Өнерге адалдық – өмірлік мұрат

Өнерге адалдық – өмірлік мұрат

Қазақ өнерінің кең тынысын тек қалалардағы кәсіби театрлармен ғана өлшеу қисынсыз. Нағыз мәдениеттің қайнар көзі ауылда. Соның ішінде өңірлердегі халық театрларын бөлектеп айтқымыз келеді. Сол ауыл сахналары, қарапайым көрерменнің ортасында қайнап жатқан шығармашылық орта талай дарынды түлетіп, ұлттық мәдениеттің күретамырына қан жүгіртті. Мысалы, Амангелді аудандық халық театрын сондай құбылысқа теңер едік…

1960 жылы негізі қаланған бұл театрдың бастауы – «қызыл үйдегі» өнерлі жастардың шағын драмалық үйірмесі. Бірақ сол шағын үйірменің ішінде үлкен өнердің ұшқыны бар еді. Театрдың іргетасын қалаған Ділдәбек Қорғанбеков, Алтын Абылова, Кәки Ақанов, Мейрамхан Қапышев, Қазыбек Әбенов, Ғалымжан Ержанов сынды тұлғалар аудан сахнасын жай ермек емес, рухани миссия деп түсінді. Соның нәтижесінде, небәрі бес жылдан кейін, 1965 жылы ұжым Алматыға барып, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасымен халықтық театр атағын қорғауы өңірдегі өнердің әлеуетін дәлелдеген тарихи сәт болғаны анық.

Кейінгі жылдары театр бірнеше мәрте осы атағын абыроймен қорғап, Жезқазған, Павлодар, Қарағанды, Алматы қалаларына гастрольдік сапарлармен барып, көрермен ықыласына бөленді. Қазақ театр өнерінің тарланы Асқар Тоқпанов та кезінде жоғары баға берген екен. Осындай биік белестерге жету жолында театрдың алғашқы режиссері Мейрамхан Қапышұлының еңбегі айрықша. Ол Торғай өңірінде 1936 жылы дүниеге келіпті. Оның өнер саласында жүріп ашылған қайраткерлік қыры атадан дарыған дейді көзкөргендер. Әкесі Қапыш туралы қаламгер, ғалым Әбілфайыз Ыдырысов «көпке жаққан кісі» деп жазыпты бір естелігінде: «Өте тілді әрі білгір адам еді. Біздің елдің көшін бастаған асыл азамат болды. Әттең, 1937 жылы ол халық жауы атанып, атылып кетті. Ол кезде Мейрамхан бесікте жатқан сәби еді».

Әкеден жетім қалған Мейрамханды анасы Шолпан төбесінен құс ұшырмай өсіріпті. Өнерге құштар жігіт 1950 жылдары Алматыдағы қазақ педагогика институтына түседі. Әгілі өнер иесі Бәйділдә Қалтаевтан дәріс алады. Бірақ жастай дендеген аурудың кесірінен оқуын тастауға, туған жеріне оралуға мәжбүр болыпты. Өнерге іңкәрлік деген қойсын ба, өзі бастамашы болып, Амангелді ауданында театр құрады.

Алпысыншы жылдары ауданда автоклуб жүргізушісі болған Балтабай Уахитов: «Ол кезде үлкен мәдениет үйі жоқ. Электр жарығы да тапшы. Бірақ әр мекемеден, мектептен жиналған өнерлі жастар Мейрамханның бастауымен спектакль қоятынбыз. Бәріміз де бір үйдің баласындай тату-тәтті, өнерлі де өршіл едік», – деп жазыпты естелігінде.

Ол кезең шынымен қиын еді. Сахнаға керек-жарақты былай қойғанда, қарапайым тұрмыстың өзі оңалып кетпеген. Дегенмен өнерге шын берілген адамды ештеңе тоқтата алмапты. Қиындықтың бәрін еңсере білді.

Мейрамхан Қапышев жай ғана режиссер болмаған, тұтас бір мәдени орта қалыптастырған тұлға. Оның өнерге деген көзқарасы аудан сахнасын үлкен мектепке айналдырды. Ол актерді тек рөл орындаушы ретінде емес, ойлы тұлға, сахна мәдениетін бойына сіңірген азамат ретінде тәрбиелеген. Оның қасында бірге шыңдалған әріптестері, алдынан өткен шәкірттері де осал болған жоқ. Сол Батпаққара өңіріндегі өнер ошағынан Қазақстанның халық әртісі атанған Әнуар Боранбаев, Қостанай облыстық қазақ драма театрының актрисасы Шара Мүсілова, сахна ардагері Жұлдызай Жұмағұлова сынды өнер иелері шықты.

Тұлғаның тағы бір ерекшелігі – дарынды өзі іздеп табатыны. Мәселен, Алматы облысы Ұйғыр ауданынан Амангелдіге баспа қызметіне келген Қантай Мақажанованың бойындағы актерлік қабілетті алғаш байқап, оны сахнаға жетелеген де осы Мейрамхан Қапышев еді. Кейін Қантай Мақажанова сол театрдың режиссері болып, ұстазының жолын жалғастыруы – нағыз шығармашылық сабақтастықтың көрінісі.

Режиссердің өнердегі болмысы туралы замандастары да ерекше пікір айтқан. Ақын, жазушы Хамитбек Мұсабаевтың оны «Торғайдың Шанині» деп атауы бекер емес. Бұл теңеу оның режиссерлік қуатын, мәдениетті терең түсінетін, сахна заңдылықтарын нәзік сезінетін тұлға екенін аңғартады. Ол үшін театр – «қойылым қоятын мәдени ошақ» деген ұғымнан ауқымды, ұлттың рухын тірілтетін қасиетті кеңістік еді.

Оның Ғабит Мүсіреповпен тікелей байланыста болуы да шығармашылық көкжиегінің кеңдігін көрсетеді. Үлкен әдебиет пен ауыл сахнасының арасын жалғап, ұлттық драматургияны қарапайым халыққа жеткізе білу – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Ал Мейрамхан Қапышев осы міндетті абыроймен атқарды.

Амангелді халық театрының 60 жылдан артық тарихы бір ғана ұжымның емес, тұтас бір өңірдің рухани шежіресіне айналғандай. Сол шежіренің алтын өзегі – Мейрамхан Қапышев. Ол өнерді өмірінің мәніне айналдырып, мәдениеттің қадірін түсінген, оны өзгеге де ұқтыра білген сирек тұлғалардың бірі.

Ол туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асқар Наймантаев былай деп еске алыпты: 

«Мейрамхан ағамыз Ғабит Мүсіреповпен тікелей қарым-қатынаста болған адам. «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінде Ақтоқты рөлін сомдаған актриса Алтын Абылова сол жылдары «Қазақстан әйелдері» журналының мұқабасына суреті шығып, әскерде жүрген жігіт сол сурет бойынша іздеп, тауып, отау құрған. Мейрамхан ағамыздың тәрбиесін көріп, үлкен өнерге жолдама алып шыққан шәкірті кейіннен Қазақстан Республикасының халық артисі Әнуар Боранбаев екенін Торғай елі жақсы біледі. Мейрамхан Қапышев талантты өзі іздеп, жетектеп театрға әкеліп, өнерге баулиды. Алматы облысы Ұйғыр ауданының қызы Қантай Мақажанова Аманкелді ауданына баспа қызметкері болып жолдамамен барып, Мейрамхан ағамыздың көзіне түскен соң, театр актрисасы болады. Кейіннен Мейрамхан ағамыздың ісін жалғап, сол театрдың ұзақ жылдар режиссері болған».

Бүгінде өңірлік театрлар жайлы сөз қозғалғанда, олардың тағдыры көбіне қаржылық немесе ұйымдастырушылық мәселелермен байланыстырылып жатады. Ал шын мәнінде, олардың өміршеңдігі – осындай жанкешті адамдардың еңбегінде. Мейрамхан Қапышев секілді мәдениет жанашырлары барда, қазақтың сахна өнері ешқашан тоқырауға ұшырамайды.

Сондықтан Мейрамхан Қапышевті тек бір аудан театрының режиссері ретінде емес, ұлттық мәдениеттің шынайы білгірі, халық өнерінің шырақшысы ретінде бағалау – тарихи әділдік.

 

Майталман туралы естеліктер

 

Альберт МҮРСӘЛІМОВ, еңбек ардагері:

«Алғаш бастағанда қойған спектаклі – Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасы. Осы қойылымды сахналамас бұрын ол Алматыда автормен кездесіп, ақылдасқан екен. Ауылдағы театрдың мүмкіндіктерін айта отырып, кеңес сұрайды. Сөйтіп, кейбір тұстарына өзгеріс енгізген. Осы спектакльмен облыстық байқауға қатысып, жеңімпаз атанады. Содан кейін Алматыда өтетін республикалық халық театрлары байқауына жіберілген. Ол жақта «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымымен жүлделі орынға ілігеді. Спектакльді қоюға жерлесіміз Серке Қожамқұлов көмектеседі. Өте тамаша өнер көрсеткенін айтады куә болғандар. Бұл кісілер бір жылда бірнеше спектакль қоятын».

 

Айсұлу ҚОРҒАНБЕКОВА, халық театрының мүшесі:

«Ақжарқын, сегіз қырлы, бір сырлы, «азамат болса, осындай болсын» дейтіндей, керемет жан еді. Ол дос десе, біреуге жақсылық жасау керек болса, ішкен асын жерге қоятын. Өнерге деген сүйіспеншілігі шексіз болды. Кітапты көп оқитын. Білгір еді. Жас кезімізде аудандағы жастардың басын қосып, пьесалар қойды. Тума талант екенін еңбегімен дәлелдеп, республикалық байқауларда жеңіске жетіп, ұжымымыз «халық театры» атағын алды.

 

Ләззат ҚАПЫШЕВА, қызы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері:

«Балалық шағым Алматыдан келетін небір өнер жұлдыздарының арасында өтті. Есімді білгелі сырттан ағылған әртістер біздің үйге түсетін. Ол кезде Амангелдіде қонақ үй жоқ. Бибігүл Төлегенова, Үрия Тұрдықұлова сияқты апаларымыз үйге келгенде көйлектерін жайып қояды, соны сипалап, армандап жүретінмін. Сол кісілердің қолынан алма жеп өстім…

Әкеміз дала сахнасын халықтық сахнаға дейін жеткізген адам. Тойтөбеде бортты машиналардың үстіне сахна құрып, спектакль қойғанын талай көрдік. Сол кездер бір мәре-сәре, қуанышты кездер болатын. Әкемнің айтуымен мен де сахнаға шығып, Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын», Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңдерін оқитынмын. Әкем мені мәнерлеп көркем сөз оқуға көп тәрбиеледі.

Ол кісі театрдан бұрын сөз өнерін, журналист болуды қалаған екен. Мені қанша жерге басшылыққа шақырғанда әкем марқұм: «басшы болуға қызықпа, журналистиканы тастама» деп ақыл айтқан еді. Қазір қарап отырсам, қырық жыл бойы осы салада жұмыс істеп келе жатыр екенмін. Маған сондай тәрбие беріп, кәсіпке адал болуды үйреткен әкеме ризамын».

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ