Алдымызда 1-маусым халықаралық балаларды қорғау күні. Мерекеге орай Қостанай қаласындағы 37 мектепте тақырыптық іс-шаралар өтеді деп жоспарланып отыр. Сергіту және сауықтыру іс-шаралары 34 мың оқушыны қамтымақ.
1-маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерьлердің де жұмысы жанданады. Қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаеваның айтуынша, жаз бойы осындай 156 алаң балалар игілігіне қызмет етпек. Сондай-ақ сегіз қосымша білім беру ұйымы балдырғандарға жарқын сәттер, ерекше мүмкіндіктер ұсынуға әзір. Облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің де есігі айқара ашық.
«Биыл «Қауіпсіз аумақ» үйірмесін ұйымдастырамыз. Соның шеңберінде мектеп ұжымы қауіпсіздік техникасын күшейтіп, су айдындарының айналасында сақтық шараларын қадағалайды. Былтыр аталған бастаманың арқасында ата-ананың қарауынсыз өзенге шомылуға барған балалар анықталды. Олардың әрқайсысына жазғы мезгілдегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді», – деді Гүлсім Оразбаева.
Үш ай демалыста балалар қауіпсіздігін қадағалауға 152 маман ниет білдіріпті. Жалақысы қызмет еткен күніне сәйкес төленеді.
«Былтыр суға шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз дегенде, менің бастамамды сынағандар көп болды. Іс жүзінде биыл 152 адам судағы қауіпсіздігін сақтауға ерікті түрде үлес қоспақшы. Бұл өте жауапты жұмыс», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Қымбат ДОСЖАНОВА
