Қостанайлық «Зарянка» би тобы халықаралық сахнада топ жарды

Қостанайлық «Зарянка» би тобы халықаралық сахнада топ жарды

Қостанай қаласының «Зарянка» би ұжымы Ташкент қаласында өткен халықаралық көпсалалы байқауда жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ел мерейін үстем етті.

Өнер додасында Қазақстан атынан қатысқан жалғыз ұжым болғанымен, олар өздерінің кәсіби шеберлігі мен сахна мәдениетін лайықты деңгейде көрсетіп, көрермен мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша ұжымның жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Үлкен жас ерекшелігі санатында «Зарянка» барлық ұсынылған композицияларымен Бас жүлдені жеңіп алды. Ал орта жас ерекшелігі бойынша бір Гран-при және екі бірінші орынға ие болды. Ұжымның жан-жақты дайындығы мен шығармашылық әлеуетінің арқасында осындай жетістікке жетті.

Халықаралық деңгейдегі мұндай байқауларда топ жару – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететіні белгілі. Қостанайлық жас бишілер сыннан сүрінбей өтіп, Қазақстанның атын абыроймен таныта білді. Олардың әрбір қимылы, сахнадағы әрбір образы ұлттық рух пен заманауи хореографияның үйлесімін көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Айтолқын Айқадамова