Алма Барсақбаева – «Қостанай таңы» газетінің көп жылдан бергі тұрақты оқырманы. Науырзым ауданының тұрғыны отыз жылдан астам уақыт бойы балаларға әліппе оқытып, сан мыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаз. Ұстаздықты өмірлік мұрат еткен жан үшін газет – тек ақпарат көзі ғана емес, рухани серік, қоғаммен байланыс орнататын алтын көпір.
– «Қостанай таңы» – менің жастық шағымнан бергі серігім. Газеттен өңірдің тынысын, елдің жаңалығын біліп отырамын. Осындай ұтыс ойынына қатысып, сыйлық ұтып аламын деп мүлде ойламаппын. Бұл – біз сияқты қарапайым оқырманға деген үлкен құрмет, – дейді Алма апай өз әсерімен бөлісіп.
Ұстаз үшін ең үлкен мақтаныш – шәкірттері мен баласының өз жолын табуы. Алма Барсақбаеваның ұлы Мәди де анасының жолын қуып, ұстаздықты таңдаған. Ол анасының еңбегі мен абыройын әрдайым мақтан тұтатынын айтады.
– Анамның осындай сыйлық ұтып алғанына қатты қуандым. Бұл – оның көп жылғы еңбегіне, адал оқырмандығына берілген бір сый секілді. Электронды шәйнекті алып кету де мен үшін қуанышты сәт болды, – дейді Мәди.
Айта кетейік, «Қостанай таңы» газетінің ұтыс ойынына демеушілік көрсеткен – «Аллюр» компаниясы мен Еуразия банкінің Қостанайдағы филиалы. Мұндай игі бастамалар оқырман мен басылым арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсетіні анық.
Газеттің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы ұтыс ойыны алдағы уақытта да жалғасатынын айтып, белсенді оқырмандарға шынайы алғысын білдірді.
– Біз үшін әр оқырман қымбат. Осындай акциялар арқылы газетті үзбей оқып келе жатқан жандарға ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Алда да талай ұтыс ойыны ұйымдастырылады, – деді бас редақтор.
«Қостанай таңы» – оқырманымен бірге жасап, бірге қуанып келе жатқан басылым. Алма Барсақбаева сынды адал оқырмандар барда, газеттің ғұмыры да ұзақ болары сөзсіз.
