Еліміздегі банктер қазақша біле ме?

Еліміздегі банктер қазақша біле ме?

Қазақ тілі – ұлтты біріктіретін ең басты фактор екені даусыз. Сондықтан, мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға бәріміз жауаптымыз. Бүгінде Қостанай облысындағы қазақ тілінің жағдайы, қолданыс аясы туралы сөз қозғар кезде күмілжіп қалатынымыз рас.

Десек те, соңғы он-жиырма жылдағы жағдаймен салыстырғанда қазіргі ахуал әлде қайда жақсы. “Көш жүре түзеледі” демей ме. Қостанай қоғамының тұтас қазақша сөйлеп кетуіне, бәлкім, уақыт керек шығар.

 Сөзіміз сенімді болсын деген оймен аймаққа қарасты аудан-қалалардың орталықтарындағы банк бөлімшелеріне хабарласып, қазақшасын байқап көруге тырыстық. Зерттеуімізді алдымен іргелес жатқан Тобыл қаласынан бастадық. Мұндағы банк бөлімшелерінің интернеттегі мәліметтерінде республикалық бірыңғай байланыс орталықтарының телефондары көрсетілген екен. Берілген нөмірлерге хабарласқанымызда, «Халық банкі» мен «Каспий банктің» бірден Алматы қаласындағы республикалық колл-орталығымен сөйлестік. Қоңырауымызға жауап берген мамандар қазақ тіліне жүйрік. Тобыл қаласындағы менеджерлермен сөйлесу үшін тікелей банк бөлімшелеріне бару қажеттігін түсіндірді. Одан кейін кеншілер қаласы, Рудныйды нысанаға алдық. “Jýsan Bank-тің” Рудныйдағы бөлімшесінде телефон тұтқасын көтерген маман орыс тілінде тіл қатты. Біздің мемлекеттік тілде қойған сауалымызды естіген бойда бірден қазақша білетін маманды телефонға қоса қойды. Тиісті сұрағымызды қойып, ана тілімізде толық ақпарат алдық. Мұндағы “БанкЦентрКредиттің” мамандары бірден қазақша жауап қатты. Сауалға сай қажетті ақпаратпен таныстырды. “Хоум Кредит энд Финанс Банкінің” бөлімшесіндегілер қазақша сайрап тұр екен. Банк бөлімшелеріне қарапайым тұтынушы ретінде хабарласқанымызды айта кетейік. Телефон арқылы сөйлескен менеджерлерден депозит процентін нақтылап, жастарға арналған жеңілдетілген несиенің бар- жоғын сұрадық.

Келесі кезек – Лисаковта. Мұндағы «Еуразиялық банктің» қалалық бөлімшесіне хабарласқанымызда, біздің байланыс бірден республикалық колл­орталығына түсті. Аты­-жөнін айтып, өзін таныстырған маман таза қазақша сөйлеп, қажетті ақпаратты толық түсіндірді. “Хоум Кредит энд Финанс Банктің” Лисаковтағы бөлімшесі де мемлекеттік тілді жетік меңгергенін анық байқатты. Интернетті ақтарып, қолымызға түскен телефон нөмірлері бойынша хабарласып, осындай мәлімет жинақтадық. Нәтижесін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Байқағандарыңыздай, банктердің аудандық бөлімшелерінен хабар алу үшін өзінің кеңсесіне бару қажет. Ал колл-орталықтар республикаға ортақ бірыңғай желіге қосылған. Біз ізденіс барысында тек банктердің колл­-орталықтарына қоңырау шалдық. Нақты банк бөлімшелеріне барғанымыз жоқ. Сондықтан, бөлімшелердегі операторлар мен басқа да мамандардың мемлекеттік тілде сөйлеу деңгейі туралы ештеңе айта алмаймыз. Аталмыш тақырыпты қаузап отырғандағы мақсатымыз, көпке топырақ шашу немесе өзгенің мінін теріп, бетіне басу емес. Мемлекеттік тіл саясаты шеңберінде жасалып жатқан жұмыстарға тілеулестік білдіру еді.

Қаржы саласындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясы және маңыздылығы туралы білікті маманның пікірін білу үшін тіл жанашыры Қырмызы Жаңбыршинаға хабарластық. Қырмызы Сапарқызы ­ банк саласында ұзақ жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті қаржыгер әрі Қостанай облыстық мәслихатының депутаты. Бүгінде «Еуразиялық банк» АҚ №7 филиалының директоры болып жауапты қызмет атқаруда. Солтүстік өңірде мемлекеттік тілдің дамуына белсенді үлес қосып келеді. Сондай-­ақ, «Amanat» партиясы Қостанай облыстық филиалының жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырыстарында тіл мәселесін батыл көтеріп жүр.

– Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы шектеліп, бауырын жаза алмай, кібіртіктеп тұрған саланың бірі екенін мойындау керек. Бүгінде банк қызметін пайдаланбайтын адам кемде-кем. Кез келген тұтынушы банк арқылы несие алу, депозит ашу, коммуналдық және т.б. төлемдер жасайтыны белгілі. Бұл орайда банк операциялары жөнінде ақпарат көзі қажет. Оның ең оңай жолы – ғаламторға жүгіну. Осы ретте екінші деңгейлі банктердің ғаламтор сайттарындағы ақпарат қатардағы қазақтілді тұтынушы сұранысын қанағаттандыра ала ма деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап ретінде, өзім қызмет атқаратын «Еуразиялық банктің» сайтынан қазақ тілінде толыққанды ақпарат алуға болатынын айтқым келеді. Ал енді күнделікті өмірдегі тіліміздің қолданыс аясының шамасына тоқталатын болсақ, біздің облысымызда мемлекеттік тілдің қолданысы тек банк саласы ғана емес, қоғамның басқа да салаларында кенжелеп тұрғанын жасыра алмаймыз. Қазақ тіліне қатысты мәселелерде әрбір азамат күнделікті өмірде өзінің заңды құқықтарын талап етіп отырса, бұл саладағы кемшіліктер жойылар еді. Қаржы, банк саласы тәрізді негізінен орыс тілі басымырақ мекемелерде қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ету, қызметкерлерге қазақша сөйлеу, ақпарат сұрау дағдылы жайтқа айналуы қажет. Сонда ғана қазақ тіліне деген сұраныс бар екендігі мойындалып, тиісінше жауап та болатыны сөзсіз, –­ деді Қырмызы Сапарқызы.

Спикеріміз өзі еңбек ететін «Еуразиялық банктің» бүгінгі тыныс­-тіршілігіне де тоқталды. Ондағы кадрлардың біліктілігі және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі туралы баяндады.

–­ Біздің мекемедегі қызметкерлердің  90 пайызға жуығы мектепті, жоғары оқу орнын орыс тілінде бітірген мамандар. Қалада қазақ тілінде еркін сөйлейтін қаржы маманын табу қиын. Дегенмен, бізде әр бөлімдер мен бөлімшелерде мемлекеттік тілде жауап бере алатын 1-2 маманның болуы міндетті түрде қарастырылған. Халыққа қызмет көрсететін колл-орталық біздің бас банкте Алматы қаласында жұмыс істейді. Ол жерде клиенттерге, өз қалаулары бойынша қызмет екі тілде , қазақ және орыс тілінде беріледі. Іс-қағаздар да, оның ішінде барлық қызмет көрсету шарттары, құжаттар  екі тілде жүргізіледі, – ­деді Қырмызы Жаңбыршина.

 «Кез келген тілдің маңыздылығы, бәсекеге қабілеттілігі – оның барлық саладағы қолданыс аясымен бағаланатыны мәлім. Тәуелсіздік жылдарында қаржыгер, борышкер, мөлшерлеме, салым, салымшы, кепілзат, кепілгер, сый­ақы, төлем, төлемақы, пайыз сияқты қан­шама терминдер жасалып, қолданысқа енді. Терминқорымыз толықты. Алайда мұның бәрі бұл салада атқарылуға тиісті жұмыстардың бір бөлігі ғана. Жалпы алғанда, өкінішке қарай, еліміздің қаржы саласы әлі толық қазақша сөйлеп кетті деп айта алмаймын», – дейді Қостанай облыстық мәслихатының депутаты.Қырмызы Жаңбыршина.

Қымбат ДОСЖАНОВА,

Жаңалықтармен бөлісу