Арқалықтағы «Жігер» стадионы жөнделеді

Арқалықтағы «Жігер» стадионы жөнделеді

Биыл Арқалық қаласында облыстық спартакиаданың өтетіні белгілі. Осыған орай, қаланың басты спорт нысандарының бірі орталық «Жігер» стадионына жөндеу жүргізу жоспарланған.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қалаға жұмыс сапарында осы нысанға арнайы ат басын бұрып, қолға алынғалы жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен танысты.

«Жігер» стадионын ХХХІХ-шы аймақтық спартакиадаға дайындау қам-қарекеті ерте бастан қолға алынған. Бұл жөнінде қала әкімінің орынбасары Абзал Тасшимов әңгімелеп берді.

Стадионды ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 207 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражат – стадионның жасанды шөп пен тартан беттерін ауыстыру, көрермендер трибуналарын, сыртқы қоршауларын, жер төсемдерін жөндеуге жұмсалатын болады.

«Жуырда конкурстық сауда өткізілді. Құрылыс жеңімпазы болып «Құлсары жастары» ҮЕҰ (Алматы) анықталды», – дейді Абзал Қамбарұлы.

Құмар Іргебайұлы белгіленген жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды.

blank blank blank blank blank

Облыс басшысының қалаға кезекті сапарына облыстық басқарма басшыларымен бірге мәслихат депутаттары, еңбек ерлері, ақын – жазушылар және белсенді жастардың болғанын тағы бір мәрте еске сала кетейік.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                          Арқалық қаласы