Жиырма төрт ауыл ішімдіктен бас тартқан

Жиырма төрт ауыл ішімдіктен бас тартқан

Өңірде мас күйінде жасалған қылмыстар деңгейі төмендеген. Бұл полиция жұмысының нәтижесі деуге болады. Себебі, құзырлы орган өкілдерінің жұмысының бір бағыты ішімдік ішіп, мастықпен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу.

«Тәжірибе көрсеткендей, тұрмыстық жанжалдар, отбасылық кикілжіңдер, бұзақылық және тұлғаға қарсы қылмыстардың көпшілігі алкогольмен байланысты болады. Мұндай жағдайда адам өз әрекетін бақылау қабілетін жоғалтып, ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі ерекше маңызға ие. Аталған фактілердің жолын кесу үшін полиция жұмысы бірнеше негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған», –дейді облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығының орынбасары, полиция подполговнигі Сұңқар Сүлейманов.

Алғашқысы, әрине профилактика мен бақылау. Полиция қызметкерлері алкогольді шамадан тыс тұтынатын адамдармен тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Олар профилактикалық есепке қойылады, олармен түсіндіру әңгімелері өткізіледі, тұрғылықты жері бойынша тексерулер жүргізіледі және бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.

«Екінші – құқық бұзушылықтардың жолын кесу. Күн сайын қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, мас күйде жүру және қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері анықталады. Барлық жағдай бойынша әкімшілік шаралар қолданылады. Атап айтқанда, алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін (ӘҚБтК-нің 440-бабы) 6 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға көп», – дейді ПД өкілі.

Мұндай адамдарға 1700-ге жуық «ерекше талаптар» белгіленген. Яғни оларға алкоголь ішімдіктерін ішуге тыйым салынған. Бұл есептегі тұлғаларды полиция қызметкерлері тұрғылықты жері бойынша тексереді, ал талап бұзылған жағдайда ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша жауапкершілікке тартады. Ерекше талаптарды бұзғаны үшін 10-20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Тексеру нәтижесінде шамамен 2 мың бұзушылық анықталған.

«Осы жылдан бастап Қазақстан Республикасында «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» Заң қолданысқа енгізілді. Бұл заң қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заңның көздегені құқық бұзушылыққа әкелетін себептер мен жағдайларды ерте кезеңде анықтап, жою, яғни олардың қылмысқа айналуына жол бермеу», – дейді Сұңқар Сүлейманов.

Заңмен жаңа профилактикалық шаралар енгізілген. Соның бірі – ресми ескерту. Бұл азаматқа қоғамға қарсы әрекетін тоқтату туралы жазбаша нұсқама беріледі. Қоғамға қарсы мінез-құлық – бұл жалпы қабылданған мораль нормаларын, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын әрекеттер, оның ішінде әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелмейтін әрекеттер.

«Заң күшіне енген сәттен бастап облыс бойынша 156 ресми ескерту берілді, оның ішінде 5 адам белгіленген талаптарды бұзған. Тағы бір бағыт жергілікті жедел-алдын алу және рейдтік іс-шаралар. Қолайсыз аймақтарда, азаматтар көп жиналатын орындарда және есепте тұрған тұлғалардың тұрғылықты мекенжайларында мақсатты тексерулер жүргізіледі. Бұл құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді. Апта сайын демалыс және мереке күндері облыс аумағында жергілікті профилактикалық шаралар өткізіледі», – дейді ол.

Мүдделі органдармен бірлесіп, түнгі уақытта және лицензиясыз алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактілерін анықтау бойынша да жұмыс жүргізіледі. Кәсіпкерлердің алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзу дерегі тіркелген. Нәтижесінде 153 дүкен иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Сонымен қатар лицензиясыз алкоголь сататын 50-ден астам тұлға анықталды. Сондай-ақ волонтерлермен бірлесіп алкоголь сататын 2,5 мың дүкенге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ полиция денсаулық сақтау органдарымен тұрақты түрде жұмыс жүргізіп, алкогольге тәуелді адамдарды мәжбүрлі емдеуге жіберу мәселесін қарастырады. Ішкі істер органдарының өтініші бойынша сот 198 адамды мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы шешім шығарған. Олардың 100-ден астамы қазіргі уақытта арнайы емдеу мекемелеріне орналастырылған», – деді ӨКҚ алаңанды өткен брифингте Сұңқар Сүлейманов.

Халық арасында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Сонымен қатар облыста «Мәдени Қоғам» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба алкогольдік қылмыстың алдын алуға бағытталған және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп іске асырылады. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 24 ауыл ішімдіктен бас тартқан.

Сандуғаш БЕКМҰРАТ