Мемлекетіміз жаңа саяси кезеңге аяқ басып, батыл реформаларды қолға алып жатыр. Биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті болып сайланғанына 4 жылдан асты. Осы уақытқа көз жүгіртіп қарасақ, бірталай істің куәсі болыппыз.
Мемлекет басшысы халыққа жолдаған ең алғашқы жолдауында қоғаммен ашық байланыс орнату, елдің сұранысына, тілек-талабына дер кезінде үн қату, әлеуметтің әл-ауқатын арттыру, сот-құқық саласын жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат ұстану секілді бағыттарға басымдық берді.
«Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», – дегені есімізде.
Көптің көңілінен шыққан бастаманың бірі – несиесін төлей алмай қамыққандар мен көп балалы отбасылардың қарызын кешіру туралы Президенттің Жарлығы. Тіпті, елдің дамуына пандемия да кедергі болған жоқ. Әрине, жекелеген салаларда олқылықтар болғаны рас. Жалпылай алғанда, жан-жақты амалдар қарастырылып, нақты шешімдер қабылданды.
Парламент пен мәслихаттың құзыреті көтеріліп, саяси, құқықтық өзгерістерге азаматтардың араласуына мүмкіндік берілгені – Тоқаев бастамаларының ерекше атап өтер жетістігі. Ұлттық саяси реформа жасалды. Экономикалық көрсеткіштің жақсаруы да сол реформалардың әсері.
Жаңадан 3 облыстың құрылуы да елдің көңілін шат қылған жаңалық болды. Олардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Оны Президенттің өзі де айтты. Бұл өзгеріс өңірлердің жағдайын жақсартып, әлеуетін арттырары сөзсіз.
Президентті сайлау мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының пайда болуы, 100 мың жасты жұмыспен қамту да ауқымды реформалардың қатарында.
Жалпы, соңғы жылдардағы саяси, экономикалық өзгерістердің бәрі елдің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің артуына, түптеп келгенде, қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқаны белгілі.
Қандай реформа болса да, бір мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақты елден ырыс қашпайынын естен шығармағанымыз абзал. Дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Сондықтан билік институттары мен халық «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға күш салуы маңызды.
Сергей ЖАЛЫБИН,
ҚХА жанындағы облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі,
ҚР парламенттінің 2,3 шақырлымдағы экс депутаты