Қостанайда ағылшын тілін оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын меңгеруге арналған облыстық семинар өтті. Қалалық және аудандық тілдерді оқыту орталықтарының мұғалімдері тәжірибе алмасып, оқыту сапасын арттырудың жолдарын талқылады. Семинар мұғалімдерге жаңашыл әдістерді қолдануға шабыт беріп, әсіресе, шалғай аудандардағы педагогтар үшін баға жетпес мүмкіндік болды.

«Modern English Teaching Tools Techniques» атты облыстық семинар ұйымдастырылып, оған қалалық және аудандық тілдерді оқыту орталықтарының ағылшын тілі мұғалімдері мен «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының мамандары қатысты.

Семинарды облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбілов ашып, ағылшын тілін оқытудың маңыздылығын айтты. Ол тілдерді үйретуде әртүрлі қызықты және тиімді әдістерді қолданудың қажеттілігін жеткізді.

«Семинардың басты мақсаты – мұғалімдердің ағылшын тілін оқытуда қазіргі технологияларды тиімді пайдалану тәжірибесін бөлісу. Бұл іс-шара, әсіресе, Амангелді, Жангелдин сияқты шалғай аудандардағы мұғалімдер үшін жақсы мүмкіндік болып отыр. Биыл бірінші рет ұйымдастырылды, алдағы уақытта жалғасын табатынына сенемін», – дейді «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Тоты Айтмағамбетова.

Теориялық және практикалық бөлімдерді Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Диана Жидебаева жүргізді. Мұғалімдер заманауи технологияларды оқыту процесін қалай енгізуге болатынын тәжірибе алмасу арқылы білді.

«Жангелдин ауданындағы Тілдерді оқыту орталығында жұмыс істеймін. Бүгінгі семинарда әдістер мен технолгиялардың жаңа түрлерін меңгердім. Болашақта өз тәжірибемде қолданатын боламын. Мұндай іс-шаралардың өтуі мен сияқты жас мамандар үшін өте маңызды, сондықтан жиі өтіп тұрса деген тілек бар», – дейді семинарға қатысушы Айым Тәпен.

Облыстық семинар мұғалімдердің кәсіби дамуына жаңа серпін беріп, ағылшын тілін оқытудың сапасын арттыруға бағытталған маңызды іс-шара болды. Семинар соңында сертификат табысталды.
БОТА МАНЕТ
