Бүгін Қостанай облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымының кезекті 12-сессиясы өтті. Оған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Күн тәртібіндегі басты мәселе – 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджеттін бекіту.
Сондай-ақ облыстық бюджет пен аудандық бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін бекіту жайы қаралды. Бұған қоса депутаттар Қостанай облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарын және облыстық мәслихаттың жұмыс жоспарын мақұлдады.
Сессия барысында барлық құжат бірауыздан қабылданды. Дегенмен тұрақты комиссиялардың отырыстарында депутаттар тарапынан бірқатар нақтылау сұрақтары қойылып, салалық басқармалар мен департаменттердің басшылары оларға жан-жақты әрі толық жауап берді.
Бюджеттің негізгі көрсеткіштері мен алдағы жаңа жобалар жөнінде Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілиясхан Әмірбеков баяндама жасады. Ол қай салаға қанша сома қарастырылатынын мәлімдеді. Мәселен, алдағы жылы құқық қорғау саласына айтарлықтай қомақты қаржы бөлінбек.
«Облыстық Полиция департаментін қаржыландыруға 20,6 млрд теңге бағыттау ұсынылып отыр. Аталған қаражаттың ішінде әкімшілік полиция қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға, 195 арнайы көлікті лизинг арқылы сатып алу шығынын өтеуге, азаматтардан келіп түсетін «102» арнасы бойынша хабарламаларды қабылдау, тіркеу және өңдеу үдерістерін автоматтандыруға арналған жедел басқару орталықтарын құру жобасын жалғастыруға және кеңейтуге жұмсалады. Оған қоса бейнетіркегіштер мен полиция есебінде тұрған тұлғаларды бақылауға арналған электрондық құралдарды жалға алуға, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін тіркейтін мобильді және стационарлық аппараттық-бағдарламалық кешендерді орнатуға, сондай-ақ полицияның ақпараттық жүйелерін дамыту мен қызмет көрсетуге қаржы қарастырылған», – деп ақпарат берді басқарма басшысы.
Сессия барысында депутаттар әрбір шығыс бабы бойынша жан-жақты талқылау жүргізді. Айта кету керек, алдағы үш жылға арналған бюджет әлеуметтік салаға бағытталу жөнінен басым үлеске ие болып отыр. Әсіресе спорт саласын дамытуға ерекше мән берілмек.
«Спорт саласына 34 млрд теңге бөлінеді. Бұл қазіргі көрсеткіштен екі жарым есе көп. Біз үшін жаңа спорт нысандарының бой көтеруі және жастардың бұқаралық спортпен кеңінен айналысуы аса маңызды, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Келесі жылы маңызды оқиғалардың бірі Арқалық қаласының мерейтойы болмақ. Осыған орай, мәдени іс-шаралармен қатар, жолдарды, аулаларды және спорт алаңдарын жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.
Осылайша, қолда бар қаржылық мүмкіндіктерді ескере отырып, облыстық мәслихат депутаттары өңірдің дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бюджетті бекітті.
