Қоғам белсендісі, ұстаз, ғалым Қалқаман Жақып 80 жасқа толды

Қоғам белсендісі, ұстаз, ғалым Қалқаман Жақып 80 жасқа толды

«Ұлтты сүйсең, менше сүй!» деп қасқайып айта алар бір азамат болса, ол Қалқаман аға Хасенұлы дер едік. Өйткені өскелең өренге өнегелеп көрсетерлік ісі, өнімді еңбегі көп. Руханият жоқшысы, ұлтжанды, елшіл, мемлекетшіл. Шовинизм шөміштен қағып, тіл-діліміз тұқырып тұрған дəуірде-ақ қазақшыл үнін таныта алған тұлғалардың бірі еді. Əлі күнге осы ұстанымын ұстын етіп, қағидасына берік болып келеді…

Қоғам белсендісі, ұлағатты ұстаз, профессор, ғалым, философия
ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік қызмет ардагері, өлкетанушы, ыбырайтанушы, журналист, биші, спортшы… Санай берсеңіз, Қалқаман ағаның қырын айтып тауыспассыз. Бастысы, бұл кісі – бойына Тəңір құйып берген қабілет-дарынын, жиып-терген тəжірибе,
білік-білімін, ақыл-парасатын ұлт
мүддесіне бағыттаған жан. Өңірдегі
көптеген берекетті бастамаға ұйытқы,
ізгі істерге мұрындық болған ақжолтай азамат. Өмір дерегіне көз жүгіртіп отырып, ел ісіндегі елгезектігі мен белсенділігіне, қиюы қиын түйткілдер үшін тайталасқа түскен қажыр-қайратына тəнті боласыз. Бірақ «мен сөйткен екем» деп мейманасы тасымайтын, тумысындағы қарапайымдылық пен
сыпайылық, ізгілік пен адамгершілік
жүзінен жылы лептей есіп тұратын
ағеділ ағамыздың «қызыл желдетуге»
қаны қас… Ендігі бір қиыны – осы айтылғанның бəрін тарқатып, бір мақаламен қамти алмайтынымыз. Десек те бүгін сексеннің сеңгірін бағындырып отырған Қалқаман Хасенұлының ғұмыр жолындағы қадау-қадау кезеңдерді бір шолып көрелік…

«Мен «Жакупов» емеспін!»

Қалқаман аға қазақтың құйқалы қонысы Меңдіқара ауданының Қаражар ауылында 1946 жылы 1 мамырда дүниеге келді. Қостанай қаласы төрінен орын тепкен Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың 1966 жылғы түлегі. Нақ сол жылы əскер қатарына шақырылып, азаматтық міндетін үш жыл өтеді.
Біріміз білсек, біріміз бейхабар болармыз – ағамыздың сарбаз кезінде-ақ айналасын бірбеткей болмысымен елең еткізгені бар. Маңдайшасына жауынгерлердің есім-сойы жазылған каска үлестіргенде бұл кісі өзіне тиесілі «темір телпекті» бөтенсіп, «мынау менікі емес» деп алмай қойыпты. «Сенікі емей кімдікі?» деп екіленген басқарушыларға: «Мына жерде менің тегім жазылмаған! Мен «Жакупов» емеспін! Фамилиям «-ов» қосымшасынсыз жазылады», – деп тік мінезін көрсет тұрып алады. Қанша жерден «күштесе» де көндіктіре алмай, əлгілер фамилиядағы «овты» өшіріп тастауға мəжбүр болса керек. Бұнда батыр Бауыржанның «Момышев» деген қаратпаға қарсы шығатын оқиғасына ұқсастық бар емес пе!
Елге оралып, Қостанай мемлекеттік
педагогикалық университетінің тарих факультеті студенті атанған кезде белсенділігімен көзге ілікті. Білім ордасында елгезек жастардың алдында жүріп, қоғамдық жұмысқа құлшына кірісті. Жалынды жастың 1971 жылы Мəскеудегі І бүкілодақтық студенттер слетіне қатысып, «Еңбектегі жетістіктері үшін»
медалімен марапатталуы жəне араға
жыл салып, «Артек» пионерлер лагеріне тəлімгер ретінде жіберілуінің өзі көп жайды аңғартады. Күллі одақ елдерінен келген оқушылар алдында, Қара теңіз
жағасында өзі жетекшілік еткен «Жігіттер» қазақ биінің қойылымы «Алтын медаль» иеленгені де сол жыл еді.
«Жігіттер» қазақ биінің өмірге келуінің де бөлекше оқиғасы бар. Ол
оқу-білім, қоғамдық жұмыстармен қоса, өнерді де қатар алып жүрді. Жергілікті би ансамблінің құрамында болды. Ол күндердің бір күнінде ансамбль жетекшілеріне қазақ жігіттерінің биін сахнаға шығару ұсынысын жасайды. Сонда қазақы мəдениетке қырындау қарайтын
майталмансымақтар: «Қазақта ұлдардың биі жоқ, болмаған», – деп сықақтап, студентке шекеден қарайды. Намысы келген ағамыз есікті арғы жағынан жауып, «білгіштердің» бұл байламының
бұрыс екенін дəлелдеуге бел буынады.
Сөйтіп, өзі білім алатын оқу орнындағы əртүрлі ұлт жігіттерін жинап, тырмысып жүріп, бастан-аяқ «батырлар» нақышындағы ұлттық киім тіктіріп, «Жігіттер» биін жарыққа алып шығады. Өзі құрған осы ұжымның 1971-1974 жылдары облыстық, республикалық байқауларда алмаған жүлдесі қалмайды. Қай концертте де қалың көрерменді орнынан тік тұрғызып, тамсандыратын деңгейге жетеді. Бұл мойындату емей немене?!
Ол пединститутты аяқтай сала жауапты қызметтерге тағайындалып, іскерлігін дəлелдей түседі. Сол оқу орнында жастар ұйымының хатшысы жəне қоғамдық ғылымдар кафедрасының оқытушысы болып, екі қызметті қатар атқарды. Кейін білімін тереңдете түсіп, Қазақ КСР Ғылым академиясы Құқық жəне философия институтының аспиранты атанды. 1984 жылы диссертация
қорғап, «Философия ғылымдарының
кандидаты», бес жылдан соң «Қоғамдық ғылымдар кафедрасының доценті» атақтарын еншіледі. Бұл ұстаздық, қызметтік мансабының бастапқы сатылары еді…blank

 

«Талпынысым – халқым үшін» деген ер

Қалқаман ағаның мемлекеттік қызметке араласуы 1993 жылы облыстық Тілдер басқармасының басшылығына тағайындалуынан басталды. Кейін əр жылы облыстық Ұлттық саясат жөніндегі комитеттің төрағасы, Тілдер жəне діни бірлестіктер басқармасының басшысы, облыстық Қоғамдық келісім жəне ақпарат басқармасына қарасты насихат тобының жетекшісі, облыстық Архив жəне құжаттар басқармасы басшысының орынбасары, Ономастикалық комиссия төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды.
Бұл кез келген мансап жолындағы
маманның түйіндемесін түзетін даталар ғана емес. Ол əрбір лауазымды жауапкершілікпен атқарып қана қоймай, елдік, ұлттық тағдыршешті мəселелерге ынта-шынтасымен араласты. Бір ғана
мысал – аудан-қалалардың тарихи атауларын қайтаруға қомақты үлес қосты.
Əлбетте, бұған жергілікті зиялы қауымның да бастамашы болғаны рас. Бірақ оны іске асыруға күш-жігер жұмсаудың жөні бір бөлек. Нəтижесінде 1997 жылы Кустанай – Қостанай, Джетыгара – Жітіқара, Комсомол – Қарабалық, Ленинский – Ұзынкөл, Урицкий – Сарыкөл, Докучаев – Қарамеңді, Семиозерный –
Əулиекөл, Камшинский – Қамысты болып қазақшаланды. Қоса кету керек, кейінгі жылдары «А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті» ресми атауындағы Алаш арысының тегін «БайтұрсынҰЛЫ» деп қайта аталуына еңбегі сіңді. Жоғарыға үнін жеткізіп,
осы жайтқа көптің назарын бұрдырды. Жаңа кейіпке енген əуежайға да ұлт ұстазының атауын беру бастамасын көтергендердің алдыңғы қатарынан табылды.blank Ағамыздың өлкетану, тұлғатану,
этнографияға қосқан үлесі де зор. Ол
Ы.Алтынсарыұлы, А.Иманов, Б.Майлин, А.Байтұрсынұлы, М.Сералин, М.Қарабаев, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, Кейкі батыр сияқты көптеген тарихи тұлғаның өмірбаянын жаңа архив деректерімен
толықтырды. «Қостанай облысының
энциклопедиясын» алғашқылардың
бірі болып құрастырды. Осы күнге
дейін ұлттық руханият, құндылықтар,
салт-сана, мəдениет, тарих, ономастика, патриотизм жəне басқа толғаулы мəселелер арқау болған 300-ден астам мақала жариялады.
Егер тізбелей берер болсақ, Қалқаман
Хасенұлының 30 жыл бедерінде
атқарған жұмысы, іске асырған идея-жобалары ұзын-сонар жалғаса берер
еді. Əлі күнге көтеріп келе жатқан бастамалары көп. Қостанайда «Алаш»
алаңын ашып, онда «Тəуелсіздік» монументін, Шоқан ескерткішін салу тəрізді ұтқыр ұсыныстарын жоғарыға жолдаумен келеді. Қазыналы қарттың айтуынша, бұл бастамаларға қолдау бар, шешімін табар күннің де ауылы алыс емес…

Атлет ақсақал

Қалқаман Хасенұлының Тəңір бойына дарытқан көп қырының бірі –
спортқа бейімдігі. Ол – педагог, ғалым,
журналист, қоғам белсендісі ғана емес, саламатты өмір салтын насихаттаушы. Желаяқ атлет, мықты марафоншы. Егде тартқан шағында да ұзақ қашықтыққа жүгіруден топтың алдын бермей жүргенін ел-жұрты жақсы білетін де болар.
Ол Астана, Қостанай, Қарағанды қалаларында өткен І, ІІ, ІІІ Бүкілқазақстандық ардагер спортшылар спартакиадасына
қатысып, сан мəрте жүлдегер атанған.
«Екібастұз — 2007» республикалық жартылай марафонында, Қостанай облысының халықаралық марафонында, РФ Қорған облысында өткен «Шадринск — 2004» ХXV чемпионатында, ХVII Сібір халықаралық марафонының жүлдегерлері қатарынан көрінді. 2003-2013 жылдары Қостанайда Ұлы жеңіс жəне Конституция күндеріне арналған 10 шақырымдық жүгірістерде 12 мəрте 1-орынға ие болды. Ағамыздың 2004-2014 жылдары Ы.Алтынсариннің туған
күніне орай өткен жеңіл атлетика жарыстарында өз тобында 8,6 шақырымды жүгіріп өтіп, он дүркін облыс чемпионы атанғанын білеміз бе? «Денсаулық үшін жүгіру» президенттік милясында облыстың он дүркін чемпионы атанғанын да
осы жетістіктер қатарына қосыңыз!
Қалқаман ағаның өзі де жеңіл атлетикадан талай жарыс ұйымдастырды. 2006 жылы өз бастамасымен жəне басшылығымен 12 адамнан құралған үгіт-насихат тобы Қостанай — Əулиекөл – Шолақсай – Сарыадыр – Амантоғай – Арқалық маршрутымен жүгіріп өтті. Бұл
марафон Арқалық қаласының 50, Қостанай облысының 70, Амангелді бастаған ұлт-азаттық күресінің 90 жылдығына арналған еді. Бұдан кейін де қазақтың тұңғыш кəсіби дəрігері М.Қарабаевтың 150 жылдығына орай Қостанай – Александров – Молодежный – Введен – Боровской – Қостанай бағытын студенттерден құралған насихат тобымен кесіп өткен-ді. 2010 жылы Бауыржан
Момышұлының ғасырлық мерейтойы
қарсаңында қостанайлық «Жүйрік»
лигасының ынталы тобы мүшесі жəне насихатшылар жетекшісі ретінде ұзақ марафонды маңдайға алып, 2040 шақырымдық Қостанай – Көкшетау – Астана – Қарағанды – Балқаш – Шу – Тараз – Жуалы маршрутын артта қалдырды. Сол
тұста ағамыз 64 жаста болғанын ескерсек, бұл — бойында бұла күші бар талай жасты таңдай қақтырарлық көрсеткіш.
2012 жылы да Конституция күніне жəне Тəуке ханға арналған марафонда Қостанай – Арқалық – Ұлытау – Жезқазған – Қызылорда – Түркістан бағытын басып өткен атлеттер қатарынан табылды.blank Ол – ол ма, Қалқаман аға 2022 жылы,
77 жасқа қараған шағында ұлт ұстазы
Ахаңның 150 жылдығына орай Қостанай – Əулиекөл – Қостанай маршрутын қамтитын 400 шақырымдық велошеруінде ширақтық көрсетіп, көпшілікті тəнті
қылған еді. Осы миссия аясында аталған елді мекендерде Ахаңның Əулиекөлдегі ұстаздық қызметі мен шығармашылық мұрасы жөнінде жастармен, жалпы қауыммен тағылымды жиындар өткізіп қайтты. Қажыр-қайраты қайтпай, ел алдында еңсесі тік болып, есен-сау жүре беруін шын жүректен тілейміз!

Еленген еңбек – бедел мен құрмет

Өмір жолы тынымсыз еңбек пен өнеге-тағылымнан құрылған Қалқаман ағамыздың ел алдындағы ұзақ жылғы қалтқысыз қызметі елеусіз қалып та көрген жоқ. Қара орман халқы да алақанға салып ардақтап келеді, ел, өңір басшылығы да атақ-абыройдан кенде етпеді. Жастық шағынан осы күнге дейін
иеленген марапатын қалдырмай жазсақ, бір мақаланың аясына сидыра алмасымыз анық. Əйткенмен, ең елеулілерін екшеп өтейік.
Мəртебелі марапаттардың басы студент шағынан басталады екен. Ағамыз 1971 жылы Лениннің 100 жылдығына орай «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалін иеленіпті. Одан кейін «Қазақ КСР халықты ағарту озаты» атағын еншілеген. 2008 жылы «Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгісімен ардақталады. «Үздік өлкетанушы» медалін де ерекшелеп айта кету керек. 2018-2019 жылдары Меңдіқара ауданының жəне
Қостанай қаласының Құрметті азаматы атанды. Ал 2025 жылы Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін иеленді. Біз атап өткен жетістіктер арасында қаншама облыстық, республикалық деңгейдегі марапат ағамыздың аты мен абыройын асқақтата түсті
десеңізші.blankҚалқаман Хасенұлы 2009 жылдан бері зейнеттік демалыста. Алайда
1974 жылы бастаған педагогикалық қызметінен күні бүгінге дейін қол
үзген жоқ. Өңірлік университетте педагогикалық, ғылыми жəне тəрбиелік жұмысын, облыстағы ҚХА мүшесі ретіндегі қызметін жемісті жалғап келеді. Сексеннің сеңгіріне шықса да сергек саналы, бай тəжірибелі, пайым-парасаты терең, оптимистік көзқарасы кемел тұлға ретінде облыс, республика деңгейіндегі қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, бел ортасынан табылып жүр. Ардақты ағамызға, аяулы ақсақалымызға құдай қуат беріп, ұзақ ғұмыр нәсіп еткей!

Жандос Жүсіпбек

Суреттер ашық дереккөзден алынды