдық диалогтың нәтижесі. Ол құқық үстемдігіне, қоғамдық келісімге және орнықты даму қағидаттарына сүйене отырып, мемлекеттілікті одан әрі нығайтуға бағытталған. Жаңартылған Ата Заңда халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі екені нақты айқындалды. Конституцияда Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы мен унитарлық сипаты мызғымас құндылықтар ретінде бекітілген. Сонымен бірге еліміздің халықаралық құқық қағидаттарын құрметтеуге, мемлекеттер арасындағы дауларды бейбіт жолмен шешуге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға берік ұстанымы нақты көрсетілген. Бұл Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді адал орындайтын жауапты мемлекет екенін тағы бір мәрте дәлелдейді», – деді Қайрат Сарыбай.

Жаңа Ата заңның ең үлкен жетістігі – инклюзия мен теңдік принциптерінің терең орнығуы. Бұл бағытты Конституциялық комиссияның мүшесі, 2027 жылдан бастап БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндеге комитетінің мүшесі ретінде ел атынан қызмет ететін Ляззат Қалтаева жіліктеп берді.

«Конституциялық реформа еліміздің саяси жаңғыруының маңызды кезеңіне айналды. Ол Конституциядағы басты қағидатты – адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті мемлекеттің ең қымбат қазынасы екенін одан әрі нығайтты. Дәл осы қағидат Қазақстанның әділетті әрі инклюзивті мемлекет ретінде дамуының негізгі бағытын айқындайды. Мүгедектігі бар қазақстандықтар үшін жаңа Конституцияның маңызы ерекше. Бүгінде әңгіме тек әлеуметтік кепілдіктер туралы ғана емес, әрбір адамның өз құқықтарын толық жүзеге асыруына, қоғамдық және мемлекеттік өмірге тең дәрежеде қатысуына, барлық салада тең мүмкіндіктерге ие болуына жағдай жасау туралы болып отыр. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасы Конституциясының Брайль қарпімен жарық көруі. Бұл – Ата Заң мәтінін қолжетімді форматқа аудару ғана емес, Конституцияның шын мәнінде әрбір азаматқа тиесілі екенін және ақпаратқа тең қолжетімділік азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асырудың маңызды кепілі екенін көрсететін айрықша оқиға. Сонымен қатар бүгінгі таңда алдымызда жаңа сын-қатерлер де бар. Пандемия, климаттың өзгеруі, көші-қон үдерістері, геосаяси жағдай, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы мемлекеттік қызметтердің барша азамат үшін қолжетімді болуын талап етеді. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың мемлекеттік саясатты әзірлеу үдерісіне нақты қатысуын қамтамасыз ету ерекше маңызды. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясында бекітілген «Біз туралы бізсіз ештеңе шешілмеуі тиіс» қағидатының басты талабы», – деді ол.

Қазақстан өкілінің БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетіне сайлануы да еліміздің осы бағыттағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанының дәлелі. Сонымен бірге бұл – мемлекет үшін үлкен жауапкершілік. Жаңа Конституцияға негізделген саяси реформалардың нәтижесі, ең алдымен, әрбір азаматтың, соның ішінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарының қаншалықты толық қорғалып, олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына қандай мүмкіндіктер жасалғанымен бағалануы тиіс.

Сондай-ақ, әлемдік конституциялық құқық жөніндегі танымал профессорлар – Техас университетінен Ричард Альберт пен Француз халықаралық қатынастар институтының (IFRI) атқарушы төрағасы Тьерри де Монбриаль жаңа құжаттың әлемдік заңнамалық тәжірибедегі прогрессивті сипатына тоқталды.

Сот жүйесі мен әділ сот төрелігіне бағытталған конституциялық кепілдіктер жайлы сөз қозғаған Сот төрелігі академиясының ректоры Қанат Мусин мен заң ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Ахпанов әрбір азаматтың сот арқылы қорғалу құқығы ендігі жерде мызғымас бекітілгенін алға тартты. Ал Парламентаризм институтының атқарушы директоры Алмас Қанатов заңнамалық бастамалардың адам бостандығын кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.

Жиын барысында Конституцияның тек саяси ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық сипаты да кеңінен сөз болды. Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев пен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми хатшысы Айгүл Көшербаева жаңа заңның адами капитал мен қоғамдық-саяси топтасуға тигізер ықпалы зор екенін дәлелді уәждермен жеткізді.

Бүгінгі таңда ғылым мен білімнің маңызы артқан тұста, Nazarbayev University Президенті Вакар Ахмад білім берегудегі инновацияның конституциялық негіздеріне тоқталды. Заманауи үрдістер де назардан тыс қалған жоқ: университет сарапшысы Зият Әбдіқайымов цифрлық инклюзия мен цифрлық құқықтардың жаңартылған заң аясында қалай қорғалатынын баяндады.

Халықаралық құқық пен еңбек қатынастарының аражігін ашқан Maqsut Narikbayev University профессорлары Альберто Пекораро мен Муслим Хасенов заңнамалық шаралар мен жаңа заңға ғылыми комментарий әзірлеу бойынша MNU бастамасының маңыздылығын ортаға салды. Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанара Жігітекова жаңа ережелерді іске асырудағы заңнамалық шараларды нақтылады. Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов құқықтық ақпарат пен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың рөлін атап өтсе, белгілі журналист, «Қазақстан» РТРК тележүргізушісі, Конституциялық комиссияның мүшесі Ерқанат Көпжасарұлы жаңа Ата заңның негезі өзегі – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік идеологиясы екенін қадап айтты.

Экран арқылы қосылған мемлекеттік қызметкерлер, ұйым өкілдері Ата заңның жаңа қағидаттары Тәуелсіздігімізді баянды етуге және өңірлерді дамытуға тың серпін беретінін бірауыздан қолдады.

Жаңа Конституцияның білім беру жүйесіне әкелетін өзгерістері мен оның жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастырудағы рөлі де конференция барысында кеңінен сөз болды.

«Білім саласы да бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Өйткені жаңа Конституция аясында білім беру жүйесіне қатысты маңызды міндеттер айқындалған. Ең бастысы – әрбір баланың сапалы білім алуға деген конституциялық құқығын қамтамасыз ету. Осы бағытта білім беру ұйымдарында оқушылар мен студенттерге жаңа Конституцияның мазмұны, оның бұрынғы редакциядан ерекшеліктері мен енгізілген өзгерістер кеңінен түсіндіріліп келеді. Сонымен қатар кәмелетке толмаған білім алушылардың құқықтары, ата-аналардың міндеттері мен жауапкершілігі жөнінде де жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға педагогтермен қатар ата-аналар да белсенді тартылып отыр. Жаңартылған Конституцияда көзделген өзгерістер білім саласына тікелей қатысты. Сондықтан білім басқармасының негізгі міндеттерінің бірі – баланың құқықтарын қорғау, сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Сонымен бірге қоғамда жүзеге асып жатқан реформаларды, «Заң және тәртіп» қағидатын, құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті жас ұрпақтың бойына сіңіру маңызды. Балалардың өз құқықтары мен міндеттерін ерте жастан білуі олардың тұлғалық дамуына, құқықтық сауаттылығының артуына және адами капиталдың сапасын көтеруге оң әсер етеді деп сенеміз», – деді Қостанай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова.

Конференцияда Ата Заңның қоғам өміріндегі орны ғана емес, оның мәдениет, білім және ғылым салаларының дамуына тигізетін ықпалы кеңінен талқыланды.

«Жаңа Конституцияның преамбуласында ұлттық мәдени құндылықтарды сақтау мен дамытуға ерекше мән берілген. Бұл – халқымыздың тарихи мұрасын, рухани байлығын және ұлттық бірегейлігін дәріптеуге бағытталған маңызды қадам деп есептеймін. Қазіргі таңда мәдениет саласының қызметкерлеріне жаңа Конституцияда көзделген өзгерістер, енгізілген толықтырулар мен мемлекеттік қолдау тетіктері жан-жақты түсіндіріліп келеді. Жаңа Ата Заңда мәдени құндылықтарға басымдық берілуі бізді ерекше қуантады. Мәдени құндылықтар – халқымыздың бай мұрасы, төл өнері, салт-дәстүрі мен рухани қазынасы. Конституцияда білім, ғылым және инновациямен қатар мәдени құндылықтардың да ерекше аталып өтуі ұлттық құндылықтарды ұлықтауға деген мемлекеттік ұстанымның айқын көрінісі. Жалпы, жаңа Конституция аясында жүзеге асырылатын реформалар барлық салаға тың серпін береді деп сенеміз. Соның ішінде мәдениет саласы да жаңа даму кезеңіне қадам басып, мемлекеттік қолдау күшейіп, жаңа бастамалар жүзеге асады. Бұл ұлттық мәдениеттің өркендеуіне, мәдени мұраны сақтауға және оны келер ұрпаққа лайықты жеткізуге зор жол ашады», – дейді Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбілов.

Күшіне енген Жаңа Конституция – өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, Әділетті Қазақстанның орнықты дамуына жол ашатын басты құқықтық діңгек.

blank blank blank blank blank blank

Алқалы жиынға қатысушылар бұл тарихи құжаттың әрбір бабы халықтың әл-ауқаты мен құқықтық қауіпсіздігіне қызмет ететініне кәміл сенім білдірді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ