Қарасу аудандық ауруханасының дәрігері, талантты хирург Александр Науменконың есімі «Қазақстанның алтын кітабына» жазылды. Медицина маманы кәсіби біліктілігі мен мамандығына деген адалдығы үшін осындай жоғары құрметке ие болды.
Дәрігердің бұл жетістігін кездейсоқ сәттілік деп айта алмаймыз. Ол дертіне дауа, жанына шипа іздеп барған жерлестеріне мүлтіксіз қызмет көрсетті. Оның ұзақ жыл оқыған-түйгені, атқарған еңбегі, жинақтаған кәсіби тәжірибесі ескеріліп, лайықты құрмет көрсетіліп отыр. Қарасу ауданының әкімі Қайрат Оспанов жуырда алтын дәрігермен кездесіп, өңір тұрғындарының денсаулығын нығайтуға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті.
«Александр Науменко сияқты адамдар медицина саласының тек ғылым ғана емес, жауапты қызмет, ең жоғары құндылық екенін айқындай түседі. Оның жанқиярлық еңбегі, мамандығына берілгендігі, жерлестеріміздің денсаулығын сақтауға қосып жатқан баға жетпес үлесі үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Аталған еңбегі еленіп, құрметке ие болғаны қуантарлық жағдай. Оның тәжірибесі жас мамандарды шабыттандырып, қоғамның игілігіне қызмет ететініне сенімдімін», –деді аудан әкімі.
Александр Науменко аудандық ауруханада жеті жылдан бері жұмыс істейді. Қарағанды медициналық институтының түлегі кәсіби қызметке кіріскен күннен бастап жұмысына асқан жауапкершілік танытыпты. Әр пациенттің денсаулығына алаңдап, адамдарға барынша көмек беруге тырысты. Осы бағытта ізденісті тоқтатқан емес. Оқыту курстарынан өтіп, біліктілігін тұрақты шыңдап отырды. Израильге барып, біліктілігін арттырды.
Хайфа қаласындағы «Рамбам» мемлекеттік медициналық заманауи клиникасында 12 күндік оқудан өткен. Қостанай облысынан барған 20 әлеуеті зор дәрігер сол жерде оқып, емдеу ісінің инновациялық әдіс-тәсілін меңгеріп келді. Одан кейін Алматыдағы беделді оқу орны, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықта тәжірибеден өтті. Отандық және шетелдік шеберлік сабақтарынан тәлім алып, ізденіс жолында бір сәтке дамыл таппады. Оқыған білім-ілімін еңбек етіп жүрген жерінде іс жүзінде қолданып, жоғары нәтижелерге қолжеткізді. Александр Науменко эндовидеохирургия әдісімен лапароскопиялық отаны сәтті жасап, жергілікті медицина саласына жаңашыл өзгеріс енгізді.
Соны қадам Қарасу аудандық ауруханасының хирургия саласын жаңа деңгейге шығарғандай болды. Сауатты, талантты хирургтың көрегендігі қала медициналық мекемелерінің порталындағы кезек жүктемесін азайтты. Бүгінде Науменконың алтын қолымен Қарасу аудандық ауруханасында лапароскопиялық оталар өте сәтті жасалуда.
Табысты дәрігер анистезиолог және реаниматолог мамандандырылған курстарын бітіріп, аталған екі бағыт бойынша да білімін жетілдіре түсуде. Ол оқудан жалықпайды. Талмай ізденіп, медицинадағы жаңалықтарға ілесуге тырысады. Ең бастысы әр пациентке жеке-жеке көңіл бөлуден шаршамайды да. Адамдарға көмек беруге асық тұрады. Талантты хирургтың елгезектігі мен мамандығына деген адалдығы талай жанды өлімнен арашалып қалып жүр.
Қымбат ДОСЖАНОВА,
Суретті жолдаған – Марина ШАРИПОВА
Қарасу ауданы
