Ұлт рухы мен тәуелсіздік тағылымы

Ұлт рухы мен тәуелсіздік тағылымы

Облыстық Қоғамдық даму басқармасы «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру мен нығайту бойынша кешенді іс-шараларды ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоба аясында Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі жалпыұлттық құндылықтарына арналған 6 ашық дәріс өткізу жоспарланған.

Бұл дәрістердің басты мақсаты – қоғамда азаматтық жауапкершілікті арттыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастыру.

Осы дәрістер циклінің алғашқысы «Тәуелсіздік идеясы: патриоттық сезім мен сана» тақырыбында өтті. Іс-шараның мазмұны тәуелсіздік ұғымының терең мәнін ашуға, елге деген сүйіспеншілікті арттыруға және жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталды. Дәріске спикер ретінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов арнайы шақырылды.

Бір күннің өзінде бірнеше кездесу ұйымдастырылып, оның алғашқысы №31 жалпы білім беретін мектепте және «Студенттер сарайында» өтті. Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдерімен де мазмұнды басқосу ұйымдастырылды. Кездесулер барысында патриоттық сананы қалыптастырудың негізгі бағыттары, тіл мен мәдениеттің тәуелсіздікті нығайтудағы орны, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың өзекті басымдықтары жан-жақты талқыланды.

Спикердің мектептегі дәрісі бір жарым сағатқа созылып, жиналған ұстаздар қауымы үшін мазмұнды әрі тағылымға толы болды. Ербол Тілешов тарихи кезеңдерге кеңінен тоқталып, ұлттық рухтың қалыптасу жолдарын терең талдап берді. Әсіресе, Алаш зиялыларының еңбектеріне ерекше назар аударылды. Ол Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт тұлғаларының туған жерінде олардың еңбегін атап өтудің маңыздылығын ерекше жеткізді.

 «Ахмет Байтұрсынұлын тек қана ағартушы деген аздық етеді. Ахмет – реформатор. Ол ағартушылықтан үлкен нәрсе. Ағартушылық Ахметтің бір ғана сипаты. Ол ғылым тілін, бір өзі тіл білімін, әдебиеттануды, әдістеме ғылымдарын қалыптастырды. Әлемді 7018 тіл болса, соның жартысында жазу жоқ. Ал бүкіл тарихта әлпби істеген 20-ақ адам бар. Соның біреуі – Ахаң. Сондықтан, Ахметті біз қазақ халқын ренессанстық деңгейге жеткізген тұлға деп қарауымыз керек», – дейді Ербол Тілешов.

Сонымен қатар, спикер Ахмет Байтұрсынұлының қысқа уақыт ішінде атқарған орасан еңбегіне тоқталып, оның ғылыми мұрасы әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті.

 «Бір Ахаң 1912 жылдан бастап, 1927 жылға дейін, яғни 15 жылдың ішінде орыстың 70 ғалымы 180 жылда жасаған дүниені жасады. Оны орыс ғалымдары мойындады. Ол сондай бір адам, кейде Ахаң осы адам ба, адам емес пе деп те ойлаймын. Шынымен де солай. Қанша оқып, біліп тұрсаң да, бір адамның соншама істегеніне таңғаласың. Алты рет абақтыға түсіп, өзінің халқы жартылай түсінбей жүрген, орыс жағадан, халқы етектен тартып жүрген адамға соншама білім берген, соншама жігер берген, соншама ақыл берген. Біз Ахметті бағалай алмай жүрміз», – деп тоқталды.

Дәріс барысында тарихи тұлғалардың ұлт санасын қалыптастырудағы рөлі кеңінен сөз болды. Спикер олардың шығармашылығы мен идеялары бүгінгі күнмен сабақтас екенін атап өтті.

«Бәрін түсіне алам. Абайдың да неге Абай болғанын, Мағжанның неге Мағжан екенін түсіне алам. Міржақып, Махамбетті де түсіндіре алам. Бірақ, Ахметке келгенде оған менің білімім жетпейді. Бірде Ахаңның 150 жылдығында Парижге бардық. 110 мемлекеттен адамдар қатысты. Еңбектерін ағылшын, түрік, орыс тіліне аударып тараттық. Соңында бір қара нәсілді жігіт келіп, «мен сіздердің баяндамаларыңызды оқымадым, оның еңбектерін оқыдым. Шынымен данышпен адам екен» деп ризашылығын білдірді. Ахаң – феномен», – дейді ол.

Ербол Тілешов өз сөзінде бүгінгі буынның білім деңгейі өткен ұрпақтан кем еместігін айта отырып, негізгі мәселе ұлттық қайрат пен намыста екенін жеткізді.

 «Біз бала тәрбиесінде алдымен ақылын, сабағын тәрбиелеп кеттік. Бірақ бірінші баланың сезімін тәрбиелеу қажет. Сезім деген ол талғам. Абай да айтқан мұны. Ол таным теориясын бастаған адам. Интуциясын тауып, балалардың жүрегінің шамшырағын жаға біліңіздер. Кішкентайынан бастап үйінде осы сезім бойында қалыптасса патриот болады. Балаларға түсіндіргенде осындай дүниелерді қызықты етіп, түсіндіре белген жөн», – деп ойын жеткізді.

Жалпы, бұл дәріс тыңдаушыларға терең ой салып, ұлттық құндылықтарды қайта зерделеуге мүмкіндік берді. Осындай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамда патриоттық сана мен рухани жаңғыруға серпін береді деп күтілуде.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА