Көк байрағын көкке көтерген елдің рухы да асқақ. Мемлекеттік рәміздер күні Қостанайдың орталық алаңы ұлттық құндылықтарды ұлықтаған мерекелік мекенге айналды.
Бір жерде көк тудың түстерімен алақан іздерін қалдырған тұрғындар патриоттық акцияға қатысса, енді бір жерде ұлттық брендтер өз өнімдерін жұртшылыққа ұсынып жатты. Қазақы нақыштағы киімдер, ұлттық тәттілер, қолөнер бұйымдары мен танымдық ойындар тоғысқан «Жеті қазына» фестивалі қала тұрғындарын бір алаңға жинады.
Фестиваль аясында ұлттық брендтердің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, келушілерге отандық кәсіпкерлердің өнімдері ұсынылды. Атап айтқанда, ұлттық тағамдар, қазақы нақыштағы киімдер, қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық заттар көрмеге қойылды. Сонымен қатар тұрғындар үшін патриоттық ойындар, танымдық викториналар және интерактивті алаңдар жұмыс істеді.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты көздегені тұрғындардың мемлекеттік мерекенің мән-маңызын тереңірек түсінуіне ықпал ету, жастардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру және ұлттық мұраны кеңінен насихаттау.
– Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қостанай қаласында «Жеті қазына» фестивалін ұйымдастырып отырмыз. Тұрғындардың мемлекеттік мерекенің мән-маңызы туралы білімін арттырып, ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік рәміздерді кеңінен дәріптеуді мақсат еттік. Фестиваль аясында ұлттық нақыштағы киімдер, тағамдар, қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар және басқа да отандық өнімдер ұсынылған көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл алаң жергілікті кәсіпкерлерге өз өнімдерін таныстыруға мүмкіндік берсе, келушілерге ұлттық мәдениетпен жақынырақ танысуға жол ашады. Сонымен қатар фестивальде «Менің елім – менің туым» атты ерекше патриоттық акция өтіп жатыр. Арнайы баннерге қала тұрғындары мемлекеттік тудағы түстерді пайдалана отырып, алақандарының ізін қалдырады. Бұл – әр азаматтың туған еліне деген құрметі мен сүйіспеншілігін білдіретін символикалық іс-шара», – дейді «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ Қостанай облыстық филиалының төрайымы Аружан Сәрсенбаева.
Фестиваль барысында түрлі танымдық әрі қызықты интерактивтер ұйымдастырылды. Тұрғындарға мемлекеттік рәміздерге қатысты сұрақтар қойылып, білімдерін сынауға мүмкіндік беріледі. Қатысушылар бес сұраққа толық жауап берген жағдайда арнайы сыйлықтарға ие болады. Олардың қатарында мемлекеттік рәміздер бейнеленген кәдесыйлар, шағын тулар және басқа да естелік сыйлықтар бар.
Маңызды іс-шараның көркін қыздырған ұлттық брендтердің бірі – «Qazaq Brand» ұлттық тәттілер дүкені болды. Кәсіпкерлер ұлттық тағамдарды дәріптеп, келушілерге өз өнімдерін ұсынды.
– Мен «Qazaq Brand» ұлттық тәттілер дүкенінің негізін қалаушысымын. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған мерекелік жәрмеңкеге қатысып отырмыз. Осындай іс-шараларға қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Бір жағынан өз өнімдерімізді халыққа таныстырсақ, екінші жағынан өңірімізде өтіп жатқан қоғамдық шараларға кәсіпкер ретінде үлес қосуға мүмкіндік аламыз. Қазақтың ұлттық тағамдарын, ұлттық нақыштағы өнімдерін кеңінен насихаттап жүрміз. Бұл өнімдер бүгінде Қазақстанның өзіндік брендіне айналып келеді. Сондықтан оларды тұрғындар арасында таныту, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықты арттыру маңызды деп санаймыз. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу үшін түрлі жәрмеңкелер мен фестивальдерден қалмауға тырысамыз. Қазіргі таңда Қостанай қаласында ұлттық тәттілер мен ұлттық нақыштағы өнімдерді ұсынатын бірнеше дүкеніміз жұмыс істейді. Жалпы осы салада еңбек етіп келе жатқанымызға бес жылдан асты. 2021 жылы жұмысымызды бастаған кезде ұлттық тәттілерді көпшілік біле бермейтін. Сол себепті әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өнімдерімізді таныстыруға күш салдық. Бүгінде сол еңбектің нәтижесін көріп отырмыз. Қазір біздің өнімдерімізді кішкентай балалардан бастап, үлкен кісілерге дейін арнайы іздеп келіп сатып алады. Бұл – ұлттық өнімдерге деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Біз де заман талабына сай ұлттық дәстүр мен заманауи көзқарасты ұштастырып, тұтынушыларға сапалы әрі тартымды өнім ұсынуға тырысып келеміз, – дейді «Qazaq Brand» ұлттық тәттілер дүкенінің негізін қалаушы Гүлнұр Өміржанқызы.
Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлердің қатарында қазақы нақыштағы заманауи өнімдер дайындайтын шеберлер де болды. Олар ұлттық өрнектер мен дәстүрлі құндылықтарды қазіргі заманғы сән үрдістерімен ұштастырып келеді.
– Ұлттық құндылықтарды заманауи форматта насихаттауды қолға алғалы біраз жылдың жүзі болды. Сол себепті кепка, футболка, кружка және басқа да түрлі бұйымдарға қазақы ою-өрнектерді, адам есімдерін, ру таңбаларын, қанатты сөздер мен жастар арасында танымал жазулар мен бейнелерді саламыз. Қазіргі таңда тұтынушылар ұлттық нақыштағы, өзіндік ерекшелігі бар өнімдерге көбірек қызығушылық танытып отыр. Әсіресе жастар арасында қазақы стильдегі киімдерге сұраныс артып келеді. Олар өздерінің аты-жөнін, руын немесе мағынасы терең ұлттық сөздерді киімдеріне жаздырып, ұлттық болмысын көрсеткісі келеді. Біз осы сұранысқа сай заманауи дизайн мен ұлттық құндылықтарды үйлестіруге тырысамыз. Осындай жәрмеңкелерге қатысу арқылы өнімдерімізді көпшілікке таныстырып қана қоймай, қазақ мәдениетін дәріптеуге де үлес қосып келеміз. Ұлттық ою-өрнек пен қазақы нақыш күнделікті өмірде жиі қолданылған сайын, жастардың өз тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығы арта түседі деп ойлаймын. Сондықтан біз үшін бұл тек кәсіп емес, ұлттық мұраны заманауи үлгіде насихаттайтын маңызды іс, – дейді кәсіпкер Жібек Нүрсейітова.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған фестиваль тұрғындардың қызығушылығын тудырып, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың бойында елге деген сүйіспеншілікті арттырып, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
