Қостанай жастары наурыз мерекесін ұлықтады

Қостанай жастары наурыз мерекесін ұлықтады

Н.Островский атындағы орталық қалалық кітапханасы жанынан құрылған «Зейін» оқырмандар клубының мүшелері Науырыз мерекесіне арнайы іс-шара ұйымдастырды.

Кеш Құрманғазының әйгілі «Адай» күйімен ашылып, сахналық көрініс көрсетілді. Қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі кеңінен насихатталды.

blank

«Клуб мүшелері жалынды жастардан құралған деуге болады. Қандай да бір бастама көтерілсе, бірден қолдап, іске кірісіп кетеді. Наурыз – күн мен түн теңеліп, елдің көктеммен қауышатын ерекше кезеңі.  Сахналық қойылым ұйымдастырып, ән мен күйден шашу шаштық. Ортамызда облысқа танымал мобилограф әрі күйші Берік Тоқтамұрат, сондай-ақ әншілер Дастан Бараков пен Әмина Шакуова өнер көрсетті. Сонымен қатар ақын Жасұлан Тілеубай бауырымыз бар», – дейді «Зейін» клубының жетекшісі Ерназар Есенгелді.

Сондай-ақ, жастар ұлттық әндерді орындап, күй тартылып, би биледі. Сонымен қатар көрермендер арасында қол күрес секілді ұлттық ойын ұйымдастырылып, кештің көрігін қыздырды. Ұйымдастырушылар Рамазан айымен тұспа-тұс келген бұл екі рухани құндылықтың тоғысуын жақсылықтың нышаны деп атап өтті. «Jaqsylyqta jarysaiq» оқырмандар клбуының мүшелері де қонақ ретінде келді. Аталған клубтың мүшесі Ерболат Хажумханның айтуынша, қазақ тілді клубтардың дос-бауырдай араласқаны ләзім.

«Оқырмандардың санының артқаны көңілге қуаныш. Біз әрине бөлінбейміз. Керісінше, бір-бірімізді қуаттап отырамыз деуге болады. Себебі кітап пен оқырман арасындағы байланыс әрқашан берік болғаны жөн. Міне, бүгін осында келіп, жаңа адамдармен танысып жатырмыз. Ұйымдастырған іс-шаралар әдемі. Ұнады», – дейді Ерболат Хажумхан.

blank blank blank blank blank blank

Осылайша, «Зейін» оқырмандар клубының жастары ұйымдастырған наурызнаманың бастауы тек ойын-сауық емес, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап, ұрпақ сабақтастығын дәріптеген тағылымды іс-шараға айналды. Қостанайлық жастардың мұндай бастамалары өңірдегі рухани өмірдің жанданып, ұлттық құндылықтардың жаңғырып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,
ҚӨУ студенті,
Суреттерді түсірген – Берік ТОҚТАМҰРАТ