Астана – жастардың шабытына қанат бітіріп, ойға алған арманның орындалатын қаласы. Десек те, арманға жету оңай емес… Ол жайлы кейіпкеріміз ақтарыла айтып берді. Бас қалаға арман қуып барған жандардың бірі – журналист Сымбат Смағұл.
Әріптесіміз жақында БАҚ қызметкерлері күнінде бас қаладан баспаналы болды. Сымбат қара шаңырақ “Қостанай таңы” редакциясының жанындағы Социологиялық эмпирикалық зерттеу орталығынан еңбек жолын бастаған еді.
Сымбат Астанаға 2018 жылы қон-ыс аударды. Ертерек кетуге де болар еді, алайда анасының зейнет жасына аз қалған соң күтуге тура келген. “Қазақстан” Ұлттық телеарнасында жұмыс істеу Сымбаттың бала күні арманы болатын.
– Анама айтып жүруші едім Астанаға көшейік деп. Ұлттық арнаның өнімдерін бала кезімнен қарап өстім. Ол жерде жұмыс істеу армандарымның бірі еді. 2018 жылы жаз мезгілінде барып тағылымдамадан өтіп, бірер айдан соң жұмысқа қабылдандым. Басында, әрине, қиын болды. Тәжірибелі әріптес аға-апалар арасында сенімсіздік танытқандары да болды. Бірақ, жерге қаратпаймын деп уәде беріп, сол үдеден шықтым. Жұмыстың алғашқы жылында Наурыз мейрамы туралы деректі фильм дайындадым. Ол басшымызға ұнаған көрінеді. Сол кезден бастап жолым ашылды десем де болады. Әріптестерім де мойындай бастады. Ауқымды жобаларды түсіруді сеніп тапсыратын болды. Екі жылдан кейін продюсер қызметіне тағайындады, – дейді Сымбат Смағұл.
Шығармашылық адамының жай-күйі болмаса жұмысқа да зауқы соқпайды. Әлеуметтік жағдай да әсер ететіні сөзсіз.
– Астанаға алғаш барған жылдары туыстардың үйінде тұрдық. Кейін анам екеуіміз пәтер жалдап, бөлек шықтық. Жас болған соң ба, баспана жағын қатты ойланбаппын. Басты мақсатым өз саламда мықты маман атану еді. 2019 жылы індет белең ала бастады. Басшылықпен енді қалай болар екен деп жоспар құрып отырған жиынның үстінде Еркін Мұхамеджанов ағамыздың сөзі есімде сақталып қалды. Ол кісі тұрмыстық жағдайы жоқ адамда шығармашылық өсу болмайды деген сипатта айтты. Шынымен алдағы несиеңді ойлайсың ба, пәтер төлемін ойлайсың ба? Өзге мәселелер мазалап жүргенде жұмысқа белсене кірісіп кете алмайсың ғой. Ол кісі рас айтып отыр. Басшылық осы жағдайдың барлығын түсінді. Өнімділікті, тиімділікті ескерді. Баспана мәселесі жалғыз менде емес, көптеген әріптестерім тіпті менің алдымда келгендер бүгінге дейін пәтер жалдап жүрді. БАҚ қызметкерлері күні Мемлекет басшысының атынан пәтер кілтіне ие болдық. Қиналған сәттерді ұмыттырғандай болды. Қызмет пен марапат үшін жұмыс істеу қате ұғым. Табанды еңбектене білсең олар саған өзі келеді, – дейді журналист. Сымбаттың анасы қызының дипломат немесе ағылшын тілін меңгеріп аудармашы болғанын қалаған. Алайда анасының алдынан өтіп, журналист болғысы келетінін айтқан.
– Анама уәде бердім, егер журналистикаға түсер болсам, қызыл дипломмен бітіремін дедім. Айтқанымда тұрдым. Ең алғаш университетке анаммен барғанда Гүлшат Марқабаева апайымыз қарсы алды. Амангелді Шөрентаев ағайымыз сабақ берді. Қай жерде болмасын, Ахаң атындағы білім ордасында оқығанымды, қасиетті қара шаңырақ “Қостанай таңында” жұмыс істедім деп айтып жүремін. Ол жердегі адамдардың бәрі де маған ыстық, мен үшін құнды, – дейді Сымбат.
Сымбат өзінің алғашқы жұмыс орны жайлы да айтып берді. “Қостанай таңы” редакциясының жанындағы Социологиялық эмпирикалық зерттеу орталығында әлеуметтік маман болып істеген.
– Марқұм Жанділдә Мақанов ағайымыз еді. Журналистиканың 3-курсында оқып жүргенде орталық ашылатын болып, ағайымыз Қасқырбай Қойшыман екеуімізді жұмысқа шақырды. Бізге сенді. Ол кісінің көп қолғабысы тиді. Студенттеріне әркез қолдау беріп жүретін. Басшымыз Анжелика Афанасьевна өте жақсы кісі, жұмыста көмектесетін. Басында қиналдық, түнге дейін жұмыс істеген сәттер болды. Орталықта істеп жүріп, газетке мақала жазып тұрдым. Жанұзақ Аязбекұлы, Сәлім Тоқмырзаұлы, Жұматай Кәкімжанов, Мінаура апайымызға барлығына алғысым шексіз. Өзімді осындай ұстаздардың алдынан өткеніме бақытты санаймын. “Қостанай таңы” мен үшін киелі, қасиетті, – деп ағынан жарылды.
Сымбат армандар орындалатынына сенеді. Ең бастысы еңбек ету керек дейді. Өзіңе деген сенім болған жерде, алынбайтын қамал жоқ. Ол тек сүйікті ісімен шындап айналысты, марапат, мансап қуған жоқ. Кейіпкеріміздің ойынша баспана, мансап, марапат – тек адал еңбектің өтеуі.
Бет қатталып жатқанда Астанадан сүйінші хабар жетті. Сымбат продюсерлік ететін “1001 түн” бағдарламасы “Үздік ток-шоу” аталымы бойынша “Тұмар” жүлдесін жеңіп алды.