Түркітілдес журналистер қоры EuroTürk қоғамдық қорымен тығыз байланыс орнатып, халықаралық медиа ынтымақтастығын дамыту бағытында бірқатар кездесу өткізіп келеді.
Түркітілдес журналистер қорының бастамасымен Германияның Аахен қаласындағы EuroTürk қоғамдық қорымен бірге қазақстандық журналистерге арналған «MediaFuture: new standards and technologies in European journalism-2026» атты шеберлік сабағы өтті.
Жиынға еліміздің Алматы, Талдықорған, Түркістан, Петропавл қалаларынан БАҚ өкілдерімен қатар, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы да қатысты.
Шеберлік сабағы Түркітілдес журналистер қорының Қазақ журналистерге арналған жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. БАҚ өкілдері Бельгия, Франция, Германия, Нидерланд, Люксембург елдеріне сапарлап, еуропалық тілшілермен тәжірибе алмасып, жергілікті әкімдермен жүздесуде. Сондай-ақ тарихи мекендерге экскурсия жасап, баспасөз турына қатысады.
Қордың президенті Нәзия Жоямергенқызының айтуынша, жоба биыл шілде айында тағы да ұйымдастырылмақ.

«Түркітілдес журналистер қоры 2026 жылы журналистерге арнап Түркия (мамыр) мен Еуропада (шілде) VII және VIII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумын өткізеді. Сапар барысында Еуропадағы БАҚ-басшыларымен танысу, редакциялар, елшіліктер, консулдықтарда кездесулер, тарихи және көрнекі жерлеріне экскурсия болады. Еуропа сапарына БАҚ басшылары, журналистер, медиа саласындағы үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен өкілдері, баспасөз хатшылары, PR-менеджерлер, фрилансерлер, журналистика факультетінің декандары, мұғалімдері мен студенттері қатыса алады», – деп хабарлады Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы.

