Түркістанда өткен ІІ-ші Құрылтайда Президент Қасым Жомарт Тоқаев «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі», – деген еді. Өте орынды айтылған сөз. Бірақ, Қазақ елі кеңес үкіметінен тараған басқа мемлекеттерге қарағанда сабыр сақтап, асықпай келеміз.
Өткен заманға байланысты елді мекендер мен көшелердің атауларын өзгерту мәселесінде әлі де ойланар тұстар бар. Иә, отыз жыл бойы санамызды өзгертіп-ақ жүрміз.
Шынын айтқанда, елді мекендерге олардың тарихи атауларын қайтарып беруге шама-шырқымыз жетпей қалып жататыны бар.
Қ.Тоқаевтың мына пікірі де көңілге қона кетті: «Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек».
Осыған орай, Үкімет жанынан Республикалық ономастика комиссиясымен қатар, өңірлерде де комиссиялар құрылған. Облыс мұрағаттарындағы құжаттар мен тарихи мәліметтерге сүйеніп, өзгерістерді халықтың пікірін ескере отырып жасаған дұрыс. Ал жалпы айтқанда, бұрыннан белгілі, көшенің атын өзгерту үшін ол тұлғаның аты-жөні республикалық ономастика комиссиясының тізімінде болуы керек.
«Халық айтса қалып айтпайды» дегендей, осы жақында бізде де облыс орталығы Қостанай қаласында бір көшені Шақшақ Жәнібектің атымен атау туралы бірталай пікірталас болды.
Шақшақ Жәнібек – жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қолбасшы, даңқты баһадүр, кемеңгер саясаткер, мемлекеттік жоғары дәрежедегі қайраткер, тұңғыш рет тархан /фельдмаршал/ деген дәрежеге ие болған қазақ батыры. Ержүрек батырлардан құралған жасақ жоңғарлармен шайқастарда жан аямай күрескені жайлы біз тарихи мәліметтерден білеміз. Ол жеңіліс көрмей, қорқыныштың не екенін білмей өткен.
«Qostanai tany» газетінің №15 8 ақпанда шыққан Рудный қаласының тұрғыны, зейнеткер Қасымбек Кеңесбаевтың «Елдік мүдде естен шықпасын» деген мақаласында жазылған Рудный қаласының көшелері жайлы айтылған жағдайды қала басшылығы толық зерттеп, ономастика туралы жұмысты қолға алады деген ойдамын.
Осы мақалада жазылған тағы бір мәселе ол – Қостанай қаласында Тәуелсіздік көшесінде тұрған Л.Таранның мүсіні. Л.Таран кім десек, кезінде әкесімен туған-туыстары Жаркөлге бекініс салып, жергілікті қазақтарды туған жерінен қуып шығып, шұрайлы да құнарлы жерлерді иемденді. 1919 жылы қаңтар айында Қостанайда өткен шаруалар мен жұмысшылар съезінің делегаты, наурыз айында совдептің басшысы болып небәрі бір-ақ ай жұмыс істеп, Алашордашыларға қарсы күресті ұйымдастырғаны жайлы тарих бетінен білеміз. Ақ гвардияшылар Қостанайға таянғанда, бас сауғалап, жазалаушы жасағымен Торғайға қашып, жол-жөнекей қазақ ауылдарын тонап, ат-көліктерін тартып алып, қарсы шыққандарды атып өлтіре бергені үшін, Торғайға жеткен жерінде ашынған халық Таранды өлтірген делінген. Бұл Қостанай қаласының басшылығына есепке қойылмаған Л.Таранның ескерткішін алу еш қиындық тудырмайды деп ойлаймын.
Жалпы облыстың барлық қала, аудандары Қ.К.Тоқаевтың айтқанын ономастика саласындағы тапсырма деп ұғып, жұмысты жандандыру керек.
Батырбек АХМЕТОВ,
облыстық ономастика комиссиясының мүшесі,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ
Қостанай облыстық филиалының төрағасы.