Қостанайда азық-түлік қауіпсіздігін күшейтетін екі жоба қолдау тапты Сурет ЖИ арқылы жасалған

Қостанайда азық-түлік қауіпсіздігін күшейтетін екі жоба қолдау тапты

Қостанай ауданында 5 200 тонналық заманауи көкөніс қоймасы салынады. Балық шаруашылығы да серпін алады: бекіре және ханбалық (форель) өсіретін жаңа кешен бой көтермек. Облыс әкімдігі жанындағы агроөнеркәсіп кешені саласында жобаларды іріктеу комиссиясы екі бастаманы да қолдап отыр.

Тәжірибе және сенім

Осы жылдың наурыз айында Қостанай облысының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында несие келісімшартына қол қойылған. Келісімге сәйкес, биылға біздің облыс кәсіпкерлеріне 9 млрд теңге қазына қаржысын бөлу қарастырылып отыр. Наурыз айының соңында бірінші бөлігі – 2 млрд теңге түсті. Ол қаржы «Тобыл» ӘКК АҚ есепшотына құйылған. Яғни, кәсіпкерлерге несие қаражаты сол ұйым арқылы беріледі. Қалған 7 млрд теңге лек-легімен аударылып тұрады. Бұл жөнінде агроөнеркәсіп кешені саласында жобаларды іріктеу комиссиясының төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов баяндады.

Министрліктен бөлінген ақшаны алу үшін кешегі күнге дейін екі өтініш түскен. Оның біріншісі –  «Костанайский осётр» ЖШС-нен.

Аталған серіктестік Тобыл қаласында форель өсіру, балық өңдеу және тоңазытқыш қойма кешенінің құрылысын бастамақ. Жобаның жалпы құны 965 миллион теңгеге тең. Оның ішінде 868 миллион теңгесі (89,9%) «Тобыл» ӘКК арқылы несиелік негізде қаржыландырылса, 97 миллион теңгесі (10,1%) кәсіпорынның өз қаражаты. Бұл қаражат құрылыс-монтаждау жұмыстарына және заманауи технологиялық жабдықтарды сатып алуға бағытталады.

«Жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі тауарлы балық өндірісін арттыру және форельді терең өңдеу қуаттылығын іске қосу. Кәсіпорын жылына 50 тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр», – деді «Тобыл» ӘКК АҚ басқарма төрағасы Мейрамхан Ержанов комиссия отырысында.

Ол жобаның қаржылық тиімділігі мен жеңілдіктеріне де тоқталып өтті:

«Біз бұл жобаны 120 айға дейінгі мерзімге, жылдық небары 2,5% мөлшерлемемен қаржыландыруды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ кәсіпкерге аяғынан тік тұрып кетуі үшін негізгі қарызды қайтару бойынша 24 айға дейін жеңілдік кезеңі беріледі. Бұл – бизнестің дамуына жасалған нақты жағдай. Жоба толық қуатына енгенде аймақта қосымша 18 тұрақты жұмыс орны пайда болады», – деп Мейрамхан Ержанов қолға алынған істің жай-жапсарын түсіндірді.

Бүгінде кәсіпорынның меншігінде жалпы ауданы 1 226,5 шаршы метр болатын балық өсіру фермасы мен 1,3 гектар жер телімі бар. Бұл нысандар және алдағы уақытта салынатын форель өңдеу цехы мен қоймалар жобаның кепілдік базасын құрайды. Кепіл мүлкінің жалпы құны 1,3 миллиард теңгеден асады, бұл несие сомасын 102% деңгейінде толық жауып тұр.

«Костанайский осётр» ЖШС бұған дейін бекіре тұқымдас балықтар өсірумен айналысып келсе, енді ханбалық өндіруге ден қоймақ. Бұл өңірдегі балық өнімдерінің ассортиментін кеңейтіп, бағаның тұрақтылығына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Мамандардың айтуынша, жобаны іске асыру барысында құрылыс мерзімдері мен технологиялық процестерге қатысты тәуекелдер ескерілген. Дегенмен, мемлекеттік қолдау мен кәсіпкердің тәжірибесі бұл жобаның сәтті жүзеге асатынына нық сенім ұялатады.

«Цех желтоқсан айында салынып бітеді деп межелеп отырмыз. Ал ақпан айында барлық жабдығы әкелініп, толықтай іске қосылады. Балық нарығы өте кең. Қазір біз 20 тонна көлемінде ғана өңдеп жүрміз. Егер цех, тоңазытқыш қойма іске қосылса, өңірді өніммен қамтуда айтарлықтай мәселе бола қоймасы анық», – деп сөзін нығарлады кәсіпкер Валентин Ищенко.

Комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов бұл жобаның агроөнеркәсіп кешені үшін стратегиялық маңызын айтып өтті.

«Облыс әкімдігі бұл жобаға былтырдан бері көмек көрсетіп келеді. Менің білуімше, Солтүстік Қазақстан өңірі бойынша мұндай өндіріс орны жоқ. Сондықтан, нарыққа сенімді кіріп, жұмысын жүргізіп жатыр. Кәсіпкердің бұл салада 5 жылдан астам тәжірибесі бар. Кәсіпорын дамиды деп үміттенемін», – деді Арман Әбенов.

Жоба барлық талапқа сай келеді. Комиссия бір ауыздан қолдады.

Сұраныс бар, кәсіпті неге кеңетпеске?

Қостанай ауданының Заречный ауылдық округінде «Халык Агро KST» ЖШС қуаттылығы 5 200 тонна болатын көкөніс қоймасының құрылысын қолға алады.

Серіктестік «Тобыл» ӘКК арқылы несие ресімдегісі келеді. Комиссияға осындай өтінішпен жүгінді. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңгеге тең болса, оның 900 млн теңгесі жеңілдетілген несие қаражаты, ал 300 млн теңгесін кәсіпорын өз бюджетінен шығармақ. Несие мерзімі 10 жылға дейін, жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз деңгейінде белгіленген.

Бастаманы қолға алған кәсіпкер Бакир Бекиров ауыл шаруашылығы өнімдерін ұзақ мерзімге сақтайтын заманауи қойма салып, өңірдегі көкөніс сақтау тапшылығын азайтсам дейді. Сонымен қатар қоймада климаттық бақылау мен автоматтандырудың озық технологиялары енгізіліп, өнім сапасын сақтауға ерекше мән беріледі.

«Біз қазірдің өзінде құрылысты бастап кеттік. Жерді тегістеп, іргетасын құюға кіріскелі жатырмыз. Бәрі ойдағыдай болса, қыркүйек айына дейін нысанды салып бітіргіміз келеді», – дейді кәсіпкер.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа нысан іске қосылғаннан кейін жергілікті шаруаларға өз өнімдерін тиімді сақтауға және маусымаралық кезеңде нарықты тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Осылайша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығына да оң әсер етеді.

Жоба аясында 36 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл ауылдық аумақта жұмыспен қамтуды арттырып, жергілікті экономиканың дамуына қосымша серпін бермек.

Комиссия отырысында «Тобыл» ӘКК АҚ Басқарма төрағасы Мейрамхан Ержанов кәсіпорынның құжаттары түгел, салыққа қарызы жоқ екенін мәлім етті.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары, агроөнеркәсіп кешені саласында жобаларды іріктеу комиссиясының төрағасы Арман Әбенов кәсіпкерден қандай да бір қауіп немесе кедергі бар-жоғын сұрады.

«Әзірге алаңдатып тұрғаны – электрмен жабдықтау мәселесі. Қуаты бізге қажетті деңгейде жетпей қала ма деп қауіптенеміз. Жалпылай алғанда, кәсіпорын дамып келеді. Жыл сайын бау-бақша аумағын кеңейтіп отырамыз. Өнімдеріміз облыс көлеміне ғана емес, республиканың басқа да аймақтарына тарайды. Сұраныс көлемі артып келеді. Былтыр 13 мың тонна көкөніс жинаған едік, барлығы дерлік сатылып кетті. Қазір өнімнің 5 пайыздайы ғана қалып тұр», – деп қазіргі жағдайды баяндады Бакир Бекиров.

Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев электрмен жабдықтау мәселесі шешілетінін сенімді түрде айтты.

Жоба толық қуатымен іске қосылса, өңір үшін маңызы зор. Комиссия төрағасы өз сөзінде осыған тоқталды.

«Нысан Меңдіқараға шыға берістегі трасса бойында, жақсы жерде орналасады. Заманауи, бірегей кәсіпорындардың бірі болғалы тұр. Мұндай инвестициялық жобалар облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттырады. Бастысы – құрылыс пен іске қосу жұмыстары бекітілген мерзімде аяқталуға тиіс», – деді Арман Әбенов.

Комиссия қорытындысына сәйкес, жоба агроөнеркәсіп кешенін несиелеу талаптарына толық сәйкес келеді. Сондай-ақ кәсіпорынның қажетті кепілдік базасы жеткілікті екені және импортты алмастыру бағытындағы тиімділігі расталған.

Көкөніс қоймасы пайдалануға берілген соң, облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау жүйесін жаңғыртуға және өңірдің логистикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қоспақ.