Бүгін Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйі Халықаралық әйелдер күніне орай қыз-келіншектерді мерекемен құттықтауға арналған жиын өтті.
Мәдениет сарайы Қостанай ауданының жүздеген аруы бас қосқан шаттық пен жылылықтың ордасына айналды. Залда ине шаншар орын болмады. Көрермен залында көктем шуағы мен жүрек жылуы ұялаған ерекше атмосфера орнады. 

Салтанатты жиынды ашқан Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев жиналған жұртты көктемнің көркем мерекесімен құттықтап, әйелдер қауымына ізгі лебізін жолдады. Одан кейін марапаттау рәсіміне кезек ұсынылды. Қостанай облысы әкімінің грамоталары еңбегі елеулі, ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар әйел азаматқа табысталды. 


Олардың қатарында мына мамандар бар:
– Айнагүл Әлімғазина – аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы. Оның кәсіби біліктілігі мен адамдарға деген ілтипаты зор құрметке лайық.
– Жұмагүл Ерғасымова – «ARNA news» аудандық газетінің бас редакторы. Оның ширек ғасыр бойғы еңбегі тұрғындарды ақпараттандырып қана қоймай, қоғамды біріктіруге де қызмет етіп келеді. Айта кетейік, биыл басылым 85 жылдық мерейтойын атап өтуде.
– Елена Шакирова – «Шакира» жиһаз үйінің директоры. Оның кәсіпкерлігі өңірдегі табысты әрі жауапты бизнес жүргізудің жарқын үлгісіне айналды.
Сондай-ақ аудан әкімінің грамотасымен және Алғыс хатымен әр салада табысты қызмет етіп жүрген отызға жуық қыз-келіншек марапатталды.


Ресми бөлімнен кейін көрермендер үшін көз тартып, көңіл баурайтын музыкалық-хореографиялық думан басталды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арыстан Құрманов қонақтарға жүрекке жылы тиер әндерін тарту етті. Облыстың би ұжымдары мен Қостанай ауданының өнерпаздары әсем билері мен әсерлі әндерімены залды қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күйге бөледі. 

Әсіресе, әрбір әйелге махаббат пен құрметтің, ризашылықтың белгісі ретінде раушан гүлінің табысталуы ерекше әсерлі сәттердің бірі болды.



Кештің асыға күттірген керемет сәті – эстрада жұлдызы, танымал әншісі Әли Оқаповтың өнер көрсетуі. Оның концерті түрлі буын өкілдерін бір толқынға біріктірді: жастар таныс әуендерге қосыла ән салса, аналар туралы әуезді әндер көпшіліктің, әсіресе аға буынның көңілін толқытып, көзіне жас үйірді.
Әли Оқапов барлық әйел қауымын мерекемен шын жүректен құттықтап, оларға таусылмас қуаныш пен шабыт тіледі. Қалың көрермен сүйікті әншісіне тоқтаусыз қошемет көрсетті.






Мерекенің қорытындысында аудан әкімі Олжас Нұрғалиев Әли Оқаповқа жарқын өнер көрсеткені үшін алғыс айтып, оның анасы – Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваға ыстық сәлемі мен құттықтауын жолдады. Көрермендер шынайы эмоция мен көктемгі көңіл күйге толы әсерлі кештің ықпалымен залдан көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Жанайым Балғынбекқызы
Суреттерді түсірген – Рабиға Атуллина
