Рудный мен Қостанай арасында қатынайтын №120 автобус бағытына қатысты тұрғындардың наразылығы күннен-күнге күшейіп келеді.
Бұрын екі қаланың ішінде де жүретін қоғамдық көлік қазір тек Рудный автовокзалы мен Қостанай автовокзалы арасында ғана қатынайды. Бұл өзгеріс күнделікті жол жүретін халыққа үлкен қолайсыздық туғызуда.
Бұрын Рудныйдан шыққан автобус Қостанай қаласының ішіне кіріп, орталық көшелер мен халық көп жүретін аялдамалар арқылы өтетін. Студенттер оқу орындарына, ал жұмысшылар жұмыс орындарына жақын жерден түсетін.
Қазір жолаушылар тек Қостанай автовокзалына дейін жетеді. Одан кейін әркім діттеген жеріне жету үшін тағы да қалалық өзге қоғамдық көлікке немесе таксиге мінуге мәжбүр.
Күн сайын қатынайтын тұрғындардың айтуынша, бұл жүйе уақыт пен қаржыға шығын.
«Бұрын бір автобуспен қатынайтын едік. Қазір автовокзалға дейін ғана апарады. Одан кейін тағы автобус күтеміз немесе такси іздейміз. Егер 120-шы автобусқа үлгермей қалсақ, келесі рейсті бір сағат күтуге тура келеді. Әсіресе кешкі уақытта қиын», – дейді тұрғындар.
Тұрғындардың сөзінше, мәселенің ең қиыны – уақыт жоғалту. Автовокзалға дейін жеткен соң тағы қоғамдық көлік күту керек. Кейде қалалық автобус кешігеді, кейде кептеліс болады. Соның салдарынан адамдар сабаққа немесе жұмысқа кешігіп жатады. Ал Рудный-Қостанай арасында таксимен қатынау да тиімді емес. Себебі такси жүргізушілері жолай басқа клиенттерді жинап жүргенде біраз уақыт өтеді. Ал толық көлікті жалдау көпшілік үшін қымбат.
Сонымен қатар, №120 автобусына үлгермей қалған жолаушылар келесі автобус келгенше ұзақ күтеді. Себебі бағыт кестесі бойынша автобустар шамамен бір сағат аралықпен қатынайды. Бұл әсіресе қыс мезгілінде немесе кешкі уақытта тұрғындарға қиындық туғызады.
Тұрғындардың айтуынша, Рудный мен Қостанай бір-бірімен тығыз байланысқан қалалар. Мыңдаған адам күн сайын жұмысқа, оқуға және басқа шаруаларымен екі қала арасында қатынайды. Сондықтан қоғамдық көлік халыққа ыңғайлы болуы тиіс деген пікір айтылуда.
Әлеуметтік желілерде Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев 120-бағытқа қатысты пікір білдіріп, мұндай маршруттарды облыстық деңгейде реттеу қажет екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, қала әкімдігі ең алдымен Қостанай ішіндегі қоғамдық көлік мәселесін шешуге көңіл бөлуде.
Алайда тұрғындар үшін ең маңыздысы – автобустың қай мекемеге қарайтыны емес, халыққа қаншалықты қолайлы екені. Көпшілік автобустардың қайтадан Қостанай қаласының ішіне кіріп, негізгі көшелер мен оқу орындарына жақын аялдамалар арқылы жүруін сұрайды. Өйткені қоғамдық көліктің басты мақсаты – халыққа қолайлы жағдай жасау. Ал қазіргі жүйе тұрғындардың уақытын алып, күнделікті қатынасын қиындатып отыр.
Ақерке АРЫСТАНБАЙ
