Құмар ойындарға тыйым салынбай ма?

Құмар ойындарға тыйым салынбай ма?

Маусым айының 21 жұлдызында Kostanay tany.kz-те Байгелді Сакин деген қала тұрғынының арашашы ел ағаларымен бірігіп, әкімдікке жолдаған хаты жарияланды. Онда қала шетіндегі көне зираттың қараусыз қаңғыбастардың мекеніне айналғаны суреттерімен беріліпті.

Маусым айының 21 жұлдызында Kostanay tany.kz-те Байгелді Сакин деген қала тұрғынының арашашы ел ағаларымен бірігіп, әкімдікке жолдаған хаты жарияланды. Онда қала шетіндегі көне зираттың қараусыз қаңғыбастардың мекеніне айналғаны суреттерімен беріліпті.

Осы тұста айтпағым, сол зираттың маңында орналасқан ойынхананың төңірегінде еді. Онда белсенді азамат ол жердегі ойынханаға келіп-кетпейтін адам жоқ екенін,  ол тірлік ауруақтарға маза бермейтінін діни тұрғыда түсіндіріп, зират маңынан аластатуды өтініпті.

Дей тұрғанмен, бұл құмар ойындар тірілерге де опа беріп отырған жоқ. Еліміздің батыс өңірлерінде осының салдарынан жаға ұстатар оғиғалардың болып жатқанын естіп-біліп жатырмыз.  Қазір құмар ойындары қаншама отбасының шаңырағын шайқалтып жатыр. Отбасына, бала-шағасына қарамайтын ата-аналар, бірінші кезекте әкелер көбейген. Бұл да бір ауру деп есептесек те, көшеде құмар ойындарының (жасырын) жарнамасы ұрып тұр, теледидар мен интернет бетін ашсаңыз да сол жағдай!  1xbet деген спорт сайттарына дейін кіріп алған, казиноға баратындар байлар болса, мына 1xbet-ті кез келген пайдаланады, мысалы, есірткінің бір түрі сияқты нәрсе болды.

Осыдан 15 жыл бұрын елімізде «Ойын бизнесі туралы» заң күшіне енгенін, онда арнайы аймақтарды қоспағанда, әр қалада ойынханалар мен ойын автоматтарының жұмыс істеуіне, тұрғын үйлерде ойын мекемелерін орналастыруға тыйым салынғанын  білеміз. Көп ұзамай ойын бизнесінің иелері өз кәсіптерін заңдастырудың жаңа жолдарын ойлап тапқанының жемісін де көрдік. Заңнан жол тапқандар мұны электронды лотерея деп бұқараға жайды. Ойын автоматтарының форматын сәл өзгертіп, мазмұнына айрықша дем бергендей болды. Бірнеше отбасын ойрандаған компанияның жұмысын тарату туралы депутаттар тарапынан жоғарыға ұсыныстар да айтылып жүр. Сонда мына бір деректерді көріп жағамды ұстап едім. Тек соңғы 6 жылда осы іске қатысы бар  акционерлік қоғам республикада 300 лотерея клубын іске қосып, 6 мыңнан астам Lotomatic терминалдарын орнатыпты. Кәсіпорынның табысы соңғы бес жыл аралығында  392 миллиард теңгеден асып, бюджетке салық түрінде небәрі 7,8 миллиард теңге төлегенін оқып едік. Бұл не деген масқара!

Тақырыпты қозғап отырған себебім, осы ойынға құмар жақын-жуық таныстарым бар. Жәбір көріп келе жатқан бала-шағасына қарап, тіпті, қарының ашады. Әңгімелерін тыңдап байқасам:  ондағы ойын шарттары казиноға ұқсас келетін көрінеді. Терезелері қараңғыланған залдарда алкоголь өнімдері шексіз мөлшерде тегін беріледі екен.  Тәулік бойы қатысатын адамдарға ойын алаңы сол үшін ғана қызықты ма деп те ойлаймын. Бір қарағанда зиянсыз, нағыз «қой терісін жамылған қасқырдың» кейпіндегі лотерея халықтың қалтасын қағып, көз жасына қалдыратынын естігенде төбе шашың кәдімгідей тік тұрады.

Жалпы, бұл жайттың алдын алу түсіндіру жұмыстары және құмар ойындарын барынша шектеуге (толық тоқтату мүмкін емес, өйткені, әдетте “запретный плод сладок” деген бар) байланысты!

Мәселенің шешімі табылып,  халық қалаулыларының үкіметке қойған орынды талаптары ескерілсе нұр үстіне нұр болар еді. Яғни оператордың қызметіне мемлекеттік және салықтық тексерулер жан-жақты жүргізіліп, Lotoclub және Lotomatic, 1xbet терминалдарының қызметіне тыйым салынса дейміз.

Пікір иесі Амандық Әмірхамзин

Жаңалықтармен бөлісу