Қостанайда оқушылардың әлеуметтік жобасы қолдау тапты

Қостанайда оқушылардың әлеуметтік жобасы қолдау тапты

Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Алина Қабдрахметова, Зара Асатова, Рамзан Байдаулетов  және Әулиекөл ауданы мектеп-гимназиясының оқушысы София Хасанова  «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына қатысып, өз жобаларын ұсынды. Енді оқушылардың бастамасымен маңызды әлеуметтік жоба жүзеге аспақ.

Олардың Қобыланды батыр көшесі, 36Б мекенжайындағы балалар алаңын абаттандыру  жобасы әкімдіктегі сараптамалық іріктеуден сәтті өтіп, қала тұрғындарының дауыс беру кезеңіне жолдама алды.

«Бұл кезеңде тұрғындар ұсынылған жобалардың ішінен ең қажетті әрі өзекті деп тапқан бастамаларға дауыс берді. Нәтижесінде, аталған жоба 322 дауыс жинап, І орынды иеленді. Бұл — оқушылардың еңбегі мен идеясының қоғам тарапынан қолдау тапқанын көрсетеді. Сонымен қатар, жоба балалар мен аула тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады», – деп хабарлайды бұл туралы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

Алдағы уақытта жобаны іс жүзінде жүзеге асыру кезеңі басталады. Бұл бастама қаланың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға өз үлесін қосады.