Серік соңғы жылдары республикалық баспасөзде тәуір-тәуір жырларымен көрініп жүр. «Жас керуенге» енген әдемі өлеңдері әдеби қауымның өзінің дұрыс бағасын алды, оқушыларының ойына ұялады.
Серіктің жырлары арындап алып қашып та кетпейтін, белгілі бір межеден аса алмай бір орында тұра да бермейтін, салауатты, байсалды ойы бар, қаны бар жырлар. Жас ақын орынсыз теңеу іздеп, ойда жоқтан ұйқас, түр іздеп жатпайды.
Бойындағы барын шашып-төкпей, асықпай-аптықпай жәйімен ақылмен жырлауға ұмтылады. Серіктің тілі қызықтырады. Орынды сөзді орнымен пайдалана біледі. Қазіргі әдеби тілімізбен жақсылып қаруланған.
Жырға алған обьектісінің аумағы кең. Өмір туралы, туған жер, ол жердің ардагер адамдары туралы, махаббат, достық, адамгершілік туралы өзінше поэтикалық пайымдаулар жасайды. Жыр нысанына алған тақырыбының жанына жақын барып, ішіне енуге жалаңаш жүрегін тыңдап көруге тырысады. Көптеген жағдайда бұл оның қолынан да келеді.
Жастың солғын жырлары жоқ деуден аулақпын. Алайда, жаңа бастап, жыр табалдырығын жаңа аттаған жастарға осы Серіктің екпінін, биязылығын (поэзиядағы биязылығын) қалар едім.
Өлеңдерін жинақтап бастырып шығуына өз басым қарсы емеспін. Серік – ақындық тұсауын кесуге тұрарлық жас.
Мұқағали Мақатаев. 10 мамыр 1970 жыл
Жазып алған Амангелді Кеңшілікұлы
