Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Арқалық қаласындағы орталық «Демалыс» саябағында 100 түп ағаш көшеттері отырғызылды.
Оған қалаға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Құмар Ақсақалов және облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар қатысты.
Қаланың жаңарған тыныс-тіршілігімен бірге қоршаған ортасы да жаңғырып келеді.
«Демалыс саябағы» бүгінде көпшіліктің бос уақытын тиімді өткізуге аса қолайлы сүйікті демалыс орнына айналған. Көңілді сауық кештері, сергітпелік іс – шаралар да көптеп ұйымдастырылады. Қысқасы, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін қолы қалт етсе осы жерге келуге асығып тұрады.
Мәдени демалыспен қатар халықтың денсаулықтарын шыңдап, спортпен шұғылдануына да қолайлы жағдай туғызылған. Түрлі спорттық алаңдар орнатылған. Күштік көше тренажерлары бар. Саябақты абаттандыру жұмыстары да ұдайы назарда ұсталған.

Жыл сайын ағаш көшеттерімен толығып, гүлзарларға бөленеді.
Ақылбек Шаяхмет,
Ақын-жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері:
«Мен Арқалыққа бірнеше мәрте келгенмін. Облыстық мәдениет басқармасын басқарып жүргенімде театрды, кейін облыстық оқу бөлімінде қызмет жасап жүргенімде келіп мектептерін, бұрынғы институтты көрдім. Қазір өзгеріс өте көп екен. Бұрынғы ескі үйлер жаңартылған. Ертең мына әуежайдан бастап ұшақтар қонатын болса, ара-қашықтықты 500 шақырымға дейін қысқартатын күре жолдар салынатын болса, одан сайын ел тұрмысы жақсара түседі. Мәдениет сарайлары, спорт кешендері, жаңартылған көшелер, гүлзарлар осының бәрі көңілге қуаныш ұялатады. Арқалық — бұрын жүдеп қалған қала болса, қазір сол сырқатынан айығып келе жатқан сияқты. Халықтың, әсіресе «жайлы мектеп» деп аталған сайлы мектеп «Келешек» мектебінің ішіндегі құрал-жабдықтары көз сүйсіндіреді. Оқушылардың, ұстаздардың көңілдері көтеріңкі. Сондықтан, біздің облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, қала әкімі Әмірхан Асановтың және жалпы халықтың істеп жатқан ісіне көңіліміздің толады. Наурызымыз табалдырғымыздан аттап, жаңа «Жылқы жылы» басталып жатыр. Жылқы — жығылғанға жалын төсейтін қасиетті жануар. Жаңа жылымыз халыққа құт – береке әкелсін!».
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
