Арқалық – Жарқайың бағытындағы тас жолды қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Бүгінге дейін белгіленген учаскенің он шақырымға жуығы жөнделді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалының тапсырысымен «Қарағанды жолдары» ЖШС іске кіріскен.
Жобаға жалпы сомасы 2,4 млрд теңге жұмсалмақ. Осы сомаға Жезқазған – Петропавл тас жолының 339-377 км, яғни ұзындығы 38 км (Арқалық қаласынан Ақмола облысына дейін) учаскесінде қайта өңдеу және жаңа асфальт төсеу арқылы орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіледі.
Мердігерлер нысан бойынша Державин қаласында асфальт-бетон және қиыршық тас өндіретін зауыттарын іске қосып, жолға қажетті құрылыс материалдарын толық дайындап алған.
Жол жөндеу жұмыстары толасыз жүргізілуде. Нысан жұмысын аяқтау мерзімі – осы жылдың 1 шілдесіне дейін.
«Жұмыс қызып жатыр. Техника, адам күші жеткілікті. Сонымен қатар, Арқалықтан Ұлытауға қарай шығатын жолдың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатырмыз. Жол бойындағы барлық суағар құбырларды күрделі жөндеуден өткізуіміз керек. Өйткені, бұл құбырлардың әбден тозығы жеткен. Осылайша, бұл бағыттағы жолдарға да көп ұзатпай асфальт салатын боламыз», – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалы директорының орынбасары Айдар Хасанов.
Жөндеу жұмыстарының іске асырылу барысын жақында облыс әкімі Құмар Ақсақалов та оңтүстік өңірлерге жұмыс сапарында арнайы барып көріп қайтқан еді.
Жарқайың мен Арқалық арасындағы тозығы жеткен жол транспорт тізгініндегі адамды да, жолаушыны да титықтатып жіберетін. Ойдым-ойдым шоқалаққа шыдамай, көлігі бұзылып, жолда қалатындар қаншама. Қуанышты жаңалықты қазір көпшілік әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр.
Жалпы, Арқалық қаласын маңындағы елді мекендермен байланыстыратын жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы 279,6 шақырымға жетеді. Оның ішінде жақсы жағдайда тұрғаны – 38,6% (нашар жағдайда – 171,8 км немесе 61,4 %). Биыл 303 млн теңгеге ұзындығы 4 км болатын 2 жоба іске асырылуда. Сөйтіп, Арқалық-Ашутасты-Шилі бағытындағы және Үштөбе ауылына кіреберіс жол дұрысталады.
Қала әкімі Әмірхан Асанов атап өткендей, алдағы екі жылда ұзындығы 155 км жолдарды жөндеуге шамамен 4 млрд теңге қаражат қажет. Егер осы жоспар толығымен жүзеге асса жолдардың қанағаттанарлық жай-күйдегі үлесі – 95%-дан асады (266,8 км).
Алда қалаішілік жолдарды да қалыпқа келтіру керек. Западный кентінде 12 көше, Дорожник, Трофимов көшелері де кезегін күтіп тұр. Ал қалағы қарайтын ауылдардың ішкі жолдарын реттеуге 1 млрд 168 млн теңге қаржы қаралып отыр. Оған жалпы ұзындығы 24 шақырымнан көшелерге орташа жөндеу жүргізіледі.
Мұрат Жүнісұлы