ҚХА мен Ұлттық құрылтай өз миссиясын аяқтады. Бұл туралы Президент Ұлттық құрылтайда мәлім етті.
Бұдан былай Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнын жаңа орган – Қазақстанның Халық кеңесі басады.
«Жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынамын. Бұл органның қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай функцияларының стратегиялық сабақтастығын – Қазақстан республикасының Қазақ мемлекеттілігі мен тәуелсіздігін дәйекті нығайтуды сақтау өте маңызды деп санаймын. Сонымен қатар Халық Кеңесі өз мәні бойынша басқа елдердің консультативтік құрылымдарының тәжірибесін сіңірген жаңа мемлекеттік орган болады. Онда барлық этнос, халық топтары мен аймақтар өкілдік алады. Қазақстанның Халық Кеңесі еліміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады», – деді Президент.
Оның айтуынша, Кеңес құрамына 126 адам кіргізу ұсынылады: 42 – этномәдени бірлестіктерден, 42 – ірі қоғамдық бірлестіктерден, 42 – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден. Халық Кеңесінің барлық мүшелерін Президент тағайындайды, ал төрағаны оның мүшелері сайлайды. Халық Кеңесі Төрағасының қоғамдық негізде ротациялық негізде тағайындалған екі орынбасары, сондай-ақ хатшылықтың басшысы болады.
«Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық Кеңесінің жоғары органы болады. Кеңеске ҚХА-ның этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері жөніндегі базалық функциясы беріледі. Сонымен қатар жаңа орган ішкі саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге де назар аударады, мемлекеттік идеологияға, сондай-ақ Конституцияның ережелеріне және мемлекетіміздің басқа да маңызды құжаттарына қатысты мәселелерді ілгерілетумен және түсіндірумен айналысады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу функциясы Кеңестің қарауына өтеді. Халық Кеңесінің мәртебесі мен құрылу тәртібін Конституциядағы жеке бөліммен және арнайы Конституциялық заңмен реттеу жоспарлануда«, – деп толықтырды Мемлекет басшысы.
